ЖУРНАЛИСТ БОЛУ - АРМАНЫМ

Уақыты: 13.01.2019
Оқылды: 4244

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Менің де бала күнгі «журналист боламын» деген асқақ арманым бүгінде мақсатыма айналды.  
Ес біліп, теледидардағы жаңалықтар мен түрлі бағдарламалардың мазмұнын түсіне бастағанымда тележурналистикаға қызықтым. «Ақбота Ертарғын арнайы «Қазақстан» арнасы үшін» не болмаса «Сіздермен бірге болған Ақбота Ертарғын» деп  экран бетіне шықсам қандай керемет?! 
Қайтсем де журналист болуды алдыма мақсат қойып, өз ойымды қағаз бетіне түсіре бастадым. Аудандық,  қалалық басылымдарға кішігірім мақалалар жазып,  аға-әпкелерімнің кеңесіне құлақ асып,  шыңдала түстім. Сөйтіп  оқырманның көңілінен шығар деген ой-толғауым газет бетіне басылды. Сол кезде өз есімімді көргенде қуанышымда шек болған жоқ. «Болашағым – журналистика» деген мақсатым күшейе түсті. 
Білікті тілші болу үшін сөздік қордың мол болғандығы дұрыс деп  ойлаймын. Одан бөлек, әдемі жазып, дұрыс сөйлеп, өз ойыңды нақты әрі айқын жеткізу үшін әдеби кітаптарды, газет-журналдарды көп оқып, оқығанды зерделеп, ой елегінен өткізіп отыру керек. Сондықтан өзімді шыңдау үшін көптеген шығармаларды оқығанды ұнатамын.
Сондай-ақ, жеткім келетін меженің бірі – халықаралық дәрежедегі тілші болу. Шетел тілін үйреніп, қазақ халқының мәдениетін әлемдік дәрежеде таныстырсам мен үшін бұл үлкен мақтаныш болар еді. Дүниежүзі халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысып, білімнің аясын одан сайын кеңіткім келеді. 
Әрине, бұл әзірше менің болашаққа құрған жоспарым ғана. Әуелі мектепті ойдағыдай тамамдап, жоғары оқу орнына түсуім қажет. Бірақ,  мен кішкентай қадамдармен мақсатыма жақындап  келемін. 
Арманым мені қайда жетелеп   жеткізетіні белгісіз. Бірақ, бір білетінім – бұл  менің қалауым. Осы жолда тынбай еңбек етемін. 

Ақбота ЕРТАРҒЫН,
Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы 
Бақтыбай ауылы, 
Ескелді ауданы