Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖОБА: ӘЙЕЛДЕРДІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ҚОРҒАЙДЫ

Уақыты: 04.04.2019
Оқылды: 495
Бөлім: ӘРТҮРЛІ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін азайту жөнінде баспасөз жиыны өтті. 

Отбасындағы агрессияшыл адаммен жұмыс істеудің жаңа әдістерін енгізу, облыс аумағындағы зорлық-зомбылық фактілерін азайту мақсатында қолға алынған жаңа жобаға АҚШ Елшілігі қаржылық қолдау білдіріп отыр. Бір жыл бойына жүзеге асырылатын басқыншыларға арналған психологиялық көмек көрсету жобасымен «Талдықорған аумақтық әйелдерді қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі, облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық прокуратура, облыстық полиция департаменті қызметкерлері айналысады.
– Облыс бойынша отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттері жыл өткен сайын артып келеді. Көпшілік отбасындағы кикілжің әлеуметтік жағдайдың төмендігінен болады деп ойлайды. Ол қате түсінік. Мұндай жағдай тұрмысы жақсы не төмен шаңырақта да орын ала береді. Осы уақытқа дейін біз зардап шеккен отбасындағы ана мен балаға заңгерлік, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіп келдік. Енді жаңа жоба бойынша ер-азаматпен жеке жұмыс жасайтын боламыз. Сәуір айынан бастап әр қала, аудан, ауылдарды аралап, түрлі семинар, кездесу ұйымдастырылады. 28 мың АҚШ доллары бөлінген бұл жоба аясында талай отбасында татулық, береке-бірлік орнайды деп ойлаймыз. Зорлық-зомбылықты тоқтату бәрімізге жүктелген зор жауапкершілік, – дейді «Талдықорған аумақтық әйелдерді қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанар Нұрмұханова. 
Облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшесінің аға инспекторы Алтынай Рахымбергенқызы Талдықорған қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында өткен жылы 72, биыл екі айда 34 адам тиісті көмекке қол жеткізгенін айтты. Ішімдікке салынған отбасының асыраушыларын емдеу бойынша екі айда 314 адам тіркелген. Алайда емдеу орталықтарында орын саны жеткіліксіз болғандықтан полиция қызметкерлері заң аясында тиісті шаралар қолданған.
 Жиын соңында қатысушылар тарапынан сауал қойылып, толыққанды жауап алынды.

 

Айдын НҰРМҰХАМБЕТҰЛЫ