ЖАНУАРДЫ ЗАҢСЫЗ АТУ: 5 МЛН. ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 07.07.2020
Оқылды: 2234

Жануарларды қорғау – өзіміз үшін де, келешек ұрпақ үшін де маңызды. Ол экологиялық, экономикалық, тіпті, эстетикалық жағынан да қажеттілігімізге жарайды.  Сондықтан жануарлар дүниесiн, оның биологиялық сан алуандығын сақтау, жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған түрлі іс-шаралар "Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің барлық қызметкерлерімен бірлесе жүргізіледі. 

Осы орайда, жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу бойынша деректер анықталса, оған айыппұл салынатынын ескерткіміз келеді. 
Нақтылай түссек, біріншіден, “Әкімшілік құқықбұзушылық туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің 382-бап, 3-тармағында көрсетілгендей, «Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған болса, әкімшілік құқықбұзушылық заттары немесе құралы тәркiлене отырып, айыппұл салынады. 
Мәселен, жеке тұлғаларға – 70, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 110, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға не аң аулау құқығынан екi жылға дейiнгi мерзiмге айыруға әкеп соғады. 
Екіншіден, «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту туралы» ҚР Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес келтірілген залал үшін айыппұл мөлшері мынадай: 
Түркмен құланы – 2000 АЕК, 
Қарақұйрық – 400 АЕК, 
Арқар – 1500 АЕК, 
Сібір тау текесі – 250 АЕК, 
Елік – 250 АЕК.
Сонымен қатар, жоғарыдағы министрліктің бұйрығына сәйкес егерде республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарлар дүниесі объектілерін заңсыз алу болса, айыппұл көлемі  үш есеге, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің тізбесіне (ҚР “Қызыл кітабына”) енгізілген жануарлар дүниесі объектілерін немесе алуға тыйым салынған жануарларды жою болса, айыппұл тағы да үш есеге көбейеді. 
Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзін ескеріп, еліміздің әрбір азаматы мемлекетіміздің заңына бағынып, Отанымызды, даламызды, оның жануарлары мен өсімдіктерін қорғай білейік! Еліміздің, жеріміздің байлығы – біз үшін және ұрпағымыз үшін керек екенін есімізден шығармайық!

Нұрлан МОЛДАХМЕТОВ,
“Алтын-Емел” МҰТП
Қапшағай орманшылығының орманшысы

Сурет ғаламтордан алынды