БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1350
Жаркент өңіріндегі Алмалы ауылында тұратын Тұрған Батырқұлов атты азаматтың Желтоқсан оқиғасына қатысып, алаңда жастардың қатарында болғанын қолындағы фотосурет айғақтайды. Суретте қалың жастың алдыңғы қатарында қолтықтаса шеп құрған бір топ жігіттің бет-бейнесі айқын көрінеді. Солардың қатарындағы кейіпкеріміздің тас-түйін кейпі сол күндердің ауыртпалығынан хабар беретіндігі даусыз.
1982 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық институтының дайындық курсына қабылданған Тұрған келер жылы агрономия факультетінің студенті атанады. Болмысынан белсенді жасты факультет деканаты бірден №8 жатақхананың коменданты етіп тағайындайды. Сол кезде 500-ден астам студент мекендеген жатақханада алыс-жақын 12 мемлекеттен келген тәлімгерлер де орналасқан.
– Сол күні Қазақстан Коммунистік Орталық Комитетінің пленумында халқымыздың ұлтжанды қамқоршысы Дінмұхамед Қонаевты бірінші хатшылықтан босатып, орнына есімін ел естімеген Геннадий Колбин деген біреуді сайлапты деген сөз лезде Алматыға тарап үлгерді, – дейді Тұрған сол күндерді еске алғанда. – Әлгі хабар сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу, бойында ар-намысы жалындаған жастардың ашу-ызасына шоқ салды. «Өз елімізді, жерімізді өзіміз басқара алмаймыз ба?»  деген ой жастардың жігерін жаныды. Алматыдағы әр оқу орнының белсенді жастары өз қатарластарына қозғау салып, шұғыл үгіт жүргізді. Біздің жатақханадағы бір топ белсенді студент ақылдаса келіп, 16 желтоқсан күні іргеміздегі республика алаңына шықпақшы болдық. Сол арада басқа оқу орындарында оқитын біраз жігіт маған ақылдаса келді. Аты-жөнін айтпаған олар алаңға шығуға келісім жасап кетті. Ертеңінде таңғы сағат 9-дан аса курстастарымыз ақтаулық Самат Башимов, ақтөбелік Жалғас Мұқанов бастаған бір топ жігіт алаңға барғанымызда басқа да қыз-жігіттер легі жиналып қалғанын көрдік. Түс ауа алаңға жастар толып кетті де, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін, тағы басқа да бойға жігер беретін әндерді шырқай берді. Сөйтіп билік шешіміне қарсылығымызды әнмен, арагідік сөзбен білдіріп, орталықтың жауапты лауазымды тұлғаларынан тағайындау туралы нақты түсінік беруін талап еттік.
Алаңға жиналған жастарға жоғарыдан келгендер: «Бұл мәселені орталық шешіп қойған, бұған сендер араласпаңдар, тараңдар!» – деп бұйырғаны бүгінде тарих. Оның үстіне көпшіліктің арасына кірген жансыздар іштен іріткі салудың амалын жасап жатты. Соған қарамастан алаңнан тарамаған жастардың қатары сағат санап қалыңдай түседі. Түстен кейін, сағат 4-5-тің кезінде алаңға жоғары қысыммен су шашатын өрт сөндіргіш машиналар әкелініп, жастар легіне су атқыланды. Бұған ашуланған көтерілісшілер жол жақтауындағы мәрмәр тастарды сындырып, қарсыластарына тас лақтырады. Алғашқы қақтығыс осылай басталып, оқиға шиеленісіп кетті. Қолдарына резеңке таяқ ұстап, басына темір каска киген солдаттар қарсыласқандарды аямай тепкілеп, қыздардың бұрымдарынан сүйреп жатты. Кеш бата тараған жастар ертеңіне қайта жиналуға берік бекінісіп қайтты.
Ертесі күні, 17 желтоқсанда алаңға бұрынғыдан да көп жиналған жастарды мұздай қаруланған қалың жасақ жібермей, ұсталғанын ұрып-соғып, белгісіз жаққа әкетіп жатты. Ал үшінші күні Алматыдағы жастар жаппай қудаланды. Осының бәрін өз көзімен көрген кейіпкеріміз:
– Мені қудалаушылар ұстай алмады ма? Өйткені алаңға жақын орна-
ласқан жа- тақханаға жасырынып қалдым. Әрбір есік қатаң бақылауға алынса да дұшпаннан айла асырып, көзге түспеудің барлық амалын қарастырдым, – деп басынан өткен қиындықты әңгімелеуден танбайды. – Оның үстіне бірімізді-біріміз жау қолында қалдырмауға, ұстап бермеуге уәделескенбіз. Сондықтан біздің жатақханадан қолға түскендер аз болды. Тіпті, үшінші күні есігі тарс бекітіліп, қатаң күзет қойылса да жатақхана артындағы жасырын есік арқылы сыртпен байланыс жасап отырдық. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 14 желтоқсан күнгі санында жарияланған мына суретті көргенде алдыңғы қатардағы өзімді бірден таныдым. Кейін Алматыға барғанда газет редакциясына кіріп, көшірмесін алдым. Кім түсіргені белгісіз.
Қиын күннің кейіпкері бүгінде жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып келеді.
 
 
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы