ҚЫЗМЕТ АЯСЫ КЕҢЕЙЕДІ

Уақыты: 26.11.2018
Оқылды: 1258

   Бүгінде халық саны 200 мыңға таяған Талғар ауданының тұрғындарын күнделікті газет-журнал, хат-хабар, сәлемдемелермен қамтамасыз етуде аудандық Қазпошта торабының атқарып отырған жұмыстары өте жауапты әрі ауқымды. Сонау 1993 жылдың сәуір айында елімізде алғаш рет «Қазақ пошта» басқармасы құрылып, ресми мәртебе алғанына биыл 25 жыл толып отыр. Осыған орай, аудандық Қазпошта торабының бастығы Ерболат Сарқұловпен мемлекеттік мекеменің тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттасқан едік.

 

– Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын, Ерболат Сәлімбайұлы! Айтулы мерекеге қандай жетістіктермен жеттіңіздер? Қазпоштаның негізгі мақсат-міндеттері жайында сөз бастасаңыз? 
– Бүгінгі күні Талғар аудандық пошта торабында 133 адам еңбек етеді. Аудан бойынша 34 бөлімше халыққа қызмет көрсетеді. Олардың 25-і автоматтандырылып, жаңа бағдарлама бойынша зейнетақы мен жәрдемақыны дер кезінде алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұдан өзге орталық операция залында электронды кезек түрі енгізіліп, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасалды. Пошта жөнелтілімдерін уақытында жеткізу мақсатында 7 автокөлікпен қамтамасыз етілген. Ауылдық жердегі пошта бөлімшелері жаңартылуда. Мысалы, өткен жылы Гүлдала ауылында жаңадан салынған пошта ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Бесағаш, Тұздыбастау, Белбұлақ ауылдарындағы бөлімшелер көгілдір газға қосылып, қыстан қысылмай шығу мүмкіндігіне ие болды. 
Ауылдық жердегі пошта бөлімшелерінің материалдық базасын нығайтып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстан көмек көрсетілуде. Дей тұрғанмен де мәселе түбегейлі шешілді деуге ертерек. Мысалы, Қызылту ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің жағдайы қиындау, соған байланысты жаңарту 2019 жылға жоспарланып отыр. Сол сияқты 2100 тұрғыны бар «Жаңа Қуат» мөлтекауданынан, Кіші Байсерке ауылынан пошта бөлімшелерін ашуға ұсыныс жасалуда.
   Жалпы, аудандық пошта торабының тәжірибесі толысқан, білікті мамандары хат-хабар, сәлемдемелерді қабылдап, жөнелту және ақша аударымдарын жасау, коммуналдық төлемақыларды, жол ережесін бұзған жүргізушілердің айыппұлын қабылдап, сондай-ақ, жәрдемақы, зейнетақы беру қызметтерін атқарады. Бұған қоса, тұрғындардың «Хоум Кредит Банк», «Альфа Банк», «Азия Кредит» арқылы алған несие сомасын төлеу қызметі қосылды.
   Ең бастысы, биылғы жыл – «сапа жылы» деп аталып, нәтижесінде поштаның қызмет сапасына баса көңіл бөлінуде. Пошта жөнелтілімдерін уақытынан кешіктірмеуде автокөліктердің көмегі зор. Осы себепті, биылғы жылы автотұрақ 100 пайызға жаңартылып, мамыр айына дейін заманауи үлгідегі 2-3 автомашина алынып, жұмыс сапасын жақсартуға атсалысуда. Алыс-жақын ауылдарға хат-хабар, газет-журнал күнбе-күн тасымалданады. Тұтынушыларымыздың ұсыныс-пікірлерін, шағымдарына да құлақ түретін интернет жүйесі іске қосылған.
– Бұл Қазпоштаның қызмет аясының кеңеюімен қатар жаңа технологияны пайдалануға көшкендігін аңғартпай ма? Пошта қызметінің сапасын арттырып, жақсартуға бағытталған тағы қандай жаңа бастамалар бар?   
– Қай уақытта да пошта қызметіне сұраныс артпаса кеміген емес. «Қазпошта» АҚ-ның стратегиялық жоспары аясында модернизациялау, трансформациялау жұмыстары жүзеге асырылып, заманауи қызмет түрлерімен толысуда. Тарқатып айтсақ, аудан тұрғындары электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдап, жөнелтуге негізделген гибридті электронды пошта, сәлемдеме, халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын «Юнистрим», жеңілдетілген хаттарды қабылдау және жеткізуге арналған – ЕМS, жеделдетілген ақша аударымы – «Сәлем теңге» сынды жаңа қызмет түрлерін пайдалана алады. 
Тағы бір қуанарлық жаңалық, тұрғындар теміржол, авиа билеттер сатып алу үшін қалаға барып, әуре болмайды. Арнайы касса жұмыс істейді. Қазпошта мекемесі «Salem Mobile» жүйесін іске қосқалы бері шеткері ауыл тұрғындары үшін бірқатар жеңілдіктер жасалынды. Соның нәтижесінде шалғайдағы ауыл тұрғындары ұялы телефондар арқылы да төлемдерін төлей алады. Осы мақсатта пошта қызметкерлері заманауи үлгідегі ұялы телефондармен қамтылды. 
   Өздеріңізге мәлім, Қазпоштаның қызмет аясын кеңейту және халықаралық ұйымдарға қосылу, электрондық коммерция және қызмет түрлерін цифрландыру мақсатында бірқатар инновациялық жобалар енгізілді. Төлем карталарын шығару үшін өз процессингтік орталығын іске қосты. Қазақстанда тұңғыш рет дрондармен хат-хабарлар, сәлемдемелер жеткізіле бастады. Қоғамның пошталық және қаржылық қызметтерін ұсынатын, озық технологиялармен жабдықталған еліміздегі алғашқы цифрлық офис ашылды. Пошта-логистикалық жүйесіндегі барлық қажетті құжаттарды арнайы мобильдік қосымша арқылы біріктіру мүмкіндігі бар, пошташылар жұмысының тиімділігін арттыратын, пошта қызметкерлеріне арналған «MobilePostman» жаңа сервис іске қосылғандығын айту абзал. Сондай-ақ, сәлемдемелерді өңдеу жылдамдығын 10 есе арттыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған сұрыптау желісі іске қосылып, «e-commerce» орталықтары ашылды. Мұның қай-қайсының да аудандық, ауылдық пошта байланыс бөлімшелерінің жұмысын жеңілдету мен жылдамдатуға тигізер ықпалы өте зор болмақ. 
– Бұл бастамалардан пошта қызметінің жаңа сипатқа көшкенін көреміз. Нәтижесінде хат-ха- бар, газет-журнал таратуда табаны тозатын пошташылардың жұмысы жеңілдеген болар. Себебі, олардың дені әйелдер емес пе?
– Дұрыс айтасыз, аудандық пошта торабында жұмыс істейтін 133 адамның 88-ін әйелдер құрайды. Қап-қап сөмке көтеру оңай емес, әрине. Ендігі уақытта велосипед, автокөлікпен жүретін пошташыларға дрондар мен робот пошташылар қосылатын болады.
   Жалпы, пошташылардың жұмысының ауырлығына қарамастан жалақысының да мәз еместігі жиі көтерілетін. Былтырғы жылы қызмет аясының кеңеюіне байланысты жалақы біраз көтерілді. Бұдан бөлек, қызметкерлерді ынталандыру мақсатында түрлі жобалар ұйымдастырылуда. Мысалы, биылдан бастап теміржол, әуе билеттерін сатып және түрлі төлемақылар мен есепшот ашқан жұмыстарына қарай бонустар берілетін болды. Мұның өзі әжептәуір материалдық көмекке айналады.
   Қазпошта қызметін пайдаланушы қарттарымыздың басын қосып, қыркүйек айында үлкен «сыйақы» ұйымдастырдық. Осыған орай, арнайы лотерея ойнатылып, алды 200 мың теңгеден басталатын, қаржылай сыйлықтарға қол жеткізді. Ондағы мақсат – зейнеткер жасындағы ақсамайлы қарттарымызға сый-құрмет көрсетіп, батасын алу болды. Сөйтіп, Қазпошта қызметін пайдаланушылар арасында берік қарым-қатынас орнатып, сапалы қызмет көрсетудің деңгейін жақсарту көзделуде.  
   Біздің мекемеде табанды түрде еңбек етіп, тәжірибесі толысқан пошташылар аз емес. Бір салада табаны күректей 38 жыл еңбек етіп келе жатқан оператор Урият Юсупова, 20 жылға жуықтаған Бағила Ізтілеуованың іс-тәжірибелері ұжым еңбеккерлеріне қашанда үлгі-өнеге. Сондай-ақ, жеткізу бөлімінің операторы Айгүл Дауытбаева, жазылу бөлімінің операторы Жансая Оралғазықызы, Панфилов, Белбұлақ, Бесағаш ауылдық пошта байланыс бөлімшелерінің басшылары Гүлайым Несіпқұлова, Гүлназ Өмірзақова, Алмагүл Әлиева, тағы басқа да осы салада жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлеріміздің есімдері ілтипатпен аталады.
– «Елу жылда ел жаңа» демекші, біраз жылдар бұрынғы пошташының жолын тосып, газет-журналды жата-жастана оқитын оқырмандар бар ма қазір? 
– Жасыратыны жоқ, соңғы ақпаратты әп-сәтте қолдағы телефоннан-ақ оқып алады. Сондықтан «күнделікті басылымға сұраныс аз» дегенді жиі естиміз. Бұл қате пікір. Біріншіден, барлық жерде, әсіресе, шеткері ауылдарда интернет бола бермейді. Екіншіден, интернеттегінің барлығы дерлік газетке жазылғандай жүйелі болмайды. Оны оқуға жасы егде тартқан кісілер дағдыланбаған да. Менің өзім жұмыстың соңында қалып басылымдардың барлығын парақтап шығамын. Көзге мақтағаным емес, облыстық «Жетісу» газетінен жанға азық дүниелерді көп оқимын. Қажет-ау дегендерінің астын сызып, үйдегі балаларыма оқытып отырамын. Ол менің бойыма бала шақтан сіңген қасиет. Сол себепті, бәсекелестік артқан ақпарат айдынында мазмұнға бай, 100 жылдық тарихы бар «Жетісу» сынды ата басылымдардың беделі артпаса, кемімесі хақ.
– Салиқалы да салмақты әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз еселене берсін!

Ұлбосын ИСАБЕК,
Талғар ауданы