ПАНФИЛОВШЫНЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 17.02.2019
Оқылды: 2774

Ұлы Отан соғысының алғашқы төрт батырының бірі Бақтыораз Бейсекбаев – барша қазақстандықтардың, соның ішінде балқаштықтардың мақтанышы. Алматыда жасақталып, майданда ерлік істерімен ел жадында қалған 28 панфиловшылардың ішіндегі төрт қандас бауырларымыздың бірі Мұсабек Сеңгірбаевтың да бақ дарыған Балқаш ауданында дүниеге келгені соңғы жылдары ғана белгілі болды. Бұл – балқаштықтардың арасынан шыққан екінші батыр.

 

М. Сеңгірбаев ашаршылық басталған жылдары астықты өңірдегі ағайындарға қарай қоныс аударады. Еңбекқор, талапшыл бала техника тілін де тез меңгеріп алады. «Кызыларық», «Қаражырық», «Жарлыөзек» секілді жаңадан ұйымдасып жатқан ұжымшарларда алғаш трактор жүргізгенінен де ел хабардар. Еңбекте алда болып, көш бастағанын оны білетіндер айтып отырады екен. Соғыс басталғанда майданға Көксу аудандық әскери комиссариатынан аттанады.

Мәскеуді қорғаған  атақты 28 гвардияшы-панфиловшылар ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Мәскеуге бет алған жаудың танк батальонын Дубосеково разъезінде тоқтату Гитлер армиясына берілген алғашқы жойқын соққы десек, артық айтқандық емес. Мұның өзі кеңес жауынгерлерінің бойына «неміс әскерін жеңуге болады екен» деген сенімді, жеңіске деген құштарлықты оятты. Олай болса, бұл ерліктің бағасы әлі де алда.

1965 жылы Ұлы Жеңістің жиырма жылдығына Талдықорған қаласына Кеңес Одағының Батыры Иван Демидович Шадрин келеді. Кездесуде «Сіз қалай аман қалдыңыз?» деген сұрақ қойылады. Сонда ол сол бір сұрапыл соғысты, Мұсабектің ерлігін былай еске алған екен: «Бүгінгідей есімде. Айнала көк түтін. Қардай жауған оқ. Жау танкілерінің снарядтары жердің астын үстіне шығарып жатыр. Бір кезде қасымдағы Мұсабек беліне гранаталарды байлап, екі-үш гранатаны қолына алып, окоптан шыға сала жау танкілеріне қарай еңбектей жөнелді. Бір кезде қолындағы гранаталарды жау танкісіне қарай лақтырды. Танк шыр көбелек айналды. Тағы бір сәтте гүрс еткен жарылысты естідім. Окопта жатқан мені бұлттай боп келіп құм басып қалды. Ары қарай не болғанын білмеймін. Топырақ астында ыңырсып жатқан мені қаза тапқан жауынгерлерді жинап жүрген санитарлар тауып алыпты. Мұсабектің сол соғыста гранаталарын танк астына кіріп, жарғанын, сөйтіп ерлікпен қаза тапқанын кейін естідім. Маған ол тоқтатқан алғашқы танктің топырақтары шашырап, кейін ол астына кіріп жарған танктің шынжыры үзілген соң ол да шыр айналып, қос танктің топырағы бірдей басып қалыпты».

Тарих тақтасында есімдері алтын әріптермен жазылған сол батырлардан тек бес жауынгер ғана тірі қалды. Мұсабек Сеңгірбаевқа қаза тапқаннан кейін 1942 жылғы 21 шілде күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» құрметті атағы берілді. Артында өшпес даңқ қалды. 

Және бір бақыт – соңында Тілеухан есімді ұл қалды. Одан Төлеген, Талғат және Халида есімді қыз бар. Бүгінде немерелер мен шөберелер де өсіп келеді. Талғат 2010 жылы небары 49 жасында өмірден өтті.
Батыр есімі бүгінде барша қазақстандықтарға танымал. Есімін мәңгі есте қалдырып, жұрт жадында жаңғырту мақсатында Көксу ауданының Қызыларық орта мектебінде батырға мұражай ашылған. Жарлы-өзек ауылдық округінде М. Сеңгірбаев атында орта мектеп бар. Мұқыры ауылында және Талдықорған қаласында көше аттары берілген. Облыс орталығындағы әскери-техникалық мектепте бұрыш ұйымдастырылған. Талантты жазушы Әли Ысқабайдың «Мұзбалақ Мұсабек» атты кітабы жарық көрді. Жазылған мақалалар, рефераттар саны ұзын тізбек. Жүрекжарды жырлар да жетерлік. Есімі ән болып қазақ даласында, Жетісу көгінде қалықтаған батырдың аты ұрпаққа ұран болып келеді.

Ең үлкен құрметтердің бірі – Елбасымыз  Н. Ә. Назарбаевтың қолдауымен «Кеңес Одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаев 100 жаста» төсбелгі медалі шығарылды.

Ресейдің Волоколамск қаласында 2016 жылдың 16 қарашасында Москва қаласын қорғауға 75 жыл толуына орай арнайы шара өтті. «Лама» спорт сарайында режиссер Андрей Шалволаның 28 панфиловшыларға арналып түсірілген (сценарийін Ким Дружинин жазған) «Жиырма сегіз панфиловшы» киносы көрсетілді. Оған Ресей Мәдениет министрі В. Мединский және Москва облысының губернаторы А. Воробьев, ҚР Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, т.б. жоғары лауазымды тұлғалар арнайы қатысты. Сол кинода Мұсабек Сеңгірбаевтың рөлін Омск қаласында туған қандас бауырымыз Азамат Нұғманов сәтті сомдады. Бұл – батыр ата ерлігіне өзге мемлекеттерде де ерекше құрмет көрсетіліп жатқанының көрінісі.

2017 жылдың 26 желтоқсаны күні батыр ата өмір есігін ашқан Балқаш ауданының орталығы Бақанас селосындағы «Іле» мейрамханасында аудандық ардагерлер алқасының ұсынысымен, аудан әкімдігінің қолдауымен, «Балқаш ауданының Құрметті азаматы», меценат кәсіпкер, «Балқаш жолдары» ЖШС-інің тең төрағалары Әбдібаев Нарымбет Тұлғабайұлы мен Ибраев Асқар Серікжанұлының демеушілігімен батырдың құрметіне арнайы ас беріліп, рухына Құран бағышталды. Аталған азаматтардың арқасында Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейіне батыр атаның тұғырдағы мүсіні, «Алтын жұлдыз» медалінің көшірмесі, өмір жолына қатысты деректер мен жәдігерлер қойылды. Бұл – Мұсабек Сеңгірбаевқа кіндік қаны тамған жері – ауданында көрсетілген алғашқы құрмет.

Ас беріліп жатқанда аудандағы соғыс ардагерлерінің үлкені С. Алтынбаев М. Сеңгірбаевтың өзінің қайын ағасы екендігін, оның ерлігінің ерен екенін айта келе аудан орталығындағы №1 Бақанас орта мектебін Кеңес Одағының Батыры М. Сеңгірбаевтың атымен атау туралы ұсыныс айтты. Ұсынысты соғыс ардагерлері Әбдіхан Рахимов пен Тәңірберген Әйтімбетовтер қолдады. Көпшіліктің ұсынысы негізінде арнайы хат дайындалып, «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, одан соң облыс әкімдігіне жолданды. Ұсыныс Астана қаласының құзырлы мекемелеріне де жөнелтілді. 
Көпшіліктің тілегі қабыл болып, үстіміздегі жылдың 25 қаңтары күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың «Алматы облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» №17 Жарлығы шықты. Аталған Жарлықта Алматы облысы, Балқаш ауданының №1 Бақанас орта мектебі «Балқаш аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі шағын орталығы бар Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесі деп қайта аталатындығы көрсетілді.

Сүйінші хабарды Балқаш ауданының тұрғындары, М. Сеңгірбаевтың туыстары мен тікелей ұрпақтары асқан қуанышпен қабылдады. Осы орайда мектепті М. Сеңгірбаев атымен қайта атау туралы ұсынысқа қолдау көрсеткен Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е. Тілешовке, Алматы облысы мен Балқаш ауданының  басшылығына, батыр атамыздың рухына бағыштап ас беру кезінде көмек көрсеткен Ерлан Тәжіғұлов пен Дархан Төлеубекке,   Б. Өксікбаев пен Ақшабай Нұрхановқа, сол жолда талай еңбек сіңірген басқа да азаматтарға алғысымызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізбекпіз. 

Ізгі ниетпен: 
Мұсабек Сеңгірбаев ұрпақтары және Балқаш ауданы халқының атынан батырдың немересі Төлеген Мұсабеков