ОҢАЛТУ ЖӘНЕ БЕЙІМДЕУ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1705

Облыс бойынша 687970 балаға 7 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинет жұмыс істейді. Оның 4828-і ерекше қажеттіліктері бар балалар. Коррекциялық кабинет қызметінің негізгі мақсаты – ерекше білімді қажет ететін балаларға түрлі көмек түрін көрсету.    

Бұл туралы «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» тақырыбында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында мәлімделді. 
Оған облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, мектептен тыс және интернаттық мекемелер бөлімінің басшысы Гүлжан Елубаева, Талдықорған қаласының №1 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинетінің басшысы Гүлбану Өміржанова, Іле ауданы Өтеген батыр кентінің 5 облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік консультациясының басшысы Гүлнұр Тоқтарова қатысты.
Брифингте ПМПК қызметтерінің негізгі бағыттары тілге тиек болды. Ол: диагностика және кеңес беру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға білім беру бағдарламасын белгілеу, психофизикалық бұзылыстары бар балаларды тереңдетіп тексеру, емдеу үшін, оның ішінде денсаулық жағдайы бойынша үйде оқыту қажеттілігі, медициналық қызметтерді алу мәселелерін шешу мақсатында ұйымдарға жіберу, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды, олардың арнайы білім беру қызметіне қажеттілігін есепке алу және жиынтық есеп құрастыру.
Коррекциялық кабинетінде көрсетілетін түзету жұмысы кешенді түрде жүргізіледі. Мекемеде логопед, психолог, сурдопедагог, тифлопедагог, олигофренопедагог, невропатолог, ЕДЖ, емдік уқалау маманы, музыкалық ырғақ мамандары жұмыс жасайды. ППКК-ға балаларды қабылдаудың негізі облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік консультациясының қорытындысы болып табылатындығын Талдықорған қаласының №1 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинетінің басшысы Гүлбану Өміржанова айтып өтті. 
Арнайы білімді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық коррекциялық курсы күнтізбелік 90 күннен бастап 365 күнге дейін жүргізіледі.

М. СЕРІКҚЫЗЫ