Жігер жаныған Жолдау

Уақыты: 05.11.2018
Оқылды: 1296

Елдің тұрмыс-тіршілігіне тың серпін берген ел Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауын талқылауға Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытжан ЕРТАЕВ, Зағипа БАЛИЕВА, Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ Талғар ауданына табан тіреді.

Кеңдала ауылындағы №36 мектептің акт залында аудандық мекеме, кәсіпорын, комитет, басқарма басшылары мен аудандық мәслихат депуттары, еңбек ардагерлері, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары, қала, ауыл әкімдері, бірлестік жетекшілері бас қосқан жиынды аудан әкімі Рыскелді Сәтбаев тізгіндеп, күн тәртібімен таныстырды. Сөз басында ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалынан аз-кем хабардар еткен аудан басшысы халық қалаулыларына ауданда әлі күнге үшауысымды мектептер проблемасы барын, көші-қон, демографиялық өсімге байланысты және саяжайларға халықтың көптеп қоныстануына орай алдағы 2019-2020 оқу жылдарында үшауысымды мектептер саны кемімек түгілі 7-ге дейін көбейетіндігін құлаққағыс етті. Бұған қоса, өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған Алматы –Талғар күрежолының тарлығы да халыққа ауыр тиіп отырғандығын айта келіп, төрт жолақты жол жасауға мүмкіндік барын, тек осы жобаға қолдау қажеттігіне айрықша назар аудартты. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының 2025 жылға дейін ұзартылғандығының арқасында халықты баспанамен, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мүмкіндігінің молайғандығын, бұл орайда, тұрғын үй құрылысының қарқын алып отырғандығын да тілге тиек етті. 
Талғарлық тұрғындармен жүздесуде сөз басын иіліп сәлем салудан бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Яхянқызы:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы халқымыздың жүрегіне жылылық шуағын төкті. Қашанда ел-жұрттың қамын ойлаған Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көтеруді тапсырды. Жалпы, қоғамда жалақы мен инфляция өсімінің қатар жүруі – экономикалық заңдылық. Біздің елдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды өзге елдермен салыстыруға келмейді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз қарыштап дамып келеді. Әлемде дамыған елдер ішінде 36-орынға іліктік. Енді аз уақытта отыздықтан көрінетініміз сөзсіз. Халықтың әл-ауқатын арттыруда тиімді бағдарламалар ұсынылып, шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетілуде, – деп баспаналы болуда «7-20-25» бағдарламасының тиімділігін тарқатып өтті. Сондай-ақ, халық қалаулысы тұрмысын жақсартуды ойлаған әр отбасының ысырапшылдыққа жол бермей, несиеге ұрынбай, қолда бар қаражатты үнемді әрі тиімді пайдалануға дағдылануы керектігін де ашып айтты.
Келесі сөз кезегін алған Халық Қаһарманы Бақытжан Ертайұлы:
– Тәуелсіз еліміздің бақытын баянды ету жастардың қолында. Елбасымыз келер жылды Жастар жылы деп бекер атаған жоқ. Армансыз, мақсатсыз ел болмайды. Біздің мақсатымыз – елдің мәңгілігі, тыныштығы, бақуаттығы, – деп әр азаматты Отанның патриоты болуға шақырды. – Халықтың саулығын, білімділігін, тыныштығын қамтамасыз етуде жан аянбайтын дәрігерлер мен мұғалімдерге, ішкі істер қызметкерлеріне бас иіп, алғыс айту парызымыз. Өз басым Жолдауды тыңдап отырғанда өз отауымда, шаңырағымда отырғандай сезіндім. Өйткені, Елбасы басқаға емес, бауырына айтып жатқандай жүрекке жеткізе баяндады. Сондықтан да Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмыла атсалысуымыз керек, – деп сөзін қорытындылады.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруды көздеген Жолдаудың жаңашылдығын жан-жақты баяндаған халық қалаулысы Нұрлан Орынбасарұлының  сөзі де елді ұйытты.
Жиын соңында жарыссөзге шыққан «Алматы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің директоры Айтбай Сейітов, аудандық аурухананың қан құю бөлімінің меңгерушісі Алла Бушанской жан жадыратқан Жолдауға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы