Кімдердің жалақысы өседі?

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1602

Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауы әлеуметтің әлеуетін көтеріп, еліміздегі еңбекақы мәселесіне тың өзгеріс, жаңа леп әкелетін мүмкіндігімен  ерекшеленді. Әсіресе, келесі жылдың қаңтар айынан бастап төмен жалақы алып отырған бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы өсіп, табысының молаятындығы жұртты елең еткізді.

Бұл туралы Елбасы: «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз», – дей келіп, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысанындағы кәсіпорында жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Осыған орай, еліміздегі бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019 – 2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керектігі де нақтыланды.
Ақордадан еліміздің түкпір-түкпіріне таралған сүйінші хабар жетісулықтарды да қуанышқа бөледі. Жолдау жарияланған сағаттан жұрт арасында еңбекақыдағы өзгеріс қызу талқыға түсе бастады. Осы туралы редакцияға хабарласып, еңбекақыдағы өзгерістердің жайын түсіндіріп беруді өтінген оқырмандар көп болды. Сондықтан біз облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Бақытгүл Әкімқызына жолығып, оқырмандар сұрағына нақты жауап беруін өтініп едік.
– Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сай біздің облысымыздағы төмен жалақы алып отырған бюджеттік сала қызметкерінің еңбекақысы орташа есеппен 35 пайызға көтеріледі. Оған республикалық бюджеттен 6,3 млрд. теңге қаржы бөлінбекші. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл аз қаражат емес. Демек, талай жерлесіміздің жалақысы өсіп, тұрмыс жағдайы жақсара түсетіні белгілі. Бұл жерде біз бір нәрсені анық білуіміз керек. Еңбекақыдағы өзгеріс пен айлық кірісі 28 мың мен 42 мың теңге аралығында төменгі жалақы алатын, бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлері қамтылады, – деді ол.
Әрине, сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы» бойынша атқарылатыны анық. Азаматтық қызметшілердің (білікті жұмысшыларды қоспағанда), мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлері лауазымдарының функциясы А, В, С, D деген төрт блоктан тұрады. Оның ішінде де бірнеше категорияға бөлінеді. Осы жолғы еңбекақыдағы өзгерісі осы қаулыда көрсетілген төрт блоктың 12 категориясы бойынша жүзеге аспақшы. Яғни, «А» блогы бойынша өзгеріс жоқ. Ал «В» блогындағы негізгі саланың 7 категориясына, «С» блогындағы әкімшілік персоналының 2 категориясына өзгеріс енгізілді.
– Сала-сала бойынша айтатын болсам, білім беру бойынша төмен жалақы алып келген, жоғары білімі болса да категориясы жоқ немесе колледж бітіріп, төмен жалақымен жұмыс істеп отырған мұғалімдердің, денсаулық сақтау саласында орта санатты және категориясы жоқ медбике, дәрігерлердің, өзге де саладағы жүргізуші, аспаз, техникалық қызметкерлердің, әкімшілік және қосалқы персоналдағы есепші, кітапханашы, методист, мемлекеттік мекемелердегі негізгі персоналға көмектесетін іс жүргізуші мұрағатшы, тағы да басқа қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі, – дейді Бақытгүл Әкімқызы.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жұмысшылардың лауазымдық айлық ақыларын есептейтін 8 разрядтың коэффициенттеріне де өзгерістер енгізіледі.
– Мысалы, 1 разрядтың коэффициенті бұрын 1,60 болса, қазір 2,41-ге, 8 разрядтың коэффициенті бұрын 2,58 болса, қазір 2,66-ға өсіп отыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
 Демек, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап облысымыздағы 41694 қызметкер 42 мың теңгеден артық еңбекақы алады. Орташа айлық мөлшері 63 мың теңгеден асады.
– Қазіргі болжам бойынша білім саласында 32 мың адамның еңбекақысы өседі. Ал денсаулық сақтау бойынша 121 адам жаңа өзгерістің игілігін көреді. Себебі, қазір денсаулық сақтау саласы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Соның ішінде облыстық бюджет есебінен еңбекақы төленетін жеті мекеме де бар. Әлеуметтік сала бойынша 1400, спортта 1700, облыстық және аудан, қалалық әкімдікте 4200 адам қамтылады, – дейді Бақытгүл Әкімқызы.
Осы тұста бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерден тыс кәсіпкерлік саласындағы жұмыскерлер де назардан тыс қалмайды. Жолдауда Елбасы ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайтынын алға тартып, ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналатындығын анықтап берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бастаманы ірі компаниялардың да қолдайтындығына сенім білдірді. Әрі бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдаудың қажетті тұстарын түсіндірді. Кәсіпкерлік саласының өкілдеріне де өз қарамағындағы төмен жалақы алып отырған қызметкерлердің еңбекақысын көтеру керектігін тапсырды. Яғни, орта және шағын бизнес бюджетке қатыссыз болғандықтан ондағы жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру мәселесін жергілікті билік пен кәсіпкерлік саласының жетекшілері бірлесе отырып облыс, аудан, ауыл шеңберінде шешеді.

 

Қажет АНДАС