Мың домбыраның үні

Уақыты: 04.06.2016
Оқылды: 2588

Халқымыздың ұлттық құндылықтары әлемнің қай бұрышында да бірдей құрметке бөленіп, намысты өрлету мен ұрпақ тәрбиелеудің сара жолына айналған. Кейбір ұлттық құндылықтар Еуропа, Америка, Қытайда тұратын қандастарымыз арқылы Гиннес рекордтар кітабына еніп, қадірімізді күллі әлемге паш етіп жатқанын білеміз.

Айталық, Қытайдағы ерлі-зайып­ты кә­сіп­кер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азан­бекқызы 2008 жы­лы ұзындығы 100 метр, салмағы 1 тонна қазы жасап, оны Гиннес ре­кордтар кітабына енгізді. Ал 2010 жылы Шыңжаң өңіріндегі Толы ау­да­ны­ның 10 мың домбырашысы бір сәтте қа­зақ хал­қының «Кеңес» күйін орындап, Гин­нестің ре­корд­тар кітабына кірді. Сон­дай-ақ, 2012 жылы сол елдегі Болатбек Кә­рім­ханұлы жасаған ұзындығы 45, ені 14 миллиметр келетін кішкентай домбыра «Әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннестің ре­корд­тар кітабына жазылды. Міне, осын­дай көңіл қуантар жағдайлар көрші елде жасап жатқан бауыр­ла­ры­мыздың ара­сын­да көбейіп келеді. Оған Шыңжаңның Тарбағатай ай­мағы Толы ауданында өткен III ке­зекті «Тарбағатай тау гүлі шешек ат­ты» домбыра мәдениеті мерек­е­сін айтуға болады. «Мәдени шара аясында мың адам бір уақытта домбыра шертіп, көрермен ықы­ла­сына бөленді», – деп жазады Қытай сайттары.

 Қытай ақпарат құралдарының дерегі бойынша, бірнеше жылдан бері шы­ғыстағы көршіміз сол елде жасап жатқан ұсақ ұлттардың мә­дениетін дамыту бағ­дарламасын мық­тап қолға алған. Сол бағ­дар­ла­ма аясында қазақ хал­қының бег­зат­тық мәдениетін өр­кен­дету жобасы қабылданып, қар­қынды жұмыс атқа­рылып келеді. Осыған орай, Қытайдағы қазақтар тығыз шо­ғыр­ланған аудандар өз мүмкіндігіне сай ұлттық құн­ды­лық­тар­ды таңдап алып, на­си­хат­таудың жол­дарына ойысқан. Жо­ға­рыда айтылған Толы ауданының дом­быра мәдениеті мерекесі атал­мыш бағдарлама ая­сында 3 жылдан бері жалғасып, дәстүрге айна­лып­ты. Қуанарлығы, биылғы ша­ра­ға кілең орта мек­тептің төменгі сыны­бында оқитын оқушылар қам­тыл­ған. Әрине, мың оқушы – мың от­басының өкілі. Осының өзінен-ақ, бір ауданда тұ­ра­тын қазақ­тар­дың бәрі домбыра шертіп, күй тың­дай­ды дегенді аң­ғартады. Са­лыс­тыр­малы түрде айтатын болсақ, біздің кей ауданнан домбыра шертетін мың адамды таба алмайтынымыз анық. Осының өзінен шетел қазақ­та­рының ұлттық құн­ды­лық­тарға деген құрметі мен қызы­ғу­шы­лы­ғы­ның ерекше екен­дігін білуге бо­ла­ды. Осы тұста: «Толылықтар не­лік­тен қазақтың басқа музыка аспабын емес, дом­бы­раны таңдап алды?», – деген сұрақ туын­дай­тыны анық.

Домбыра – қазақ халқының өте ер­теден кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Бұл сөзді көне Шумер тілінен аудар­ғанда «кішкене садақ» деген ма­ғы­на береді екен. Біз хал­қы­мыз­дың осы бір күй аспабын қай дәуір­ден бері қолданғанын дөп басып айтып бере алмаймыз. Алайда қазақ да­ла­сының әр тұ­сында домбыра ас­па­бының тарихынан сыр шертетін дә­лелдер сайрап жатыр. Ай­талық, Жам­был ауданы аумағындағы таң­балы тастарда шамамен 2,5 ғасыр бұрын қашалған домбыраның суреті табылған. Бұл ұлттық ас­пап­тың тас бе­тіне түскен мезгілін білдіреді десек те, хал­қымыз оны одан әлдеқайда бұрын ру­хани өмірін байытуға қолданғанын көр­сетеді. Қос ішекті шертіп ой­най­тын музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспап­тар тобына жатады. Күй перне және арнайы құ­лақ­тарымен келтіріледі. Аспап үні қо­ңыр, құлаққа жағымды әрі жұмсақ болып келетіндіктен ата-баба­ла­рымыз ежелден домбыраны киелі аспап сана­ған. Сондықтан дом­бы­раға үкі тағып, аялап төріне іліп қою қазақтың дәстүріне айналған. То­лылықтар сол дәстүрдің жо­ғалмауын назарға алғаны анық.

Иә, Абылай хан дәуірінде қазақ ел болып қалу үшін жаумен айқас­ты. Ақ найзаның ұшымен, ақ бі­лек­тің күшімен елдігімізді сақтап қалды. ХХ ғасырдың басында Ә. Бөкейханов бастаған арыс­тарымыз жоқ дегенде автономиялы рес­публика болу үшін күресіп, қанын төгіп, жанын берді. Құдайға шүкір, қазір егеменді ел болдық. Қазіргі ұрпақтың міндеті – эко­но­ми­ка­мыз­ды дамыта отырып, ұлттық құн­дылығымызды қор­ғап, әлемдік қауымдастыққа кіру. Егер ұлт­тық құндылығымызды сақтаймыз де­сек, осы жолдан таймауымыз тиіс.

Қажет АНДАС