Қыз-ғұмыр

Уақыты: 13.03.2017
Оқылды: 1856

І.
Ол ерке еді. Алдында әпкесі, екі ағасы, соңында інісі бар бүлдіршінді әкесінен бастап, отбасындағы жанның барлығы, тіпті көрші-қолаң да жақсы көрді. Аяғын апыл-тапыл басқанынан жүрісі ширақ танакөз қыз сүйкімділігі өзіне қаратпай, шашынан сипап бір жақсы сөз айтқызбай қоймайтын. Үйдегілер де бар жақсыны соның үстіне ілетін. Ешкімнен жатырқамайтын, тілі шыға бастағаннан  өзінше ән айтып жұртты мәз қылатын. Баланың бал тілін қызық көретін үлкендердің сан сұрағына тайсалмай жауап беріп, еркін сөйлейтін. Үш ұлдың ортасында өскен ол екі ағасы мен інісінен қалыспай шалбар киіп, шыбықты ат қылып мінді, асық  ойнаса сақасын дайындап қалыспады. Бірі неміс, бірі кеңес әскері рөліне енетін ойын түрі «соғыс» басталса, «мылтығын»  асынып алдыңғы  шепте жүретін. Тіпті, қатардағы жауынгерлерге қалай  қолбасшы болып кеткенін де аңғармай қалатын. Ұлдар оған намыстанбайды, өйткені ол қыз да болса  шабуылдың тәртібін жақсы білетін. Шешімді тез қабылдайтын. Бірден әрекет ететін. Сөйтіп, жеңіске жетуге жол ашатын.
Жеңіске жету оңай ма, үсті-басы шаң-шаң болып, қалжырап келген қызына Күлсін анасы: «Қыз деген атың бар емес пе? Осылай да ойнай ма? Оның орнына мына үйге қарамайсың ба?» –деп кейістік білдіреді. Ол кезде шәугімді ала салып, су шашып, үлкен сыпыртқыны ерсілі-қарсылы серпіп еден сыпыра бастайды. Ыдыс-аяқты да жуып тастайды. Мал дәрігері болып істейтін әкесіне үзіліссіз келіп жататын шопандардан соң  неше рет сыпырсаң да артық емес. Қонақтардың қажетін тауып беріп, дастарқанын жайып, ыстық-суық шайын бірдей беріп, маңдайын терлетіп «шаршағанын» басқысы келетін әкесі енді өзі қалжырап қалады. Ол кезде  су сұраса  бәрінен бұрын жүгіріп, жан әкесінің бар жылы сөзін, мақтауын бір өзі естіп, өзгелерден мерейі үстем болып шыға келетін. Мектеп табалдырығын аттағанда да  енді  әкесі ұстаздарының өзін мақтағанын үнемі естіп жүруі үшін барын салды. Жақсы оқыды, қоғамдық жұмысқа белсенді болды. Әкесінің ата-аналар жиналысынан мерейі тасып, қуанып қайтқаны бір мереке болатын. Ол күні небір тәтті дастарқанға қойылып, кішкентай бөлменің іші керемет бір қуанышқа, қызыққа толатын. Келесі күні тау басына шығып, қызына құшақ тола сан алуан гүл әкелетін. Сол күндер не деген бақытты еді. Иә, мұның бәрі ұзаққа бармады, өкінішті... Аяқастынан күркірей салатын тау аспаны іспетті кенеттен бар болғаны 47 жасында  асыл әке дүниеден озды.  Небәрі онға толған бүлдіршін тағдырдың осындай соққылары болып тұратынын түсіне алмады: жылады, жасыды, санасына жауабы жоқ сан сауал қаптады. Енді үлкендерге еріп қабір басына баратын болды, гүл ала барады. Тұнжырап барып, мұңайып қайтады. 
Ол – сен едің, ШОЛПАН.

ІІ.
Күндіз  де, түнде де көркінен таймайтын Алматыны сол күні біртүрлі бұлт басты. Аспантаулар етегіндегі Саты ауылында тіршіліктің қамымен анда бір, мында бір жүгіріп жүріп, кешкі шайын әзер ішетін ананың жағдайы алаңдатты ма, әлде алыстағы  бауырларын сағынды ма, жоқ ауа райының ызғары ма, әйтеуір көңілсіздік еңсесін басып, жатақханадағы төсегіне бүк түсті. Енді ғана ілініп кеткен көзін құлағына жеткен ұл-қыздың у-шуы ашты. Дәліздің іші  абыр-сабыр, ыза мен ашу аралас шыққан дауыстардан ештеңе ұғып болмайсың. 
Желтоқсан көтерілісі деген атпен тарихта қалған, тәуелсіздік тұғыры іргетасының мызғымас кірпіші қаланған 1986 жылы сол уақытта ҚазПИ аталатын институттың тарих факультетінің 3-курс студенттері 16-17-күні де алаңда болды. Жаяулап-жалпылап жан-жақтан ағылып жатқан жастардың санына жету мүмкін емес. Жатақхана біткен қатаң бақылауға алынып, есіктің барлығы кілттенді. Бұйрық солай. Оған көнетіні бар, көнбейтіні бар. Ашу-ыза оятқан намыс ернеуінен асты. Бір топ жігітпен бірге ол да балконнан секіріп, оқиға өршіген алаңды бетке алды. 
Келесі желтоқсанның 18-і  күні сағат күндізгі он бірлер шамасында  бірнеше курстас жігітпен алаңға қарай тағы аяңдады. Кенеттен Фурманов көшесі жағынан лап қойған қарулы милиционерлер мен әскерилер жиналғандарды соққының астына алды. Айғай-шудан құлақ тұнады. Құлап жерде жатқандар жараланған болуы керек, ыңырсиды. Оған қарап жатқан жан тағы жоқ. Шімірікпестен қыздарды шашынан сүйреп бара жатқандар да бар. Ол басына тиген ауыр соққыдан шалқасынан түсті. Бет-аузы домбығып шыға келгенін сезді. Екі милиционер сүйреп машинаға салғанда ғана есі кіргендей болды. Көздерінен жас аққан, жүзінен үрей  ұшқындайтын қыздар бір-біріне енді күніміз не болады деген қорқынышпен үнсіз қарайды. Оларды Алатау аудандық ішкі істер бөліміне алып келіп қамады. Оның шығасылы-кіресілі есі бар. Бір кезде бір-бірлеп шығара бастады. Бөлмеге енгенде көзіне түскен фотограф оны суретке түсірмеді: киімі жыртылған, бетінен көзі қайсы, мұрны қайсы көрінбейді, кескінінен кім екенін ажырату мүмкін болмағандықтан болар. Әлде Кеңес үкіметінің жауыздығы мен осынау қылмысына дәлел қалдырғысы келмеді ме, кім білсін? Екінші бөлмеге алып келгенде ақ халат киген екі орыс әйелі мен милиционер отыр екен. Сұрақ  қарша борады. Біреуі келіп аты-жөнін қайтадан сұрады. Оны шырамытқанымен мұндай жағдайда қайдан еске түссін. 
– Қарындасым (не деген жылы сөз), – деді ол сыбырлап, – мен сені танып отырмын. Ауруханадан қалай да қашып шығуға тырыс. Әйтпесе соңы жаман болады. Басқа қолдан келер амал жоқ.
Ақырын сұрастыра келе өздерінің екінші ауруханада отырғанын білді. «Алаңда жарақат алған»,  деген жалғыз сөйлем жазылған қағаз ұстатып, рентгенге түсіруге жіберген кезде бір есікті итеріп көріп еді ашық тұрғанын түсінді. Бәлкім әлгі Қали ағасы болар ашып қойған.  Есіктен шыға бере  көк мұзға тайып жығылған ол жанталаса орнынан тұрып аяғы-аяғына жұқпай жүгіре жөнелді. Артына қарауға да шамасы жоқ. Дала тас қараңғы. Бір кезде қасына тоқтаған машина жүргізушісі: «Қарындас, отыр»,– деді. Күні бойғы неше түрлі былапыттан соң мына «қарындас» деген сөз құлағына жеткенде таңдайына бал салғандай болды. Еркінен тыс екі көзден жас домалай жөнелді. «Ой-бой, түріңнен түр қалмапты ғой»,– деп аяушылық білдірген жігіт ағасы  жатақхана жанына әкеліп тастады. Оның  мына адам шошырлық кейпін көрген қыздар ботадай боздады. Білген ем-домын жасап жанталасты.  Жатақханада бірнеше күн қайта-қайта жиналыс болды. Айтатындары: алаңға барғанның барлығы оңбаған, адам емес. Ішкіш немесе нашақор. Қоғамдағы достыққа, бірлікке... қарсы шыққандар. 
Сондай аласапыран күндердің бірінде декан Шәбден Әбілханов деген ағай шақырып алып:
– Қызым, ауылға қайт. Жағдайың ауыр, миың шайқалған. Қара тізімде жүрсің. КГБ-нің бір майоры күн сайын тексеріп жүр,–деді. Ағайлар мен апайлар ақылдаса келе бір курс төмен оқитын  студентті қосып, оны ауылға жеткізетін автобусқа отырғызды.  Кейін  Желтоқсан көтерілісіне қатысқан  Алматы облысының студенттері туралы «Найзағай-намыс» деген кітап шығарды.  «...кеңестік бодандық қамытынан құтылу жолында  Қайрат пен Ербол, Ләззат жас өмірін қыршын етсе, талайдың тағдыры  тәлкекке түсіп, темір торға тоғытылып, жаны азапталып, тәні жараланып, ары тапталған жоқ па еді?! Ендеше неліктен осындай тарих бөлшегін назардан тыс қалдырып, жұрттың көңілін алдаусыратып, шыршаның көлеңкесіне бұқтырып, тықпалай бермекпіз? ... Аязатаның сыйлығын күткеннен гөрі  тарих бетінен ойып тұрып орын алатын «Желтоқсан көтерілісі»   туралы неге кең мағлұмат беріп, Тәуелсіздік күнінің қаншалықты қасиетті, қастерлі, мағыналы, мазмұнды екенін ұқтырмаймыз жас ұрпаққа. Бүгін өткенімізді құрметтеп, барымызды бағалап, жоғымызды түгендемесек, ертең өзгенің қаңсығының таңсық болып қала берері сөзсіз. Есімізді тезірек жинамасақ, Абайша айтқанда: «Қолымызды тағы да мезгілінен кеш сермеп қалып жүрмейміз бе?» – деп жанайғайын газетке жазды. Бұл ойын ашық айтудан талай мәртебелі жиында тайсалмады.
Ол – сен едің, ШОЛПАН.

ІІІ.
Гүлденіп, түрленіп келген көктеммен бірге ол да Алматыға жетті. Тән жарасы жазылғанмен, жан жарасының ізі кетпей, жүректі сыздатар сызы қалды. Ортасына келіп қалған оқуының қалған екі курсын сырттай бітірмек болып, құжаттарын жөндеді де «Дәуір» баспасына жұмысқа тұрды. Жатақханасы бар, газет-журнал мен журналистердің ортасы.  Өзі жақсыға қай жерде де орын табылады, дегендейін жаны жайсаң, елгезек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден жаңылмайтын бойжеткен жаңа ортаға тез кірігіп кетті. Көп ұзамай тіпті «Алматы ақшамы» газетіне  корректор, сосын тілші болды. Кейін «Жетісу» газетінде еңбек жолы жалғасты. 
... Қазақстанның жан-жағынан бал жинаған арадай  арман қуған жастар жиналатын бас қалада басты мәселе – баспана. Жанашыр жандардың ақыл-кеңесімен жатақханада жата беруді құп көрмей, үй салудың қамымен жер телімін алды. Тек ғана қазақтар: бірі іргетас құйып, бірі тиесілі телімінің шекарасын ғана белгілеуге шамасы келген... әйтеуір бір бітер деп баспана қамына кіріскен тұста ол да солардың қатарында жүрді. Бұл күнде кәдімгідей қалаға ұқсап қалған «Шаңырақ» шағын ауданында тұрған еңселі үйдің бір уыс шегесіне дейін сөмкеге салып, жаяу тасығанын сөз реті келгенде айтып қалатын. Сөйтіп жүріп «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» дегендей, ерік-жігері, қолға алған ісін түбіне дейін жеткізбей тынбайтын мінезі талайдың таңдайын қақтырды. Үй түгілі көмір қора сала алмайтындар оны көргенде жерге қарайтын еді еріксіз. Ол үй аға мен әпкенің, ағайын-жекжаттың студент бала-шағасына пана болды: тоңса келіп жылынды, өзегі талса  кең дастарқан басына жиналды. 
Есіктен енгенді елпілдеп қарсы алу, кім болса да қонақ қылып шығарып салу – әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңген қасиет. Ол үш жаста ғана болғанда таулы өңірдің қысы тым қатты болды. Бірде қойлы ауылдан келе жатқанда  әкесі тау ішінде суыққа тоңып, от жағып қалтырап отырған геологиялық экспедиция мүшелерін көреді. Шағын ғана үйдің екі бөлмесінің бірін соларға босатып беріп, қысты өткізеді. Төрт-бес ай бойы бір шаңырақ астында бір таба нанды бөліп жеген сол геологтардың  жетекшісі Станислав Богуцкиймен ол дүниеден өткенше хабарласып, араласып тұрды. Қартайғанда жалғыз өзі жатақханада тұрған оған жиі барып, азық-түлік апарып жүргенін көз көрді. Көктөбенің төбесіндегі орыстың шалын ол «менің Стас әкем» дейтін. Өйткені бір кезде әкесінің жақсылығын көрген азамат одан қолынан келгенше қамқорлығын аямаған. Тіпті үй саламын деп, еркектің қолынан әзер келетін жұмысты бастағанда ескі «Нивасымен» қажетті материалдарды  тасып, ақыл-кеңесін айтып, қолындағы қаражатына дейін берген. Оны қалай ұмытсын, қайтыс болғанда жерлеуіне қатысып, басына гүл шоғын қойғаны бар. Христиандардың «Родительский день» дегені болғанда зиратына барып жүрді. «17 мамыр Стастың туған күні еді. Тірі болғанда әкемдей қамқор болған жан 82-ге толатын еді. Жатқан жерің жайлы болғыр. Ренжіген болар, араға бір жыл салып бардым басына. Бармайын демеймін, бірақ сәті түспейді. Аруағы разы болсын. Тіршілігінде көп қолдау көрсетті. Маған шын жаны ашыған, сенген, жақсылығын аямаған бір жан болса ол – Стас әкем еді. Пенделігім басым-ау, сол қасиетін ұмыта бастағандаймын. Ақымақ екенімді өзім де білемін». Бұл жолдар оның 2013 жылы жазған  күнделігінен. Жоқ, бұл ақымақтық емес, жүрек  кеңдігінің,  екінің бірінің басынан табыла бермейтін адамгершілік  пен жақсылықты ұмытып кетпейтін жақсы қасиеттің куәсі. Жанының нәзіктігі, жүрекке  толған мейірімнің дәлелі. 
Ол – сен едің, ШОЛПАН.

ІV.
Осы жыл есіктен енсе ерекше бір өзгерісін ала келетіндей, тұрмыстың небір тауқыметі азайып ғажап бір күйге түсетіндей үлкен-кіші жанталасып, миллениум деп жар салғанымен алақайлайтындай ештеңе болмастан бірінші жарты жылдықтың да соңы жақындаған сәт. Газеттің қарбаласы бір таусылмайды.  Осындай бір күні сен «Жетісу» газетіне жұмысқа тұрдың. Ол күнді өзің маған аманат еткен күнделігіңе былай жазып қойыпсың: «Кәдірбек аға (бас редактордың орынбасары) бөлім бастығына алып келді. Бөлмеде екі-үш адам отыр екен. Төрдегі көзілдірік таққан әйелге қарата: «Жәке, мына қыз Сіздің бөлімде істейтін болады. «Алматы ақшамынан» келді. Жиналыстарды жазып төселген. Енді әрі-бері шапқыламайтын болдыңыз», – деді. Көзілдіріктің астынан қараған көз: «Оны кезінде көрерміз», – деп қысқа қайырды. Білем, онша жақтырмаған секілді. Бұл апта соңы болуы керек. Дүйсенбі жаңа жұмыс орында жиналыс болып, менің келгенімді күтіп тұрғандай, көзілдірікті әлгі кісі жауапты хатшылыққа көтеріліп, біраз ауыс-түйіс жүріп, ендігі жерде мені Ерғали Ахметовтың қасына «Қоғамдық өмір» бөліміне жіберді. Осылайша, 2000 жылдың маусымынан еңбек кітапшама «Жетісу» дейтін қара шаңырақтың мөрі басылып қана қоймай, өмірімнің жаңа парақтары ашылып, көпшілік Жәке деп құрметтейтін Қабдол шалдың көзілдірікті қызы Жанкүміс Жәмеңкемен де таныстығым басталған еді», – деп жазыпсың. Міне, осылайша қатқылдау әсерімен есіңде қалған алғашқы жүздесу  Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы болып, барша жұрт үдере көшкен шаһарға біз де ат басын тірегенімізде бауырмалдыққа, үйлесімді әріптестікке, сыр бөлісетін апалы-сіңлілі  әдемі қарым-қатынасқа ұласты.  «Әкелер мен балалар», «Біздің елдің жігіттері» деген авторлық жобаны іске асырып,  елге еңбегімен танымал небір  зиялы деген адаммен әңгіме-сұхбат жүргіздік, оны кітап етіп бастырдық. Қаншама шақырымды сенің ақбоз атыңмен («Тойота камримен») бірге жүрдік, ұзақ жолды қысқарту үшін  талай-талай  әңгіме шерттік. Тақырып ортақ, пікір ортақ. Адамдармен тез тіл табысу, бір көрген жанмен қарым-қатынасты одан әрі жалғастыру – саған тән қасиет болатын. Сен сол кейіпкерлерімізбен байланысты риясыз көңілмен жалғастыра да білдің. 
Қателікті мойындау,  кешірім сұрауды  кемшілік емес, кеңшілік деп білетінсің. Бірде мен өзіңе ренжіп қалдым, табиғатымнан  бірден турасын айтатын мінезіме салып, біраз  жерге бардым.  Ашуланған қалпыммен түскі үзіліске шығып кеттім. Үйге барып келіп, есікті ашып, кабинетке енсем, киім ілетін шкафтың ішіне,  үстелімнің үстіне, компьютерге, тіпті тартпаның ішіне де: «Жәке, кешіріңізші!» – деп жазған қағаздарды қаптатып жайып тастапсың. Күліп жібердім, сенің қылығыңа, ойлап тапқан  әдісіңе ішім жылыды. Енді  өзі қайда жүр екен деп ойлағанымша, есіктен ендің, орнымнан тұрып құшақтай алдым, екеуміз де жылап жібердік. Бұл – бір-біріне деген құрметтің, сыйластықтың белгісі еді. Басқа біреу болса бір-екі апта бойы немесе одан да көп сөйлеспей, тіпті амандаспай да жүре берер еді. Қазір сол қылығың ғана есімде, тіпті не үшін ренжігенім ойға оралмайды.
...Мамаң ауырып, Алматыға қайта кеттің. Енді біздер көбіне телефонмен сөйлесетін болдық. Бір жаңа жылды қарсы алуды бізбен өткізу үшін аяқастынан маған айтпастан Талдықорғанға келдің. Алдымен Гауһар мен Мұратқа соғып, оларды ертіп алыпсың. Есікке қоңырау соғып, келген Мұрат пен Гауһарды енгізіп, ас үйге дастарқан мәзіріне кіріп кетсем, балконның терезесін біреу қағып тұр ғой. Қарасам сен тұрсың. Мен қонақтарыммен әуре болып жатқанда  жатын бөлме арқылы ас үйдің балконына өтіп кетіпсің, мен байқамай қалыппын. Төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен мені қуанту үшін ойлап тапқан әрекетіңе риза болып сен қарап тұрсың. Сондағы мәз болғаным-ай. Күні бүгінгідей  көз алдымда. Керемет тосынсый болды. Шағын ғана үйімнің іші кең далаға  ғана сиятындай күміс күлкі, шат-шадыман шаттыққа бөленді де кетті. Мұндай сәттерді тізе берсе толып жатыр.
 Күн сайын жан-жағыңдағы дос-жаран, туған-туысты қуантып жүру – басты жұмысың сияқты көрінетін. Әйтеуір біреудің мәселесін шешіп, қиындығын жеңілдету, қуанышы мен қайғысын бөлісуден кеш қалмауға тырысып жүргенің.  
Ол – сен едің, ШОЛПАН.

V.
Қос ішекті, тоғыз пернелі қара домбыра сенің ешкімге айтылмайтын сырыңды, жұдырықтай жүрегіңе тыным бермей түнде ұйқыңды, күндіз күлкіңді ұрлайтын, екінің бірінің басына бұйыра бермейтін сұлу сезіміңді төгетін сыр-сандығың еді-ау. Оны қолға алғанда сәл күн қақтаса қоңырлана түсетін жүзің нұрланып, танакөздерің іштегі сезімнің селін төгіп жіберердей тұна қалар еді. Екеуміз ғана отырған сәттерде, көңіл-күйің арнасынан асар небір шақта көпшілік ортасында  да  Есенқұл Жақыпбектің  сөзіне жазылған осы бір «Өзіңді аңсап» әнін шырқағанда әр сөзіне, әрбір жолына, үтірі мен нүктесіне дейін салмақ салып, сыр түйер едің. Жүрек дір етеді, сезім пернелері діріл қағады. 
Өзіңді аңсап өтеді көктем, өтер күз,
Аңсаумен өткен өмірге мынау не етерміз.
Көрсем деп шіркін іздеген мәңгі бір-бірін,
Көк аспандағы Ай менен Күндей екенбіз.

Қайырмасы:
Жаным-ау, менің жағама таққан тұмарсың,
Жалғанда жалғыз жабығып жүрген шығарсың.
Ұнарсың талай бір көрген жанға ұнарсың,
Өмірде бірақ өзіме ғана сынарсың.
Көркемім сені көрсем де жақсы өзгеден,
Қиналдым соны айта алмай саған сөзбенен.
Сен тұрған ауыл, ел-жұртың неткен бақытты,
Өзіңді күнде жүретін көріп көзбенен.
Қайырмасы:
...Бірақ сен адалдықтың ақ жібін аттамадың: бүгінгі қоғамда жат болып саналмай бара жатқан бейне бір көйлек сатып алатындай өзі үшін перзентті болып жататындар қатарына қосылмадың; әке аруағы сырқырамасын, аяулы ана, аға мен әпке, іні мен сіңлі жанары сен үшін жерге қарамасын  деген тұжырымды жоғары қойдың да «жалғанда жалғыз жабығып жүре бердің».  Жүрегі жібімейтін, сезімі туламайтын, шын қуанып, шын күрсінбейтін, бәріне жайбарақат қарайтындар ортасынан жалыққанда домбыраңды қолға алып, әуелетіп алар едің. Сыныптастармен, курстастармен болатын түрлі кездесуге, той-томалаққа барар кезде  жалғыздықтың жаныңа қалай батқанын өзіңнен өзге кім білді дейсің. «Осындай  қызды көрмейтін жігіттер соқыр болып кеткен бе?» – деп  айтқан қалжыңын орынсыз деп санамайтындарға: «Менің жігітім Ауған соғысынан қайтпаған», – деп қисық әзілмен жауап беріп, ащы күлкіге айналдырғаныңмен сол сәтте ішіңде қандай өрт басталғанын тағы да тек өзің білдің... Қыз-ғұмыр осылай жалғасты.
Ол – сен едің, ШОЛПАН.
                                             
VI.
Жиырма бірінші ғасырда да дауасы табылмай, тіпті  оның құрсауына түскендер көбейіп тұрған  дертке шалдықты. Егілмеді, езілмеді. Ажалыңның қай күні болатынын айтпайтын, алайда жақындап қалғанын анықталуымен сездіретін аты жаман, естінің есін алар оның мәліметтеріне қайсарлығын, жігері мен үмітін қарсы қойды. Бұл жолы да өзінен бұрын өзгелерді: ағайын-туыс, дос-жаранының жаны жараланбауын ойлады. Барын салды, күресті, сыр бермеді. Шетел асып, Кореяға да барды. Келбетіне келісті көрік беріп тұратын қою қара шашы химия әсерінен түсіп қалғанда да, қас-қабағы, кірпігінің орны ғана қалғанда да  жан дүниесі езіліп, жидіп жатса да жан-жағына білдірмеуге тырысып бақты. Ем болады-ау дегеннің құлағы естіп, көзі көргенін пайдаланып, қайтсе де  жарық дүниенің  кеші батқанымен ертең атқан таңын көре тұру үшін  жанталасты. Өйткені ол өмірді, табиғатты,  үйінің маңдайшасына ұя салатын қарлығашқа дейін, еңбегімен ерекшеленетін құмырсқаны ... Бәрін-бәрін,  жан-жағын жақсы көрді. Оларға қол ұшын созудан шаршамады, соған асықты. Ол кімге жақсылық жасамады десеңізші?!
Бірде үміт, бірде күдік сыйлаған  өмір үшін күрес бес жылға созылды. Әдетте  мұндай дертке шалдыққандар бірер жылдан әрі аспай жатады. Сенің өмірге соншама құштарлығың, барынша күрескенің, тіршіліктің тынысына деген арпалысың елу деген елеулі жасқа толғаныңды атап өтуге барлық жақыныңның, сені жақсы көретін жандардың жиналуына мүмкіндік берді. Қуандың, шын қуандың, бой жаздың.
Содан кейін бүкіл  дос-жаран, туған-туыс,  көңіл сыйлас жандардың телефонын тізіп шықтың.  Алтын-күміс  сақина-сырғаларыңды кімге беру керектігін жаздың. Ауылға барып, саумал ішіп келемін деген сылтаумен кіндік қаның тамған туған жерді, Сатыдағы қара шаңырағыңды бетке алдың. Соңғы деміңнің жарық дүниенің есігін ашқан жерде шыққанын қаладың. Бұл не сонда? Салқынқандылық па, ақылдылық па, өлімді мойындау ма? Оған қандай күш-жігер керек?
Ол – сен едің, ШОЛПАН.

VII.
Әдетте адам өмірден озғанда артта қалған тірілердің көкірегіне мөлдір мұң аралас сағыныш сезімін сыйлап кетеді. Бұл жан-жағына, өмір сүрген ортасына, еліне қадірлі жақсылардың ғана маңдайына бұйырады. Шолпан, міне, сондай жаны жайсаң жақсылардың жалғасы еді десем, дау айтар жан табыла қоймас. Сол жақсылығын жоғалтпаған қалпы өтті, оған дәлел де,  бейне бір аңыздай  қылып айтар дерек те көп.   
Бәрін де қойшы…бәрі де өтер тоқтаусыз,
Өмір ме өмір, өнбей де өспей жоқ-барсыз.
Кезегім келіп, кеткенде келмес сапарға,
Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз, – деген пендеге тән тілек сенде де болған шығар. Сенің  «Жетісуың» сол тілегіңді жүзеге асырып, аяқталмаған кітабыңды өзіңе деген сағынышпен толтырып шығаруда. Сенің жоқтаушың бар. Құлағың естіп, көзің көрмейтін осынау небір керемет көңіл толқынын мүмкін сезіп жатқан боларсың. Риза болғайсың.
...Алматыға көшіп келгенмін. Қоңыр күз бен қыраулы қыс өтті. Жер бетін жаңғыртып, жадыратып, сені өмірге әкелген көктем де келді. Наурыздың он бесі сен туған күн. Сен көре алмаған елу бірінші көктемнің қызығынан мұңы басым. «Шаңыраққа» бұрылатын көше де,  екеуміз бірге барған дүкендер де... Алматының әр бұрышы өзіңді еске салып, жүрекке салмақ түсірер сағыныш сазын арттыра түседі. Сенің мәңгілікке кеткеніңе жүрек сенгісі келмейді. Жан дүниесі құлазып, өткен күндер елесінен өзіңді іздеп Алматыда бір жан жүр...
ОЛ – мен, сенің Жәкең.


Жанкүміс ЖӘМЕҢКЕ,
ҚР Мәдениет қайраткері.