Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕЛБАСЫНАН БАТА АЛҒАН

Уақыты: 16.02.2019
Оқылды: 341
Бөлім: ӘРТҮРЛІ

Елбасымыз Н. НАЗАРБАЕВ жұмыс сапарымен Кеген ауданына ат басын бұрған кезінде арнайы тігілген қонақүйдің ішінде ән салу бақытына ие болған Нұрмаман Оқастай өнерлі азамат болатын. Сол кезде әншінің тау бұлағындай тұнық, тау самалындай мақпал үніне риза болған Елбасымыз оған ақ батасын берген еді. Осынау сәттер небары жиырманың ішіндегі жігіттің жадында берік сақталып қалған.

 

Қарапайым ғана шаруаның отбасында өмірге келген Нұрмаман жастайынан білімге ынтық болып, өнерді  сүйіп, қадірлеп өсті. Әкесі Төкен Оқас қырық жылға тарта уақытын шопандыққа арнаған жан. Анасы Займхан Кәрібозқызы мынау жарық дүниеге 9 бала әкелген ардақты ана. Нұрмаман дүниеге келген Қарқара ауылының өңірі тамаша ғой, шіркін?! Көрсең көзің тоймайды. Сылдырай ағып жататын бал бұлақтары қандай десеңізші?! Қыр гүлдері көзді тарта еркелей соққан тау самалы жаныңды албыратып тастайды. Нұрмаман сондай жерде өсті. Табиғат әлемімен сырласа балалық шағын өткізді. Кішкентай кезінен-ақ қазақтың қарапайым домбырасын меңгеріп, жанына серік етті. Қосыла ән салатын дәрежеге жеткен ол кейін ғажайып тұнық дауысымен өңірдегі белгілі әншілердің біріне айналды. Әсіресе, халық әндерін сүйіп орындайтын ол дәстүрлі әнші атанды.

Білімді, өнерлі, өнегелі жас жігіттің өмір жолы "сабақты ине сәтімен" дегендей, өріле берді. Мектепті бітіргеннен кейін бір жыл қой шаруашылығын өркендетуге құлшыныс танытқан жастардың қатарында «Ізгі ниет» атты комсомол жастар бригадасында еңбек етті. Шаруашылық басшыларының  қолдауымен Тасашы ауылдық клубында үйірме жетекшісі болды. Кәсіподақ ұйымының жолдамасымен көп ұзамай Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесін халық аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. Мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек ете жүріп, Алматы мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша тамамдады. 

Жүрегін әсем ән тербей жүретін, ортасын ән мен сазға, тамаша әңгімелеріне бөлеп тастайтын ақжарқын, мінезі сондайлық қарапайым, сырлы да нұрлы азамат ел ішінде білім мен өнер саласында айтарлықтай жұмыс жүргізіп келеді. Өз  ісін жақсы білетін тындырымды азамат сенім мен құрметтің құшағында десек, артық айтпағандық. Жылысай ауылындағы М. Орманов атындағы және Ұзынбұлақ ауылындағы Ы. Көшкінов атындағы орта мекептердің директоры болып жемісті еңбек етті. Бір ғана мысал, М. Орманов атындағы орта мектепті басқарып жүрген кезінде ұлағатты ұстаздарының бірі Гүлмира Көктеубаева «Жыл мұғалімі – 2008» байқауында аудан тарихында бірінші рет облыста бас жүлделі  болып, пәтер кілтін алған. 

Нұрмаман Оқас аудан әкімдерінің ұсынысымен аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшысы болып абыройлы еңбек етті. Таулы ауданның мәдениеті мен өнерін өркендетуге қолынан келгенінше үлесін қосты. Қазір Кеген аудандық Мәдениет үйінің директоры. Мәдениет ошағында әйгілі Кеген халық театры, «Ереуіл» халықтық-фольклорлық ансамбльдері жұмыс істейді.

Ән мен күйі шалқыған ортадан кешкісін үйіне келген Нұрмаман бір сәт төрде ілулі тұратын бабындағы қара домбырасын қолына алып, жүрегіне жақын халықтық әндерін бір төгілтіп алады. Асыл жары, алты ұл мен қызын өмірге әкелген Индира Ұзақ та өнерді жақсы түсінетін, қарапайым әрі қонақжай жан. Аудандық кітапханада әдіскер болып жұмыс істейді. Иә, берекелі әрі мерекелі отбасынан жоғарыда сөз еткеніміздей, қонақ үзілмейді. Оның арасынан ән мен жырға, домбыраға жақын жандарды көрсе, Нұрмаманның да көңілі тасып, жайдарланып сала береді. Не десек те асыл өнеріміз үшін туған қымбат перзент. Қазағының тілі, жыры, әні десе ішкен асын жерге қояды. Мұндай әңгімеге бар жанымен араласып, беріліп кете барады. Ол ұлтының қастерлі де қасиетті өнерін жанындай жақсы көретін, биігіне көтере қадір тұтатын бірегей өнер иесі. Жезтаңдай дәстүрлі әнші. Өзінің талғамымен таңдап, салған әндерін тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Қазағымның мұңы мен сырына толы әсем  әндер жүректі баурай түседі. Осындай дара әншілігінің арқасында Елбасымыздың алдында ән айту бақыты мен құрметіне бөленді емес пе?! Білімге, өнерге жақын әдепті ұл-қыздарының алды Гүлмира мен Еркежан жоғары білімді маман атанып, жұмыс істеуде. Ажардай қыздары журналистика факультетінде оқиды. Элмира, Шұғыла, Лұқпандары мектеп қабырғасында жүр. 

Ауданның білім саласына да елеулі еңбек сіңірген Нұрмаман өзіне бір табан жақын өнері үшін аудандық Мәдениет үйіндегі басшылық жұмысын жоғары қояды. Мәдениет саласының да толғандырар жайттары жоқ емес. Бірнеше ауылда жаңадан Мәдениет үйін салу керек. Күрделі жөндеу күтіп тұрғандары да бар. Ең бастысы, аудандық Мәдениет үйінен әсем де әуезді ән естіліп тұрса, көңілі көтеріле түседі. Сазды бағдарламалар, шығармашылық кештер өрнегін тауып жатса, жаны жұбанады. Өйткені ол өнердің өз адамы. 

Қанат БІРЖАНСАЛ.