Күлкі - көңіл ажары

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 4312

Қазақ шаттыққа, қуанышқа жақын. Күлмегенді шаттықты білмегені деп түсініп, түсі суық екен деп жатамыз. Иә, бұл бағзыдан жалғасқан түсінік. Түрі сұстыны «сызданған» деп бұрындары да көпшілік ұнатпаған. Ал үнемі күліп жүретін адамды бақыттың бағасын біліп жүретін жанға балаған. Ал қазір қалай? Күле білеміз бе? Орынды күлкі мен орынсыз күлкіні айыра аламыз ба? Жоқ, болмашы әзілге салынып, бірін-бірі мазақтап қарқылдайтындарды көп көреміз. Сөйтеміз де күлкінің мәні ауысып кеткен-ау деп топшылаймыз. Оларды тырқы, күлегеш, дарақы деп айтамыз. Сондықтан күлкінің дұрыс-бұрысын анықтап алуымыз керек. Болмаса, ел арасында әзіл-қалжыңға әуестеніп, ермек үшін қысыр сөз сөйлеп жүргеніміз жөн болмас.

Ұлы Абай: «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі-өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемілік үшін күлетін бояма күлкі», – дейді.
Расымен қазіргі таңда күлкінің түр-түрі белең алып, сорақысы кемтардың кемшілігін бетіне басып, кедейдің жоқшылығын жанына батырып күлетіндер пайда болды. Жалпы күлкі сезімі тек адам баласының бойына берілген ерекшелік. Сондықтан оның бізге тигізер еш зияны жоқ, әрине орынды болса. Шынайы шаттанып, қуаныштан езу тарту адамның шаршағанын басып, үмітсізге үміт сыйлайды. Ол – адам өмірге алғаш келгенде берілген бағалы сыйлық. Сол сыйлыққа сын түсірмей, өзгертпей шынайы қабылдаса адамның ұзақ жасайтынын да ғылым дәлелдеген. 
Адам ашуланғанда түрі сұсты болып сұрланып тұрса, күлгенде мейірімді болып, ерекше нұрланып кетері белгілі. Ал күлкісіз өмір сүру мүмкін бе? Жоқ, әрине. Шаттықты, бақытты өмір сол езу тартып тұрған сәтте білінеді. Өмірде бір рет не күлмеген, не жыламаған адам болмас. Бірақ сол шаттанудың екі түрі болады. Жағымдысы, жағымсызы. Бірақ бүгінде екіншісінің кездесуі көп. Бос сөз, былапыт дүниеге мастанып, бірін-бірі келемеждеп күлкіге қарық болу. Ал орынды күлкінің жөні тіптен бөлек. Қуанып жүрген адам жылы жүзімен танылады. Әр шаңырақтың шаттыққа толғаны да жақсылық саналады. Күлкінің адам өмірін қызықты, мәнді-мағыналы етіп қана қоймай, денсаулыққа ерекше ықпал жасайтыны ақиқат. Бірақ сол күлкінің көрінісі қазір қалай белең алуда? «Көп күлкісі күннен де жылы» деген қазақ қағидасы бұрыннан бар. Қуаныш сыйлайтын орта да көп. Бірақ әзіл-қалжыңды дұрыс қолданып, шынайы күлудің мәнін түсінуіміз керек. Бір-бірін қағытып, келемеждеп, соған шаттана қуанатындарға дұрыс жол сілтеу керек. Бұрындары бабаларымыз «Досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық» деп күн кешкен. Жағымсыз көріністер мен әдепсіз әрекеттер жасаған адам елге дереу тарап күлкіге қалған. Міне, сондықтан күлкіге қалмас үшін дұрыс жүріп-тұруды да жөн санаған. Осылайша кезінде күлкі тәрбие құралына да айналған көрінеді. Ал орынсыз ыржалақтағандарға Майлықожа ақын: «Ақылсыздың белгісі – орынсыз жерде күледі», – деп теңеу тастаған. Сол арқылы жөнсіз күлкі адамның алаңғасарлығынан, тәрбиесіздігінен хабар бергенін білеміз. Күлкінің де өзіндік қағидалары бар. Жақын жандардың жанында жайдары көңілде болу керек болғанымен, таныс емес ортада өзін тыйып сабырға шақырған дұрыс. Керемет көңіл қалыптастыру үшін ғана болмаса, артық күлуге әсте болмасы да белгілі. Біз бұны бабалардың жүрген жолынан аңғарамыз.  «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады» демекші, орынсыз күлкі ыңғайсыздыққа жетелейді. Ал үнемі жымиып жүру жат қылық емес, тек тәртібін сақтаса болғаны. Ғалымдар да осыны тілге тиек етеді. Күлкі қорқынышты құртып, ашуды тарқатады. Ал ол бүгінгі қоғамда ауадай қажет. Күйзеліске түсіп, көңілсіздік торынан шыға алмай жүрген жандар да жетерлік. Міне, сондай жандар күн сайын күліп жүрсе, уайымның жоқтығы мен денінің саулығына тигізер ықпалы зор. 
Күлкінің осындай құндылық екенін білсек те қаперге алатынымыз шамалы. Бір елді мекенде қырық есекке жүк болатын дәрі-дәрмек жеткізгеннен гөрі бір әзілқой жанның келіп жұртқа күлкі сыйлағаны әлдеқайда пайдалы көрінеді. Бірақ дұрыс пайдалану жағы ақсап тұр.  Қалай болғанда да күлкі – әлі өзінің терең сыры ашылып бітпеген көңіл-күйдің ерекше тебіренісі. 
Дәрігер мамандардың айтуынша да күлкі – адамның терісін жетілдіретін көрінеді. Иә, әр адам шын көңілмен орынды күліп жүрсе, сән салондарының табалдырығын аттамай-ақ сұлулыққа жетпек. Сондай-ақ күлкі – адамдардың өзара қарым-қатынасын жақсартып, бір-біріне қырын қарауын жояды. Ашық сөйлесіп, емен-жарқын жүздесіп жүрулеріне септігі мол. Жалпы айтқанда, шынайы, орынды күле білсек, өмір сүре де білеміз. Келбетімізді сәнді, жүрегімізді мәнді қылып, шынайы күліп шаттық сыйлаудан жалықпайық.

Құралбек Сәбитов