ЖҰМАҒА ЖАҒЫЛҒАН КҮЙЕ

Уақыты: 12.01.2019
Оқылды: 1993

Қазақта «Тез қасында қисық ағаш жатпайды», деген тәмсіл бар. Тез – киіз үйге қажетті ағаштарды мордан шыққаннан кейін иетін құрал. Уық, керегенің бәрін сол тездің кетігіне салып қисығын түзейді. Осыған орай бүгінгі мақаламызда бүгінгі қоғамда қисық ағаш секілді көзге оттай басылатын, көп болып түзейтін мәселелердің бірін жаздық.

Жұма – күндердің ең қайырлысы. Қасиетті һәм берекелі күнде таңмен таласып ерте тұрып, жұмысқа шықтым. Ұялы телефоныма хат келді. Ішінде «Қара жұма» атты акция басталғандығы, киім-кешек, ұялы телефондар, үй шаруасына керек дүниелер төмен пайыз жеңілдікпен сатылатыны жазылыпты. Мынау жақсы болды ғой деп жауып қойдым. Бір қарағанда қуанышты жаңалық болғанымен кейін аудармасы қатты ойландырды. Неге қасиетті жұмаға қара күйе жаққан? Бәлкім, қара емес, қасиетті жұма шығар? Қателесіп жазып қойған шығар. Ойыма сан түрлі сауал келді. Не де болса барып көруге асықтым. Алып ұшып қаладағы сауда үйлерінің біріне ендім. Құжынаған қарақұрым халық. Көбі жастар. Сауда үйінің іші араның ұясындай ызыңдаған біртұтас дауыс. Абыр-сабыр. Бірі киім-кешек алып, екіншісі үй шаруасына керекті дүниелерді таңдап жүр. Ең сорақысы, ешқайсысы «Қара жұма» деп ойып жазылған жарнамаға мән берер емес. Сатушылардың бірінен «Қара жұма» деп қойғандарының себебін сұрасам, АҚШ-тан  келген акция екенін мәлімдеді. «Black Friday» деген сөз жеңілдік дегенді білдіреді. Бұл науқан ең алғаш 1961 жылы Филадельфияда жұма күні өткізіліпті. Сол күні туындаған жолдағы кептелістер мен қаптаған қалың халық нөпіріне байланысты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары бұл күнді «Қара жұма» деп жазып жариялапты. Содан бері науқан осы атаумен өтіп келеді. Сонымен қатар, Рождество мерекесінің бастауы болып та есептеледі. Ал енді осы мереке мен оқиғаның қазаққа қатысы бар ма? Әрине, жоқ!
Өткенге көз жүгіртсек, қазақ ұғымында мұндай сорақы сөз тіркесі болған емес. Бұл біздің салт-дәстүрімізге жат дүние. Алайда, бүгінгі қоғамда оны ескерер жанның азайып бара жатқаны көңіл құлазытады. «Алдыңғы арба қайда жүрсе соңғы арба да сонда жүрер». Болашақ ұрпақ алдыңғы буын ағаларына қарап бой түзейді емес пе? Сонда өзге елдегі жеңілдіктерді тіке мағынасында ау-дарып, өзгенің қаңсығын дәріптеп, өскелең ұрпаққа қандай үлгі, нендей тәлім-тәрбие беріп жүрміз? Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, еш қатысы жоқ рождествоның жарнамасы жұртқа керек пе? Жаға ұстататын жағдай. Осы масқараны көргеннен кейін әлгі сатушы қыз «қазақ халқы өзге елдің жарнамаларын көшіргендерін қашан қояды, өзіміз қашан ойлап табамыз?» деген сұрағы-ма: «Біз жай ғана сатушымыз ғой, әрі аталмыш акция барлық елде жүріп жатыр», – деп жауап қайырды. 
Бағзыдан бері дана халқымыз жұманы күндердiң ең ұлығы, қасиетті деп санады емес пе? Бабалар тағылымына зер салсақ, жұманы басқосу күні деп қуанышпен қарсы алып, мешітте жиналу керектігін ұғындырады. Бұл күнде ақжаулықты аналарымыз жеті нан пісіріп, құран оқытып жататын. Ал бүгінгі қоғамда күндердің сұлтаны болған жұмаға қара күйе жағып, мән-мағынасы жоқ аудармаларды іліп қоятын болды. Онсыз да әніміз әумесерлікке салынып, әуеннен мән, сөзден дәм кетіп, сәндік деп киген киіміміз сұмдық болып батыстың батпағына айналып бара жатқаны аз ба? Шетелге еліктеп, өзгенің қаңсығын таңсық қылып алдық. Ол аздай енді бөгде елдің былығымен тілімізді ластаудамыз. Бұл науқан барлық елде өткізілгенімен Түркияда жұма күнін «қара» сөзімен байланыстырғанына қарсы болып «Аты аңызға айналған жеңілдіктер күні» деп өзгертті емес пе? Бізге де «Қара жұма» демей-ақ «Жұмадағы жеңілдік» не «Жұмадағы жақсылық» десек дұрыс болар еді ғой.  Жарнамаға қазақы қоңыр тақырып ойлап тапсақ, жұртшылыққа әлдеқайда өтімді болар еді. Қасиетті жұмаға күйе жағу – үлкен қателік.
Өкініштен өртеніп, налып қайттым. Бірақ бір күн сауда үйін аралаймын деп бүгінгі аудармаға мән бермейтін, әйтеуір киінсек болды деген жастарды көрдім. Олардың өз білгенінен өзге елге еліктеушілігі басымырақ болып тұр.
Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда жарнамамыз көп жағдайда орыс тілінің аудармасы болып жүр. Қазақ тілінің ақсауына әкеліп отырған да – осы аударма тілі. Ол жағдайға жеткізіп отырған да  өзіміз. Себебі, орыс тіліндегі мәтіндерді басқа ұлт өкілдері емес, қазақтілді аудармашылар аударады ғой. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Сәтті аударылған сөздер  жетерлік. Бірақ кейбір құжат мәтіндерінде, жарнамаларда кездесетін сорақы қателіктерді көргенде "қандай аудармашы аударды екен?" деген сұрақ туындап жататыны хақ. Онсыз да кейде күлкі келтіріп, кейде өкіндіріп жататын жеке сөздердің аудармаларын жөнге келтіре алмай жүргенде, қазақ тілінің өзіне ғана сай грамматикалық заңдылықтарынан айырылып, жастарды өзге тілде шүлдірлетіп алмайық. Қазірден бастап жат қылықтардың алдын алмасақ, салт-дәстүріміз құрдымға кетіп, дініміз әлсіреп, тіліміз шұбарланып кетері айқын. 

Айдар ҚАЛИЕВ