Жан емделмей тән сауықпайды

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 5197

Халық емшілері  ем-дом жасаудың сан түрлі  әдісін  меңгерген.  Олар шөппен емдеу, қан алу, дем салу, ұшықтау,  ашықтыру, мал терісіне түсіру тәсілдерін қолданады.  Халқымыздың өмір сүру салты, ұстанымы, ас ішуі түгелдей  денсаулықты күтуге, ұзақ өмір сүруге бағытталған. Данышпан халықтың ұрпағы жыл қайыру арқылы жұлдыздар жүйесін, оның адам өміріне әсерін зерделеген. Жеті атаға дейін қыз алыспаудың дені сау ұрпақ өргізуде алар орнын білген.  Қан тазалығын ерекше назарда ұстаған. «Ауру – астан», – деп ауқаттануға мән берген. Сырқат жанды емдегенде сорпалап,  құнарлы сусын ішкізіп, тыныш жерде тынығуына көңіл бөлген.
Бүгінгі халық емшілері де осы ұстанымдарды ұстанады.  Халықтың сан ғасыр бойғы жинаған тәжірибесі аясында ем жүргізеді. Сондай ел аузына ілігіп жүрген халық емшісінің бірі – Азат Мұсаұлы.  Шипагер 1956 жылдың жазында Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген. Ол 1962 жылдың көктемінде ата-анасымен  Райымбек ауданының Кіші Жалаңаш ауылына көшіп келеді. Ержеткен соң Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түседі. Азат Мұсаұлы  20 жылдан астам уақыт бойы ҚР  Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігінің арнайы басылымы «Заң газетінде», ҚР Бас прокуратурасының басылымы «Заң және заман» және облыстық «Жетісу» газетінде тілшілік қызметтер атқарған. Соңғы он жылда емшілікке бет бұрды.  Шипагер Қытай жеріне барып, «Алтын ине қоюдың құпиясы»,  «Артық қан алу тәжірибесі»,  «Шығыстың Құпия рецептері» аясында білім алды. Бүгінде ол  Қазақстан Республикасының Құрметті халық емшісі және Халық емшілігінің магистрі дәреже-атақтарын иеленген. Халық емшісі Азат Мұсамен екеуара әңгімеде оқырман ойындағы сұрақтарды қойып, пайдалы кеңестер алуға мән бердік.

– Азат Мұсаұлы, «Заң газетінен» бастау алған еңбек жолыңыз  «Заң және заман» журналында, облыстық «Жетісу» газетінде, республикалық «Президент және Халық» басылымында жалғасын тапқан еді. Кейінгі кездері емшілікке ден қойғаныңыздан хабардармыз. Мамандығыңызды ауыстыруыңызға  не себеп болды?
– Емшілікке ден қойғаным рас. Бұл – жүрек қалауыммен таңдаған журналистикадан қол үзгендік емес. Шамам келгенше екеуін қатар алып жүруге тырысамын. Нақтырақ айтсам, енді емшіліктің қыр-сыры, оның жұртқа мәлім, беймәлім тұстары туралы көбірек жазатын боламын.  Емшілік қасиет менің қанымда бар. Мысалы, бабам Сұраншының  Әпсемет деген баласы емші болған. Алмас ұстаған адам. Емшілігі соншалық, қазір жазылуы қиынға соғып жүрген обыр – рак кеселін жазған. Алмас – өте күшті дәрі. Оны кез келген емші  қолдана алмайды. Әкем – Мұса діни білімі бар  молда еді. Сырқатты дем салып  жазатын. Әкемді ауылдастарымыз Мұса қари деп атайтын. «Қари» деген сөздің Құранды жатқа айтатын адамдарға ғана қатысты қолданылатынын ескерсек, әкемнің діни білімінің жоғарылығы байқалады. Бірақ олар Кеңес өкіметінің озбыр саясатының кесірінен  білімдерін пайдалана алмады. Ал анам – Бүбісара. Нағашы жұртымнан да елге танымал емшілер көп шыққан. 
Емшілікке қатысты басымнан өткен бір жайды айта кетейін. Мен  Райымбек ауданының тумасымын.  Қытайдың ядролық сынақ полигонының жақын орналасқандығынан ба,  біз жақтың адамдары қатерлі ісікпен көп сырқаттанады. Анам да осы аурудан қайтыс болды.
Студент кезім. Жолдасым Ләззәт екеуміз  орыс кемпірдің қуықтай бөлмесін жалдап тұрып жатқанбыз. Ұмытпасам, сәуір айы. Жеміс ағаштары гүл ашып, айнала көктеммен бірге түлеп, құлпырып жайнап тұрған кез. Сәске түсте далаға шықсам үйдің иесі алма ағаштың гүліне қонған араларды ұстап алып, денесін шақтырып жүр. «Не үшін?» – десем: «Араның уы мың да бір  ем», – дейді. «Обырға да ма?» – десем: «Өте асқынып кетпесе оған да ем», – деді.  Апаның сол кезде жасы 78-де еді. Ал түрі   60-тан енді асқандай жас көрінеді. Қимылы да ширақ. Емшілікке құмартуым  сол кезден  оянды. Жастығым шығар, обыр ауруын жазатын дәрі ойлап тауып, елдің аузынан түспейтін ғұламаға айналғым келді. 
– Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіпті.  Нені меңгердіңіз?
– Кез келген тіршілік иесі жан мен тәннің бірлесе жұмыс істеуінен құралады.  Дәрігер де, емші     де сырқаттың жазылуына тәннен бұрын жанның әсері болатынын ұмытпауы тиіс. Сондықтан  дерт меңдеді екен деп өкпе-бауыр, қол-аяқты емдей бермеу керек. Сырқаттың пайда болуына не себеп екенін біліп алған жөн.  Жаны емделмеген адамның ауруы ешқашан жазылмайды. Обыр ауруы да көбінесе  жан ауруымен сабақтас.  Ыстық ықылас, жақсы сөз, өмірдің жылы шуағы – жанның дауасы.  Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтіні содан. 
– Сіздің пайымдауыңызша, сырқаттың  алдын алу үшін не істеу керек? Аурудың туындауына  не себеп?
–    Аурудың түпкі тамыры сәйкессіздіктен. Сәйкессіздік дегеніміз – суық күнде жеңіл жүріп тер қату, тамақты артық жеп күпті болу, шамадан тыс артық жұмыс істеп зорығу.  Қайғы, сары уайымға салыну.  Ойламаған жерден жақсы хабар  естіп, қобалжу да жүрек талмасын ұстатады.  Сондықтан, әр нәрсені шектен шығармау керек.  Содан кейін бездің «шошынбауына» мән берген жөн. Бездің іші – әртүрлі аурудың вирусы.  Ғылыми медицинада мұны «эндокриндік жүйе» деп атайды.  Олар ми ішіндегі эпифиз бен гипофиз, қалқанша без, айырша без, ұйқыбезі, бүйрек үсті безі деп бөлінеді. Егер осы бездердің  қызметі дұрыс жұмыс істесе, адам денесіне кірген аурудың микробтары тез жойылады. Без – барлық микробты жинап алып, жойып немесе тұншықтырып ұстайды. Ғұлама емші бабамыз Өтейбойдақ Тілеуғабыл «Аурудың пірі – без» деген.  Сондай-ақ, бездер өзінен бөлінетін сөл арқылы (мұны ғылым тілінде гормондар деп атайды) дененің барлық мүшелерінің қызметін үйлестіріп, басқарып отырады. Мысалы, адам бойының қалыптан артық ерекше ұзарып немесе  өспей қалуы да мидың аралық бөлігіне орналасқан «гипофиз» безінің қызметіне тікелей байланысты.  Адамның сәби кезінде  қалқанша безінің жұмысы бұзылса бойы өспей, жыныстық жетілуі тоқтайды. Кеуде қуысындағы айырша бездің жұмысы бұзылса қанының қорғаныш қабілеті төмендейді. Соның салдарынан иммундық жүйенің күші азаяды. Қорыта айтсақ, адамның барлық мүшелерін басқаратын, мидың жөнді жұмыс істеуіне басшылық жасайтын да  бездер. Адам денесінде      9 түрлі без  бар. Бездің атқаратын қызметінің  зор екенін әлемдік медицина да мойындаған.  Деніңіз сау болсын десеңіз, қан тазалығына ерекше мән беріңіз. Жастық шақта қан таза болады. Ал,  қарт адамның қанында әртүрлі қажетсіз заттар шоғырланады. Адамның қаны неғұрлым  таза болса, дені соғұрлым сау болады. Яғни, қан, тән, жан үшеуі бірігіп  деннің саулығын құрайды. Имандылық жолындағы адамдардың бет- әлпетінің  нұрланып, көркем көрініп тұруы  қан  тазалығына байланысты.  Қазақ: «Жүзінен нұры төгілген»,   деген сөзді  осындай адамдарға қарата айтқан. 
– Қанды тазартудың  әдіс-тәсілі бар ма?   
– Қанды тазалауда өсімдіктердің алатын орны орасан зор.   Олардың қатарына алтын тамыр, уқорғасын, қалақай, итмұрын, араның уын жатқызады.  Осы төрт өсімдік көп жыл төсек тартып жатқан, миында ісігі бар, қант диабетіне шалдыққан, қан қысымы жоғары, эндокриндік жүйесі әлсіреп, қорғаныш  қабілеті төмендегендер  үшін бірден-бір ем. Бұлар қанды тазалап,  өт жолы мен бүйректегі тасты түсіреді. Бойға қуат беріп, асқазан, бүйрек, жүрек қызметін күшейтеді. 
Бездің жұмысын алтын тамыр жақсартады. Алтын тамырды «Патшалардың дәрісі, өлместің шөбі» деп атаған. Ел билеген хан-сұлтандар мен бай-бағландар қасиетті шөпті биік  тау баурайынан емшілерге тапқызып, алдыртып ішкен. Сусамыр ауруының негізгі себебі,  ұйқы безі  жұмысының бұзылуынан екенін ескерсек, бұл ауруды емдеуде алтын тамырдың алар орны айрықша. Сондай-ақ,  адамның жастық қалпын ұстап тұруға  алтын тамырдың әсері зор.  Емдікке алтын тамырдың спиртке жасалған тұнбасы пайдаланылады. Ол негізінен 20-40 тамшы аралығында ғана қолданылады. 
– Қандай кеселдерді жаза аласыз?
–    Шығыстың  сыртқа жарияламайтын құпия емдеу тәсілдерін үйрендім.  Бас, жүйке, сусамыр,  қан көтерілу, көз, құлақ, жүрек, асқазан, бүйрек, бауыр, бел, аяқ-қол сырқырау,  зәр тоқтамау, простатит, көтеу, гайморит кеселдерін емдеймін.  Сонымен қатар, маскүнемдіктен арылта аламын.  Тибеттің құпия әдісімен адамды  10-15 жылға жасарта аламын. Тамыр ұстап, дәлдеме қоямын. Алтын ине салып, сирек кездесетін шөптің тамырларымен ем жүргіземін. Ағзадағы артық  қанды алып, хиджама арқылы сауықтырамын. 
– Азат Мұсаұлы, денсаулықты күту, сақтану, емделу  барысында  мол мағлұмат бердіңіз. Алдағы уақытта дертіне шипа іздегендер сізді іздесе қайдан табады?
– Менің мекенжайым: Алматы қаласы, Шаңырақ-2 ықшам ауданы, Тоныкөк көшесі, 23 үй. 8 747 47 999 56,        8 775 292 27 78 телефондарына хабарласса болады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Гүлжан ТҰРСЫН