АРМАН АСҚАРЫ

Уақыты: 17.02.2019
Оқылды: 1490

Сағыныш қолыма қалам алдырып, студенттік досым Нұрберген Омарқожаев туралы сыр шертуді ұйғардым. 1966 жылы жолымыз болып Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының зоотехния факультетіне оқуға түстік. Бір топта білім алып, Көкшетау облысының Красноармейск ауданындағы "Октябрь" ұжымшарына күзгі егін жинау науқанына да бірге бардық. 

 
Сол кездегі таныстығымыз кей­ін достыққа ұласты. Нұрберген Хан­тәңірі баурайындағы Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданына қарасты Еренқабырға (Тянь-Шань) Кетпен тауының Шолақ сайында 1949 жылы 10 қаңтарда дүниеге келіпті. Халық «Аспан таудың ете­гі, Албан ата мекені» деп бекер атамаған. Нұрбергеннің албан руынан екенін кейін қызмет істеп жүрген­де ғана білдік. Бұрын «Қай ру­дан едің?» деп сұрамайтынбыз. Қай облыстан, қай ауданнан келгенін біліп алатынбыз. Оның үстіне, мен онжылдық орыс мектебін бітіріп келген едім. Қазақшамның ақсамағаны­на сол кездегі кілең қазақ жі­гіт­тері оқитын институттағы кез­ім себеп болды. Барлық сабақ орыс­ша өтсе де студенттердің көп­шілігі өзара қазақша сөйлесе­тін. Сондағы байқағаным, Нұр­бергеннің маған қарағанда орысшасы да, қазақшасы да бірдей, үздік оқыды. Бес жыл бойы факультеттің ең үздік студенттерінің бірі атанды, қазіргі тілмен айтқанда «локомотиві». Күнде сабақ басталмай жатып өзінің жеке блокнотына осы аптада не істеу керек, қай күні, мезгілі, бәрін жоспарлап жазып қоятын. Апта біткенде не орындалды, не істелмеді, күнделікті, апталық, айлық жоспарларын жаңартып отыратын. Оны көрген мен де солай істей бастадым. Бүгінде әр ісімді алдын ала жоспарлап қоямын.
 
Группалас досымның білімге, ғы­лымға деген қызығушылығы, зор ынтасы мен құштарлығы мені де қатардан қалмауға ын­та­ландырды. Студенттік кез – жас­тық шақтың ең қыз­ық, ең ер­кін, бақытты сәті. Мек­тептегідей оқуың­ды күнде қада­ғалау деген жоқ. Сабақтан қалу, қалмау, ерте тұру, кеш тұру бәрі өз қолыңда. Сырт­та жас­тарды қызықтыратын ойын-сауық орындары, кино, театр, т.б. көп. Алғашқы оқуға түскен жылы бірінші курста еркін күрес сек­циясына жазылып, институттың бірін­шілігіне қатысып, алғашқы нәтижеге жете бастадым. Жер­лестермен бірге жиі кинотеатр­ларға, концерттерге бардым. Ер­кіндік деген осы екен деп қалай сессияға келіп қалғанымды байқа­май, бірінші қысқы сес­сияны демалыс кезінде қайта тап­сырып өзіме үлкен «сабақ» алдым. Ал барлық сабаққа үлкен жауапкершілікпен қарайтын Нұр­берген дер кезінде тап­сырмалар мен емтихандарды беске тапсырып, білгірлігін таныт­ты. Басқаларға да үлгі болды.
 
Нұрбергенді қатты сыйлайты­­ным, оның досқа адалдығы, тө­­ңі­ре­гін­дегі адамдарға деген парасат­тылығы, ұлтжандылығы. Ұлт, тіл мәселесіне келгенде жанын ая­майтын азамат. Нұрберген өз зама­нының дарындысы дер едім. Не­бәрі 25 жасында ғылым кандида­ты, 45 жасында ғылым докторы ата­ғына ие болды. Тәуелсіздік жыл­дары мал азығы тақырыбында­ғы ғылыми еңбектерін алғашқы бо­л­ып мемлекеттік тілде қайта шы­ғарды.
 Біздің Нұрберген Шолпанға бір көргеннен ес-түссіз ғашық болды. 1966 жылдың 31 желтоқсанында естен кетпейтін қызық жағдайда танысып, үш жылдан соң үйленді. Жазғы каникулда ауылға барып, Шалкөденің төрінде, Сулысайдың аңғарында шөп шабысқа қатысып, ат тырмақ айдап, қол босағанда құрбылармен бүлдірген теріп жүргенде Шолпанға деген сағынышын «Сағындым» әнімен жеткізген.  
Таудағы бұлақ басында, 
          толқынын көрдім ағынның,
Болмадың ұзақ қасымда, жан сәулем сені сағындым.
Қараймын күнде тау жаққа, 
        тағдырға мұнша бағындым,
Бұлбұлым кетті аулаққа, 
          әніңді  сәулем сағындым.
Өзгеден оқшау білінбей, өзіңе ғана табындым,
Көктемнің жарқын күніндей, күлкіңді сәулем сағындым, – деген осын­­дай шынайы ынтазарлығы Шол­пан­ды да бейжай қалдырмады. 
Жары Шолпан 1949 жылы  6 наурызда қазақ жерінде атом бом­басын сынай бастаған полигон маңайын­дағы сынақтарға байланысты тара­тылған Абралы ауданының орта­лығы – Қайнар кентінде туған. Ата­сы Қабыкен Хұсаинұлы жаңа құрыл­ған осы ауданның алғашқы ком­сомол ұйымын басқарып жүріп, ау­қатты Нағайбыл ақынның қызы Сақия­ға үйленген екен. Кейін Мәс­кеудегі қызыл профессура курста­рын бітіріп, партия қызметіне араласып, Павлодар обкомының нұс­қаушысы болып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып әскерге ша­қырылады да, әуе десант болып соғыс­қа қатысып, Венгрияның Папа қа­ла­сы үшін шайқаста басынан ауыр жараланады. Контузиямен біржарым жыл әс­кери госпитальда жатқан ол кісіні медбике қосып, елі­не жеткізеді. Жақсы күтімнің ар­қасында біртіндеп жазылып, қа­тарға қосылады да аудан атқару ко­митетін, кеңшар партия ұжымын бас­қарады.  Еңбек және соғыс арда­гері, он баланың әкесі, он алты ме­дальдің иегері Қабыкен ақсақал қиын да қызықты өмір жолын «Өмір ес­теліктері» атты өмірбаяндық жаз­баларында келтірген екен. Ол кісі­нің соғысқа дейін туған қыздары – Роза, Лиза, Клара, Светланаға 1946 жылы туған Рымжан мен 1949 жылдың  6 наурызында дү­ниеге келген Шолпан қосылады. Шол­пан өмірге келерде таңғы аспан­дағы жарқырап туған Шолпан жұл­дызы мен оның маңындағы төрт шоқ жұлдызды көрген үлкен әжесі келініне «Шолпандай жарқыраған қыз туасың, соның артынан еріп маңдайы торсықтай төрт ұл әкелесің» деп айтқан екен. Сол әже­сінің айтқаны келіп, Шолпанға еріп, кейіннен ГФР доктор-инженері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Рес­публикасы Педагогикалық академия­сының президенті Асқарбек, «Жам­былгипс» АҚ президенті Қай­нарбек, Алматыда апайларының қолында оқыған Қанатбек пен кен­желері Айдарбек дүниеге келеді. Кейін­нен Қайнар кентінің орталық кө­шесі Қабыкен атасының атымен атал­ғанда ұл-қыздары үлкен ас беріп, хатым түсіріп, алтыбақан орнатып, ұлттық ойыннан жарыс ұйымдастырған.
 
Жұбы жарасқан отбасылық өмірі өтіп жатты. Оның береке-бір­лігі әйелге байланысты болғандықтан бақытты өмірінің тірегі бола білген зайыбы Шолпанға кез­дестірген тағдырына ризашылы­ғы шексіз. Тәрбиелі де ынтымақ­ты отбасында өскен Шолпан ата-анасының айтқанын бойына сіңіріп, құтты келін болып түсті. Ауыл­дағы ағайын-туған, құрбы-құр­дастармен де етене араласты. Үл­кен қыздары Гүлнұр сыныптасы Андрейге күйеуге шығайын деп рұқ­сат сұрағанда алғашында қарсы болып, содан ол ислам дінін қабылдап, Әнуар атанады. Рұқсат беріп, молда некелерін қияды. Осылардан өрбіген алғашқы жиен-немересі Дана қазір Нью-Йорк Metropolitan College магистранты, Елнұр Қаржы академиясын тамамдауда, Елдана мен Дананың сіңлісі Дария мектеп бітіруде, Елнұры Қазақ-түрік лицейінде оқып, қатарларынан қалмай жақсы жетіліп келеді.
Нұрбергеннің жастайынан зерек бо­лып, құрдастарынан ерте есейгенінің себебі – балалық шағы оңай болмаған. 1955 жылы алты жасында анасы Әсиманнан айырыла­ды. Есінде қалғаны, әкесінің інісі Нари­манның шешесі Елеусіз апа Нұр­бергеннің туған інісі Нұрманды арқасына са­лып, Нұрбергенді кимешегінің ұшы­нан ұстатып ілесетіні... 
 
Әкесі – Омарқожа Артықұлы Елтай ауылындағы алғашқы мұғалімдердің бірі болған. Ол кездерде мұғалімдерді мектептен мектепке жиі ауыстыратындықтан бұлар Сарыжаз ауылының жанындағы Ақ­бейіт ауылында тұрған. Келесі жылы әкесін көршілес Шибұт аң­ғарындағы Қошқар мектебіне ауыстырады. Әкесі Нұрбергенді ерте жастан әріпке үйретіп, әліппе­мен таныстырса, шешесі құрақтан иыққа асатын кітап-дәптер салатын дорба-сөмке тігіп берген. Шешесінің өз қолымен тоқыған әдемі түскиіздері мен алаша­лары әлі есінде. «Қайран асыл анам, әке­міздің қаттылау мінезін жұмсар­тып, біздің бойымыздағы ізгі қасиеттерді сіңірген сіздің асыл қасиеттеріңіз деп білемін. Жатқан жеріңіз торқа, иманыңыз жолдас болсын!», – деп анасын еске алады. 1956 жылы Нұрберген орыс сыныбына барады. Сол жылы үш баламен жалғыз қалған әкесі Тұрар деген кісіге үйленеді. Екеуінің дәм-тұзы жарасып, артынан үш інісі мен төрт қарындасы дүниеге келеді. 
 
1960 жылы ауылдағы бастауыш орыс сыныптары жабылып, Қарағандыда шахтер болып істейтін әкесінің інісі Нариманға «мына Нұрберген орысша оқуын жалғастырсын» деп жетектетіп жібереді. Сөйтіп, шахтерлер тұратын Ақтас кентіндегі №13 орыс мектебінің 5-сыныбына қабылданады. Қазақ ауылынан келген балаға оқу оңайға соқпайды. Сыныптағы 25 баланың көпшілігі неміс ұлтының, 4-5 орыстың балалары болған. Қазақтан екі қыз және Нұрберген. Күні-түні ізденіп оқығанның арқасында біраз уақыттан кейін «ударниктер» қатарына, кейін «отличниктер» қатарына қосылады. Әсіресе, неміс тілін жақсы игеріп алады. Ақтастағы жылдар Нұрбергеннің ой-өрісін кеңейтіп, көп нәрсеге көзқарасын жаңаша қалыптастырады. Бірақ 11-12 жастағы балаға жыл бойы туған ауылын көрмей, туысқандарымен қауышпай жүруі өте қиын әсер етті. Ауылды әбден сағынып, Қарағандыдан оңтүстікке қарай бара жатқан пойыздарға жәутеңдей қарайтын. Осыны ескерген әкесі келесі жылы Нарынқол ауданының Текес елді мекеніндегі сегізжылдық орыс мектебіне береді. Ол мектепті бірге оқып, достасып кеткен Серік Асылбеков (Мәскеу ветеринария академиясын бітірді), Инаят Жазылбеков (СХИ-ді бітірді), Тілеуберді Байділдаев (политехникалықты), Марат Шабанбаев (ҰҚК генералы болды), көрші үйде тұрған, кейіннен «КазТрансГазды» басқарған Серік Сұлтанғазымен бірге оқыған. Сол Текесте оқып жүргенде Марат Шабанбаев Нұрбергенге «сопы» деп ат қойған екен, кейін зооветте қызметте жүргенде институттың ректоры Қалдыбек Сәбденов жас ғалымның еңбегін қатты бағалаған. 
 
1971 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік бітірген соң профессор А. Росляков меңгерген мал азықтандыру кафедрасының аспирантурасына қабылданып, жетекшілігіне институттың ғылым жөніндегі проректоры, саланың озық ғалымы М. Байтурин тағайындалды. Кафедрада сабақ берген оқытушылары А. Таңатаров, А. Егеубаев, Т. Оңғарбаевтармен етене араласып кетті. Кандидаттық диссертация тақырыбы күркетауық өсірілетін Панфилов ауданынан берілгендіктен аспирантура жылдары шұрайлы Жаркент жерімен жете танысып, ақжарқын адамдарымен сырлас болды. Жиналған материалдармен 1975 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, кафедраға ассистент қызметіне алынған. Ғылым саласында ерте болып саналатын 45 жасында елі­міздің биохимиялық өңірлеріндегі мал мен құстың минерал­дық қоректенуін оңтайландыруға бағытталған докторлық диссертациясын қорғады. Кейін тәуелсіздік алған соң мемлекеттік тілде оқытуға атсалысып, «Мал азықтандыру» (Алматы, «Қай­нар» баспасы, 1998 ж.) пәнінің қазақ тіліндегі алғашқы оқулығын жазды. Ұстаздық ісін­де білім стандарттарына сай он шақты оқулық пен жиырма шақ­ты оқу құралын дайындағаны үшін 2005 жылы ҚР ЖОО Қауымдастығының  А. Байтұр­сынов атындағы медалімен мара­патталып, 2007 жылы «ҚР ЖОО Үздік оқытушысы» Мемлекеттік грантын иеленіп, 2015 жылы Қазақстан пе­дагогикалық ғылымдар академия­сы­ның толық мүшесі болып сай­ланды.
 
 Нұрбергеннен бір жыл бұ­рын Шолпан докторлық диссертациясын қорғады, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорытындылай отырып 1994 жылы медицина ғылымының докторы дәрежесіне ие болды. К. Маркс айтпақшы, ғылымының қия жартасының шыңына ерінбей еңбектеніп жеткендері туралы республика жұртына паш ететін «Егемен Қазақстан» газетінде «Бір отбасын­дағы қос ғалым», математика про­фессоры, бауырымыз Ә.Са­қабековтың «Же­міс­ті ағаш», «Женщины: Вос­ток-Запад» журналында «Шолпан Кабыкеновна Хусаинова, доктор медицинских наук, профессор и просто умная, обоятельная женщина», «Денсаулық» журналында «Ғылымға адалдық жолында», «Парасат» журналында белгілі жазушы-драматург  Б. Мұқайдың «Немереге не жетсін?!» мақалалары жарияланды. Алматыда жемісті еңбек ет­кен ғалымдар 56 жасында ел ордасы Астана қаласына көш­ті. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» де­мекші, ғылыми ұстанымын жалғастырушы шәкірттерінен өз саласында жемісті еңбек етіп жүрген ғылым докторы Болатбек Қожебаевті, ғылым кандидаттары Нұрмұқан Ниязбековті, Назира Улқаеваны, он шақты философия докторы мен ғылыми магистрлерін атауға болады.
 
Институтта бірге оқып жүрген­де Нұрберген өзін «Мен горецпін, тауда туып-өскенмін, қасиетті Хантәңірінің баура­йында» дейтін. Мен оған кар­тада «Хан Тенгри» деп тұр ғой де­генде, «Жоқ, ол таудың аты «Хантәңірі» деп бізді түзе­те­тін. Сол тауға қарап өскен Нұр­берген бүгінде арманының биігіне шығып, ғылым докторы, про­фессор атанды. Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің мал шаруашылық өнімдерін өн­діру және өңдеу технологиясы кафедрасының профессоры. Отанына көп жыл адал қызмет істеп, үлкен абыройбеделге ие болып отырған бақытты жан. Ал Шолпан болса, Астана медициналық университетінде ға­лым-хатшы болып қызмет атқаруда. Бір көргеннен Семейдің Шолпан деген сұлуына ессіз ғашық болып, оған үйленіп, өмір бойы бір-біріне сүйеніш-қолдау көрсетіп  бақытты өмір сүруде. Немерелеріне ұлағатты ата, апа болып жүр. Балалары мен немерелерінің жақсылықтарына, жетістіктеріне тоймай жүрген бақытты жандар биыл 70 деген парасатты жасқа толып отыр. Бақытты ғұмырлары ұзағынан болсын!
 
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
"Құрмет"орденінің иегері, Жамбыл облысының  
Құрметті азаматы