Құрақ құрау - бір өнер

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 3551

Ата-бабаларымыз қыз тәлімі – ұлт тәрбиесі деп білген. Сондықтан қырық үйден тыйым жасап, қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Өйткені бүгінгі қыз – ертеңгі ел анасы, отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесі. Сол себепті жаңа ашылып отырған  «Қызым, саған айтам...»  айдарында аналардың кеңесін тыңдай отырып, қыздарды инабаттылыққа, көркем мінезге, үй тұрмысына баулуды көздеп отырмыз. Ұлттық дәстүрді ұлағат тұтқан айдарымыздың алғашқы кейіпкері – Көксу ауданы, Жамбыл ауылының тұрғыны, ісмер Тамара Қасымова. 

Қырғызстанның Нарын облысында дүниеге келген Тамара Бердібайқызы бала жасынан ісмерлікке бейім болып өскен. Анасынан небары 7 жасында айырылғанымен сол уақытқа дейін көрген үлгі-өнегесі жадында жатталып қалған. Анасы Жамилә Төреханқызы өлең жазатын, аспапта ойнап, әнді төгілте салатын, он саусағынан да өнер тамған жан болған екен. Кейіннен анасының көзіндей болған құрақтарға сағаттап қарап, содан бір сыр іздегендей күй кешетін Тамара Бердібайқызы тігін машинкасын қолына алып, өзі де алжапқыш, киім тіге бастады. Анасынан қалған осы машинка әпкелі-сіңлілі қыздарды қолөнерге жақындата түсті. Кейіннен ол машинка сіңлісінде қалды. Ол да қолөнерге ерекше бейім болып, осы саланың білікті маманына айналды. 
Тамара Бердібайқызы кейін Қазақстанға келін болып түскен соң, үйде бекер қарап отыра ма? Енесінен қалған машинканы арлы-берлі айналсоқтап, жиналып тұрған қалдық материалдан шиқұрақ құрайды. Таңертеңнен тықылдап шыққан тігін машинкасының дыбысы тек кешке қарай күйеуі жұмыстан келгенде ғана кілт тоқтайды. Сонда қайын атасы «машинка демалатын болды-ау» деп қуанады екен.  
Өйткені Тамара Бердібайқызы бір бөлмелі үйде күнұзаққа атасының жанына отырып алып, құрақ құрайтын еді. Киізден шәркей жасап, оны да отбасы мүшелерінің қажетіне жарататын. Бұл да болса қолөнер иесінің еңбекқорлығын көрсетеді. 
– Қиялыңа ерік берсең, неше  түрлі  ою  құрауға  болады. Түрлі қазақы оюлармен қатар өзім «биші қыз», «аққу», «көбелек»  деп атау берген  оюларды көрпе тіккенде жиі қолданамын, – дейді ісмер жан. Ою-өрнек – халқымыздың қазынасы. Ол арқылы салт-дәстүріміз, көркемдікке, сұлулыққа құштарлығымыз айқын көрінеді. Сондықтан әрбір қазақтың қызы қолөнерге бейім болып, үй шаруасына икемделіп өсуі тиіс.
Бір айта кетерлігі, қырғыз елінде қолөнер қатты дамыған. Бала кезден аналарымыздың сырмақ сырып, киіз басқанын көріп өстік, оны өзіміз де үйреніп, 6 қыз жабылып, сырмақты бір күнде жасайтынбыз. Бүгінде де қырғыздың киімдері қазақ жерінде көп сұранысқа ие. Оның сыры, қолөнерге ерекше мән беретіндігінде.
Жалпы тігін өнеріне бейімдігім ана сүтінен дарыған деп ойлаймын. Жас кезімнен жақсы оюларды көрсем жинастырып, оны қағазға түсіріп алып жүретінмін, кейде өз ойымнан құрастырамын. Оюлардың әдемі болып шығуына ерекше мән беремін. Содан болар қыздың жасауына тапсырыс беретіндер көп. Жасаған көрпелерім, Қазақстанның түкпір-түкпіріне кетті. Астана, Қызылорда, Түркістан, Үшарал, Жаркент дейсіз бе, шартарапқа таралып жатыр. Мен осыдан пайда тауып, байлыққа  кенелейін  демеймін,  оны бизнес көзі деп санамаймын. Сондықтан базарға шығарып, көрпе сатумен айналыспаймын. Тек іздеп келген, өтініш жасаған жандарға тапсырыспен құрақ құрап беремін. Алыстағы ағайын, туған-туысқа да сый ретінде беріп жатамын. Осы құрақ көрпелерім арқылы  артымда ізім, қолтаңбам қалды деп ойлаймын.
Құрақ құрағанда адам өзін мазалаған ойдан арылып, бір сәт демалып қалады. Себебі, ол кезде қолға алған ісіңнің сәтті шығуы үшін еңбектенесің. Біткен нәрсені қолыңа алғанда бір шаттанып қаласың, – дейді. 
Тамара Бердібайқызының құрақтарына қызыға қарайтын адамдар көп. Бірақ қолына ине-жіп алып кірісіп кететіндері аз. Құрақ құрауды үйренем деп келгендерге кәсіп иесінің есігі әрдайым ашық. Қызығушылық танытқан келіншектерге де, оқушы қыздарға да құрақ құраудың қыр-сырын үйретуге әзір. Өйткені ұлттық өнердің ұмыт қалмауын мақсат тұтады абзал ана. 

Ана ақылы

Тамара Қасымова, ісмер:

– Бала кезімізде үлкендер «қыз бала үй шаруасын дөңгелентіп әкетуі тиіс, тамақ істеп, киім де тіге білуі керек» деп отыратын. Ол қағида бүгін де өзгерген жоқ. Кез келген қыз іске икемді болуы керек. Ол үшін ана ісімен үлгі көрсетуі тиіс. 
Бала көргенін жасайды. Жасырақ кезімде тоқыма көп тоқыдым. Сонда оған қыздарым қызығып, бір-бір біз алып, отыра қалып үйренетін. Оюдың көбін бүгінде ұлым ойып береді. Ол да қасымда отырып, осыны көріп өсті. Немерем де күні бойы мені айналсоқтап, құрақ құрауға тырысады. Үш қызым да өзіне керекті нәрсені тігіп алады.  Әсіресе кіші қызым Әсел қөлөнерге ерекше бейім, құрақ құраудың да қыр-сырын меңгерген, менің жұмысымды толықтай өзі атқарып жүр. 
Қызды қолөнерге баулудың бір артықшылығы – ол ертеңгі табыс көзі, үйде отырып-ақ  іс тігіп, отбасын асырауға да мүмкіндігі болады. 

Үлкеннің жолын
кесіп өтпе көлденең...

 

Қай кезде де түзу болсын сәлемің,
Қадір тұтар сонда сені бар елің.
Білімді бол ісмерлікке бейімді,
Өміріңе керек болар кейінгі.

Жан болмасаң жасыңда әдеп                          көрмеген,
Үлкен жолын кесіп өтпе көлденең.
Шектен шығып, сәнқойлыққа ұрынба,
Бетті бояп, қайшы салма бұрымға.

Ұятты бол, сақта арыңды жасыңнан,
Сонда ғана бақ кетпейді     басыңнан.
Қума босқа мақтан менен желікті,
Қыз дегенің қылығымен көрікті.

Ісің бітпей әңгіме айтпа көпіріп,
Содан шығар өсек пенен өтірік.
Түн ұйқысын төртке бөлген сен үшін
Ата-анаңды сыйлап өту борышың.

Биязылық сенен тапсын жарасым,
Сақта есіңе, сен болашақ анасың.
Жастан үйрен ұлттық әдеп-ғұрыпқа,
Қазақ қызы екеніңді ұмытпа!
Еркін ДҮЙСЕНБАЕВ. 

Алма Есенбаева