ӨРТКЕ ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚ

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 3731

Талдықорған және Жаркент орман  шаруашылығы мекемелері өрт қауіпсіздігіне арналған кеңес өткізді. Онда өткен жылғы жұмыс қорытындысы шығарылып, биылғы өрт қауіпсіздігі маусымына дайындық жұмысының міндеттері сараланды.

Аталмыш жиынға облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, 10 аудан және 2 қала әкімінің орынбасарлары, табиғат қорғау полициясының өкілдері, «Қазәуеорманқорғау» мекемесі, төтенше жағдай қызметкерлері, орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің директорлары мен орынбасарлары, инженерлер, орманшылар, орман өрт сөндіру стансысының басшылары қатысты.
Жиынға қатысқан баяндамашылардың айтуынша, өткен жылы аталған мекемелер орман өртінің алдын алу және ескерту бағытындағы барлық жоспарды толығымен іске асырды. Заманауи техника мен жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде, орман жолдарын жөндеуге арналған 3 қуатты трактор орманшылардың жұмысына қан жүгіртті. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазәуеорманқорғау» мекемесі бірлесіп, өрт сөндіру бойынша 19 рет семинар-жаттығу өткізді. Бұл шаралар өртке қарсы дайындықты нықтап, орын алуға тиісті қауіпті толық бақылап отыруға мүмкіндік берді. Айта кетерлігі, былтыр орман шаруашылығы мекемелерінің мемлекеттік орман қорындағы 4,3 гектар аумақты қамтитын 3 өрт орын алды, оның ішіндегі орман алқабы 2,0 гектарды құрады. Статистикалық ақпаратқа сүйенсек, еліміздегі өңірлер рейтингінде облыстағы орман өрттерінің саны мен аумағы бойынша төртінші орында тұр.
Бұл нәтижелі жұмыстарға қанағаттанып қалуға болмайды. Дана халқымызда: «Өрт – тілсіз жау» деген нақыл сөз бар. Әсіресе, көктем, жаз, күз айлары – орман өртінің де көбейетін мезгілі. Осыған орай, жиында өрт қауіптілігі кезеңінде орман мекемелерін дайындау, барлық мүдделі мекемелердің, ұйымдар мен ведомстволардың орман, тау және дала өрттерінің профилактикасы, алдын алу және өшіру бойынша бірлесіп әрекет ету мәселелері де талқыланды. Жиын соңында көпшілік облыс әкімдігінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 576 қаулысымен бекітілген «2016 – 2020 жылдарға арналған Алматы облысы аумағында дала, тау, орман және тау орман өрттерін сөндіру бойынша өзара іс-қимыл» жоспарында көрсетілген міндеттер негізінде жұмыс істеуге уағдаласты. Ағымдағы жылға арналған жоспар таныстырылып, соған сай атқарылатын іс-шаралар нақтыланды.

Қажет АНДАС