ҮЗДІК ҰСТАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 21.11.2018
Оқылды: 2019

   Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Техникалық және кәсіптік білім берудегі инклюзивті білім берудің үздік педагогы» республикалық байқауы өз мәресіне жетті.

 

   Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің серіктестік және халықаралық жобалар бөлімінің басшысы Р. Ширгатова, «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның басқарма төрағасы Г. Ахметова, Алматы қаласындағы колледждер қауымдастығының төрағасы Ж. Азизханов, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен оқытушылар қатысты.
   Шараның ашылуында сөз сөйлеген «Өрлеу» БАҰО АҚ басқарма төрағасы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты   Г. Ахметова байқаудың мақсаты инклюзивтік білім беруді дамытуда үздік инновациялық тәжірибені жинақтау мен тарату  екеніне тоқталды. 
   ҚР Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің серіктестік және халықаралық жобалар бөлімінің басшысы Рауза Ширгатова ерекше білім беруді қажет ететін, яғни, денсаулығында ауытқулары бар білім алушылармен жұмыс істеуде педагогикалық қызметкерлерінің шеберлігін арттыру туралы ойымен бөлісіп, республикалық кезеңге жолдама алған қатысушыларға сәттілік тіледі.
   Байқаудың республикалық кезеңінде облыстық, қалалық сындарда жеңімпаз атанған 17 үміткер өзінің озық педагогикалық тәжірибесін ортаға салу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы байқаудың аймақтық кезеңінде 152 колледж педагогтары бақ сынаған болатын. 
   Республикалық байқауда Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің ұстазы Нағашыгүл  Мәкенқызы жүлделі бірінші орынды иеленсе, Ақмола облысынан келген Айкен Қожахметова екінші орынды, Астана қаласындағы Қазақ технология және бизнес университеті колледжінің оқытушысы Мұхамедрахым Мешелов үшінші орынды иеленіп, ақшалай ынталандыру сыйлығын жеңіп алды. 
   Сондай-ақ, бірқатар ұстаз номинация иегері атанды. Бұл қатарда Алматы облысынан қатысқан мұғалім Айгүл Оқбаева бар. Ол «Шабыттандырушы педагог» номинациясына қол жеткізді. Жетісулық ұстаздың жетістігі – біз үшін үлкен мақтаныш.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.