"КОВОРКИНГ" ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 22.01.2019
Оқылды: 2291

Іле ауданының Н. Тілендиев ауылындағы №26 орта мектебінде ІТ сынып және Боралдай ауылдық кітапханасында «Коворкинг» орталығының ашылу салтанаты өтті. 

Ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрайымы, мәслихат хатшысы, депутат Роза Абилова, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Каткеева және округ әкімі Данияр Казербаев қатысты.
Жаңа ІТ сыныпта оқушыларымыз қазіргі заманғы ІТ технологияларды қолданумен қатар бағдарламалау негіздерін, робототехниканы тереңдеп меңгеріп, қарапайым алгоритмдерді жасау, бағдарламалар мен WEB-сайттар, компьютерлік ойындар, анимациялар құру дағдыларын үйрену мақсатында тегін қосымша сабақтарға қатыса алады, – деді партия белсендісі Роза Михаилқызы.
«Коворкинг» орталығының ашылуында сөз алған Іле аудандық кітапханасының директоры Мейрамгүл Жабиева «Нұр Отан» партиясының бастамасымен отандық кітапханалар заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрылып, олардың жұмысын жандандыру ісі де қолға алынып жатқанын атап өтті. Нәтижесінде, бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшірілмек. Бұл жүйеге мәдениет саласына қарасты кітапханалармен қоса барлық мектеп және университет кітапханалары да қосылатын болады. Боралдай кентіндегі аналар кеңесінің төрайымы Мархаба Қаламбаева: 
Орталықтың есігі кез келген жанға ашық. Мұнда келушілерге барынша жағдай жасалынып, тегін ғаламтордан бастап жайлы орындарға дейін қарастырылады. Демек, бұл орталықта жастарға бизнес, оқушыларға шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы озық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасалмақ, – деп ой бөлісті.
Салтанатты шара қонақтарға арналған ән-шашумен жалғасты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"