МҰЗ ӨМІРІҢІЗГЕ ҚАУІПТІ

Уақыты: 26.12.2018
Оқылды: 3421

ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасына сәйкес, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі су айдындарында мұз қата бастауына орай қызметкерлер мен лауазымдық міндеттемелерін орындау барысында қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігіне байланысты Қаратал инспекциясы бөлімінде іс-шаралар ұйымдастырылып, игі жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында табиғатты пайдаланушылар арасында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан балық шаруашылығы су қорына бай, сонымен қатар, елімізде балық аулау жұмыстары қыс мезгілінде де жүргізіліп отырады. Балқаш көлінің және Қаратал ауданындағы су қоймалары мен өзендерінен әуесқойлықпен адамдар өз бетінше балық аулауы, аңшылық жасап, таза ауада қыдыруы, судан өтуі мүмкін. Соған байланысты әрбір адам төтенше оқиғаға кезігіп қалуы ғажап емес. Қыс мезгілінде табиғат адамдарға жанашырлық танытпайды. Мұз үстінде балық аулау кезінде, мұздың жұқа қатуының салдарынан су астына түсіп кету, жарақат алу, далада қалып қою секілді жағдайлар адам өліміне әкеліп соқтырады.

Қыста боран мен қардан кейін мұз үстімен жүруге болмайды. Қатты ағынды өзендердің үстіндегі мұзбен жүргенде абай болу қажет. Құрылымына қарай әр өзен, көлдердің мұз қатуы әртүрлі болады. Тез ағатын иірімді өзендердің жағасынан алысырақ жүру керек. Себебі, ортада мұз бүтін қалыпта болады. Қар көп жиналған жерде, жарларда, қамыс көп өскен жердің, өзен-көлдердің мұзы жұқа болып қатады. Суық күндері өзен-көлдерде қатпай қалатын жерінен бу шығады. Қыста мұз басқан және қалың шөп өскен жерлер қауіпті. Қатпаған мұз үстіне шықпаңыз, мұз үстінде топ болып тұрмаңыз, өткел жоқ жерден автокөлікпен жүрмеңіз. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Әр адам қашанда өз өмірін сақтап қалу үшін қарапайым ережелерді білгені абзал.

Б. ҚАЛИЕВА,

Қаратал инспекциясы бөлімінің бас маманы

Алматы облысы