ЖАЗ ӨТЕ ҚҰРҒАҚ: ШОҚ ТИСЕ ӨРТЕНГЕЛІ ТҰР

Уақыты: 09.07.2020
Оқылды: 1896

Биыл жаз өте құрғақ. Сәуірден кейін жаңбыр да аз жауды. Шөп қурап, ағаштар сықырлап тұр. Титтей ұшқын тисе, жер әлем тұтанып кетердей. Халқымызда «Кедейге жел де қарсы» деген сөз бар. Коронавирустың індетіне қуаңшылықтың қосарланып тұр. Дегенмен, алдағы күннен үмітіміз үлкен. Сол үмітпен жұмысымызды атқарып жатырмыз.

 «Жоңғар» орманшаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 7-айналымына 4261 гектар жер тиесілі. Оның 1422 гектары орман алқабы. Ала жаздай осы аумақты өрттен сақтау үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп тұрады. Орман алқабын ұлғайту мақсатында Солдатсай шатқалына 2,4 гектар аумаққа 19 мыңға жуық шырша егілді. Жас көшеттер үнемі күтіп-баптауды қажет етеді. Хал-қадірімізше ол жұмыстарды да атқарудамыз.

Қазіргі кездегі орманшылар үшін ең басты мәселе – орман өртіне жол бермеу, қауіптің алдын алу. Негізі, найзағайды есептемегенде, ормандағы өрттің бәрі сыртқы себептерден болады. Яғни, адам қолымен жасалады. Әрине, адам да қасақана өрт салмайды. Бұндай жайттар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаннан, оған жүрдім-бардым қарағаннан шығады. Сондықтан, біз – орманшылар айналада отырған малшы ағайынға, табиғат аясына келіп демалушыларға арнайы жасақталған жадынамаларды үлестіріп, орман қорын бірлесе қорғауға, табиғатты аялауға шақырып тұрамыз. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарында орман алқаптарын өрттен қорғау жөнінде жиі айтып отырған дұрыс. Әсіресе, өмірден алынған мысалдарды келтіре отырып,  газет, радио, теледидар арқылы өрт қауіпсіздігі ережелерін көпшілікке түсіндірудің маңызы зор деп есептеймін. Біз өз тарапымыздан орманға барар жолдарда, демалатын орындарда, орман жұмыстары жүріп жатқан жерлерде түрлі түсті плакаттар, хабарламалар арқылы өрттен сақтандыру туралы ақпараттар іліп қойғанбыз. Алайда, осыларды орман маңында демалушылар ескере бермейді. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы – орманды тілсіз жау өрттен қорғауға, аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз.

Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, аурымаудың жолын ізде» деген нақыл бар. Тұтанған орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғы шарттарын қатаң сақтау қажет. Бұл тек орманшының міндеті емес. Себебі, орман – елдің байлығы, адамзаттың ауасы.

Жайлаубек Сейсембаев,
«Жоңғар» орманшаруашылығының орманшысы
Сурет ғаламтордан алынды