ЕРКІНДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ЕРЛІК

Уақыты: 16.12.2018
Оқылды: 2081

Тағы да туған жерін айтты деп айып таға көрмеңіздер. Әсірелегенім емес, әйтеуір, Тәуелсіздік күні келгенде ауылдағы әжемнің әңгімесі еске түседі де тұрады. Ойын баласының санасына сәуле болып құйылған сол бір тәлімді естелік есейсек те есімізден шыға қойған жоқ. Қайта, күннен-күнге қадірі артып, қара домалақтың қажетіне жарап жүр. Өмірдің қалтарысы мен бұлтарысында жанға пана, дертке дауа болғаны үшін де  қадірлі. Әйтеуір, жанторсықтай жанымнан қалмайды.

Әжем айтқан ақылдың қай-қайсысы болмасын, қазақтың байырғы термелеріндей бойыңды балқытып, ойыңды тәрбиелейтін күшке ие. Сондай қуатты әрі құнарлы. Үзбей тыңдай бергің келеді. Аш қарынға түскен айрандай дәмі де кетпейді өзінің. Мерзімі де ескірмейді. Аузынан шыққан аталы сөздің әрбірі жүрегіне тұнып, жігеріңді шыңдайтыны және бар.

Жігеріңді шыңдайды дегеннен шығады ғой, бірде әкем қала базарынан төрт-бес саулық сатып әкелді. Мал басын көбейтуді қолға алған баласының қаракетін құп көрген апам, қойларды өз қарамағына алды. Содан соң таңнан кешке дейін мал қораның маңынан тысқа аттап баспайтынды шығарды. Кішкентай науаға шөбін салады, жемін береді. Ауладағы шашылған жапырақтарды жеу үшін сыртқа шығарса, алысқа ұзап кете ме деп баяғы мені қарауылға қояды. Ал өзі алыстан бақылап отырады көлеңкені саялап. Сосын не істесе соны әңгімелейтін әдеті шай үстінде. Күнібойы қасында жүргендіктен айтқан сөздерінің бірі де маған қызық емес. Одан да ауылдың тентектерімен ойнасамшы деймін ішімнен тынып. Азын-аулақ малдың астын тазалағаннан мүйіз шықса бір сәрі. Кейде күнде бір істі қайта-қайта ұршықша айналдырғаныма налып та кетемін. Бірақ, қолдан келер қайла қайсы? Әжемді жақсы көргендіктен айтқанын  екі етпеуге мәжбірмін.

Жә, қойшы сөйтіп, арада екі апта өткен соң, апам әкеме малдың жерсінбей жүргендігін жеткізді.

– Құлыным, алғашқыдағыдай емес, саулықтардың тәбеті төмендеп, арып бара жатқан сыңайлы. Жүні ұйысқанымен, қоң еті қисайғаны сырт көзге көрініп-ақ тұр. Өріске жібергеніміз дұрыс болады. Бірақ, әуелі қай ауылдан алып келдің, сол жердің топырағын иіскетейік. Оны жемшөппен араластырып бергеніміз жөн. Олар да тіршілік иесі ғой. Туған жерін сағынатын секілді. Алдымен топырақпен тыныстап, сосын барып алдындағы асқа ауыз салады. Бұларды бұл аймаққа сіңіруді бір амалы болса, осы. Байлаулы тұрғанмен бабын табу қиын. Туған жерінің түбіттей жұмсақ көкорайына көзі үйренген тау жануарлары емес пе? Еркіндікке жіберейік, қырдан қалаған шөбін теріп жесін  деді қос жаңары мөлдіреп.

Әкемде бұдан аз-маз хабардар болса керек, ертеңінде бір дорба топырақ әкеліп, науаға төкті. Артынан жоңышқаның үстіне сеуіп айырмен албарға шашып тастады масақты. Қойлар ұзақ ойланған жоқ, төгілген құмға мұрындарын тосып бір жұтынды да, орылған жоңышқаны отады келіп. Бір-екі тәуліктен соң өріске де жібердік. Ақыры, әжемнің тапқырлығы арқасында  қолға үйреттік-ау. Кешке ешкім алдынан күтіп алмайды. Өздері-ақ бір-бірін жетектеп, ескі қораның есігінің алдында маңырап тұрады ішке кіргіз дегендей.

Үлкендердің мына әрекетіне қайран қалдым. Қалайша түйсіксіз төрт аяқты мақұлықта да сезім болама сонда?! Әлде әшейін көзбояушылық па? Бұл жағдайдың жай-жапсарына тереңінен үңілейін десем де, байыбына бара алмадым. Ақыры ақылым жетпеген соң, әжемнен сұрауға тура келді. Ол кісі сол баяғы сабырлы қалпымен, «қоңыр қозым» деп бір аймалап алды да, қысқа сұрағыма ұзақ жауап қатты.

– Қарашығым-ау, мейлі ол адам болсын, мейлі ол аң болсын туған жерін сағынбай тұра алмайды. Бұл тірі жан сөзбен жеткізе алмайтын асқақ аңсар. Сенің кіндік қаның тамған топырақтың жұпары кеудеңе өле-өлгенше сіңіп қалса, ауасы әр кез тамырыңда тулайды, алтыным! Оның бір уыс топырағын иіскеген сәтте, сәби күнің сәуле шашады әлемге. Еркіндіктің не екенін ұғынасың сол сәтте! Ешкімге тәуелсіз балалық шағың менмұндалайды! Ал, тәуелсіздік – біздің бабамыздың болмысы, туғаннан тамыр жарған тектілік. Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін, туған жерінің мөлдір ауасымен еркін тыныстамақ ниетте сенің аға-әпкелерің қанын төккен Желтоқсанда! Оны ұстаздарың да айтқан болар. Отан үшін алаңға шыққан өрімдей жастар қасіреттің темір тұсауын кесіп өтіп, еркіндікке ұмсынған. Үлкен үмітпен, үлкен арманмен! Олар тәуелсіз елдің ұланы болуды қалады. Еркін өмір сүргісі келді, – деді жанары жасқа толып.

Иә, есейе келе бұл әңгіменің астарында үлкен мән жатқанын жіті түсіндім. Содан кейін елімнің потриоты болуғы бел будым. Әркім өзінің туған жеріне қожа. Оны ешнәрсемен айырбастай алмайсың. Әшейін, қамауда тұрған қойларды қылығын мысалға алып қараңызшы?! Өзінің топырағының иісі шыққан соң, дәм татты шөптен. Сосын көзін ашқалы дарқан даламызда ойнақтап, тастан-тасқа секіріп өмір сүргенді ұнататынын көрсетті бізге. Ғажап емес пе?! Әжемнің тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтарды еске алуы тегіннен-тегін емес. Олар да туған елінде емін-еркін жүріп-тұрғысы келді ғой. Бабамыздан бойымызға дарыған рухани құндылықтардың бетіне сызат түсіруге батпады. Сол үшін, мынау байтақ Жер-ана үшін, туған тілінің болашағы хақында болаттай қаруланған әскерге бөгесін болды. Ол азаттық жолындағы ең ұлы ерлік еді. Алаштық асқақ рухын қамауда болса, бір тудың астында ұлт болып ұйыспасың ақиқат.

Мұхтар КҮМІСБЕК