ЖАҢА ЕМЛЕНІ ЕЛ ҚОЛДАЙДЫ

Уақыты: 01.12.2018
Оқылды: 1383

Латын әліпбиі бекіген күннен бастап Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы халық арасында түсіндіру жұмыстарына кірісіп кеткен болатын. Былтыр Алматы облысының барлық аудандарын аралап, латынға өтудің артықшылықтарын, пайдалы тұстарын халыққа түсіндірген еді. Ал биыл латын әліпбиінің жоба нұсқасы ұсынылғалы бері басқарманың «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» ақпараттық-түсіндіру тобы аудандар мен елді мекендерде халықпен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын тағы да жалғастырды.

Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы халыққа түсіндіру жұмыстарына үнемі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлерін шақырып отырады. Бұл жолғы жұмыс тобының құрамында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Туғанай Рахымберлина, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкерлері, филология ғылымының кандидаттары Алматы облысының Панфилов ауданының Алтыүй, Лесновка ауылдық округтері, Ұйғыр ауданының Тасқарасу, Шарын ауылдық округтері, Райымбек ауданының Сарыжаз, Қарасаз ауылдық округтеріне және Кеген ауданының Жалаңаш ауылдық округіне барып қайтты.

Іссапардың мақсаты – аты аталған аудандардың тұрғындарына еліміздің латын қарпіне ауысу себептерін, түрткіжайттарын атап көрсету, латын жазуының тарихын баяндау, емле ережелерін түсіндіру, халықтың пікірі мен ұсыныстарын тыңдап қайту.

Латын әліпбиінің акутты нұсқасы бекігелі бері орфографиялық топ мүшелері латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиінің емле-ережесін жасағаны белгілі. «Қазақ емлесінің негізгі ережелерін» А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфограф-ғалымдарынан, фонетика және ономастика салаларының белгілі зерттеушілерінен, сондай-ақ, қазақ тілтанымының басқа салаларының мамандарынан құрылған орфографиялық жұмыс тобы әзірледі. Ал топтың ғылыми жетекшісі – филология ғылымының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Нұргелді Уәли.

Әліпбидің емлесін жасау күрделі де, маңызды. Емле жасау барысында алдыңғы қолданылған әліпбилердің емле-ережесі мен теориясы, тарихы түгел қаралады. Осылардың бәрін қамти отырып, жаңа әліпбиге лайықты емле жасалғаны сөзсіз.

Емлені халыққа таныстырардан бұрын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Гүлжиһан Көбденова қазақ жазуының тарихы тақырыбында танымдық мәліметтермен бөлісті. «Тіл – тірі ағза іспетті. Өмірге келеді, дамиды, жетіледі, өркендейді. Біздің тіліміз өз тарихында халықпен бірге талай қиындықты бастан өткерді. Бірақ халық қанша қиналса да, тіл еш уақытта өз құндылығын жоғалтқан емес», - деп жазудың тарихы мен халықтың мәдени дамуында оның алар орны туралы деректерді алға тартты. Одан әрі өз баяндамасында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы, жазуды ауыстырудың түрткіжайттары (факторлары), жаңа әліпби бойынша еңбек етіп жүрген ғалымдар туралы, жазу ауысқан кездегі ірі оқиғаларға шолу, халық назарына ұсынылған латын әліпбиінің 3 нұсқасына жеке-жеке тоқталып, ол нұсқалармен жазудағы қиындықтар, 2018 жылдың 19 ақпанында бекітілген әліпбидің жазылу емлесі, екіұшты оқылатын сөздердің орфографиясы, графемааралық интерференция, жазудың элиталық және бұқаралық түрлері, қосамжар әліпби ұғымына түсінік, түркі тілдес халықтардың әліпби ауыстыру тәжірибесіне үңілу, жазудың қызметі жайлы баяндады.

Осыдан соң латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиінің емлесі халыққа таныстырылды. Кирилл әліпбиінің 42 таңбасы латын әліпбиінде 10 таңбаға қысқарып, 32 болып отыр. Осы кеміп отырған 10 әріппен жазылған сөздердің жаңа латын әліпбиінде қандай әріптермен берілетіндігіне жан-жақты тоқталды. Халық емле-ережені жақсы қабылдап, оңтайлы тұстарын көріп, алғыстарын білдірді.

Дана ПАШАН