ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 10 ЖЫЛ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1395

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде «Тәуелсіздігім – тұғырым»  атты облыстық форум өтті. Тәуелсіздік мерекесінің маңызын түсіндіру, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған форумға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қоғамдық келісім мүшелері, аналар кеңесі, этномәдени, орталықтардың төрағалары, әскери қызметкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталған жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай сөз алып, жыл бойы атқарылған жұмыс пен ұйымдастырылған игі шаралар тұрғысында сараптамалық баяндама жасады. Ол өз кезегінде ұлы елдің маңдайға басқан Тәуелсіздігі Тәңірден берілген тәтті сый екенін айтып, жиналған жұртты мерекемен құттықтап өтті. 
Ал өз кезегінде сөз алған облыстық әзербайжан этномәдени орталығының төрайымы, Ассамблея мүшесі Асылы Осман:
– Ұлан-ғайыр даламыздың зәу биігінде шырқалар азаттық әні мәңгілік болғай. Жанымыз да, қанымыз, арымыз бен барымыз осы мемлекеттің жанданып-жаңғыруы жолында жұмсалуы тиіс. Біздің бейбіт ғұмыр кешіп, сан тараулы жетістіктерге жетуіміздің ең негізгі діңі деп азаттық пен бейбіт те берекелі, ынтымақты ғұмыр кешуімізді айтар едім, – деп тебірене тіл қатып, ұлы мерекемен кеш меймандарын құттықтап өтті. Өз кезегінде 18386 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Рүстем Рахимов, республикалық «Мың бала» мәдени- ағарту жобасының жеңімпазы Александр Сон ақжарма ниетін білдірді. 
Ән әуелеп, күй күмбірлеген форум аясында жыл бойы Ассамблея жұмысына қолдау көрсетіп, белсенділік танытқан адамдар мен бірқатар ҚХА қызметкері Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 10 жылдығына арналған мерекелік төсбелгісін де өңірлеріне қадады. Айта кетерлігі, солардың қатарында жұмыстарын жүйелі насихаттап, қолдау көрсеткендіктері үшін «Жетісу» газетінің аға фототілшісі Жұмабай Мұсабек пен «Огни  Алатау» газетінің бөлім меңгерушісі Хасан Еспанов та мерекелік төсбелгі иегері атанды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ