Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕРЕН ТОҒАЙЫН САҚТАУ – ПАРЫЗ

Уақыты: 14.07.2019
Оқылды: 63
Бөлім: ӘРТҮРЛІ

Жер жаннаты Жетісу жеріндегі жауһарлардың бірі – Ұйғыр, Кеген аудандарының «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумақтарында орналасқан Ерен тоғайы. Деректерге сүйенсек, бұл тоғай неоген кезеңінен сақталып қалған табиғаттың таңғажайып сыйы. Тоғай – Іле өзенінің сол жақ саласы Шарын өзенінің ортаңғы ағысында, Сарытоғай елді мекеніне жақын жерден орын тепкен.

Мұнда өте сирек кездесетін реликті ағаштың үш түрі өседі. Олар Іле жидесі, Іле бөріқарақаты және Шаған ерені деп аталады. Шаған ерені ылғал сүйеді. Зәйтүн тұқымдасының шаған туысына жататын бұл ағаштар өзен арнасына жақын өседі. Аумағы 5014 гектар жерді құрайды. Соғды ерені немесе шағаны Қазақстаннан басқа тек АҚШ-тың Невада штатындағы Гранд шатқалында бар. Бүгінде жойылып бара жатқан бұл өсімдік қорғауды қажет етеді. Шарын ерен тоғайы қазір тек шағын алқапта сақталған. 
Қазіргі кезде ерен тоғайының жағдайы экологтарды қатты алаңдатуда. Оған Мойнақ СЭС-нің іске қосылуымен Шарын өзені арқылы ағатын су мөлшерінің азаюы, тоғайды суландыру жүйелері мен тармақтарының тозуы себеп. Аумақтың экологиялық жағдайына кері әсер етудің нәтижесінде 1,5 гектардан аса ерен тоғайы қурап, құрғап, жойылуға айналды. Сол себепті ерен тоғайының қордаланған мәселелерін шешу үшін облыстық экология департаменті дабыл қақты. Нәтижесінде наурыз айында аталған тоғайдың экологиялық жағдайы, соның ішінде антропогендік факторлардың қоршаған ортаға тигізіп отырған әсері құзырлы мемлекеттік мекемелердің қатысуымен өткен басқосуда жан-жақты талқыланып, атқарылуы тиіс шаралар тізбегі құрылды. 
Ұйғыр ауданы әкімдігі мен мемлекеттік арнайы мекемелер арасындағы өзара түсініспеушілік пен мәселеге салғырт қарағандықтың салдары табиғат сыйға тартқан мұраның жойылып кетуіне  әкеліп соқтыруы мүмкін. Аталған проблема шілде айының 19-жұлдызына жоспарланған Балқаш – Алакөл бассейндік кеңесінің негізгі тақырыбына айналмақ. Мұндай жағдай облыстық экология департаментінің жіті бақылауында. Сондықтан, бұл мәселе алдағы уақытта оң шешімін табады деген сенімдеміз. 

Қонысбек БАЙЕДІЛОВ,
облыс бойынша экология
департаментінің басшысы 

Сурет ғаламтордан алынды