"7-20-25": ЕКІ ЖҮЗ ЖЕТПІС БІР ӨТІНІШ ТҮСТІ

Уақыты: 05.02.2019
Оқылды: 1366

Жаркент өңірінде қазір 5 мыңнан аса адам жекеменшік үй салатын жер телімін алуға кезекте тұр. Тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 3 мыңнан асты. 

Елбасының халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бастамасының кедергісіз жүзеге асуына нақты қадам жасалуда. «7–20–25» бағдарламасы тұрғындар арасында жергілікті билік тарапынан кеңінен түсіндірілуде. Бағдарлама жарияланысымен екінші деңгейлі банктердің өңірдегі филиалдарының өкілдері, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі қызметкерлері округ әкімдерімен бірлесіп ауыл мен Жаркент қаласының тұрғындарымен түсінік жұмысын жүргізді. 
Бағдарлама бойынша аудан әкімі Т. Бектасов пен «Халық банк» АҚ аудандық филиалының директоры Д. Жанпейісов аудандық әкімдікте мемлекеттік қызметкерлермен, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері және жеке шаруа қожалықтары мен кәсіпорын басшыларымен кездесті. Нәтижесінде баспаналы болғысы келетін тұрғындардан бағдарлама бойынша үй алуға 271 өтініш түсті. Биыл Жаркент қаласында әрқайсысы 60 пәтерлі 3 көп қабатты тұрғын үй салуға 1,35 гектар, 30 жеке тұрғын үй салуға 2,9 гектар жер телімі дайындалды. Аталған үйлерді жекеменшік инвесторлар есебінен салу жоспарлануда. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы