"СОРБҰЛАҚ" МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 23.10.2018
Оқылды: 2554

Талдықорғанда облыстың 2016-2020 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысы талқыланды. Басқосуға облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов төрағалық етті.

Жиын барысында экологиялық мәселелерді шешу мақсатында жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі мен алдағы уақытта істелетін жұмыстар таныстырылды. Шараға көтерілген мәселелерге қатысты тұшымды жауап айта алатын аудан, қалалардан келген эколог мамандар қатысты.

Күн тәртібінде жеті мәселе қаралды. Оның бірі – «Сорбұлақ» қалдық суының кері әсерін және экологиялық қауіптілігін төмендету. Сондай-ақ, Панфилов уран кен орнының радиоактивті үйінділерін жою, Райымбек ауданындағы «Ойқарағай» қоңыр көмір ұңғымасының қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына зияндылығын түсіндіру мәселелері көтерілді. Жиында елді мекендердегі кәріз жүйелерінің апатты жағдайлары да сөз болды. Атап айтқанда, Кербұлақ ауданының Сарыөзек, Ескелді ауданының Қарабұлақ, Қапшағай қаласының Заречное ауылдарында кәріз құбырлары тозған әрі экологиялық тұрғыдан қауіпті. Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарында өздігінен ағып жатқан гидрогеологиялық ұңғымаларды консервациялау және жою, Текелі қаласындағы қалдық сақтайтын жерді рекультивациялау жұмыстары да жиынның басты тақырыбына айналды.

Жиын соңында сын-ескертепелердің орындалуы және нәтижесі қадағаланатын болып шешілді. Тиісті сала қызметкерлеріне аталған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеліп, өңірдің экологиясы басты назарда болатындығы айтылды. Себебі, табиғатты қорғау, қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан тазарту – тек аталмыш мекеменің ғана емес, барша адамзаттың ортақ міндеті. Оның бұзылмай сақталуына бұқара халықтың бәрі бірдей жауапты десіп тарқасты сала мамандары.  

Меруерт СЕРІКҚЫЗЫ

Алматы облысы