Жарамсақтық жат қылық

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 3312

Ақ пен қарасы қатар жалғанда жер басып жүрген жандардың да түр-түрі бар. Мен оны әр күннен алған қилы көріністерден, тоқсан тіршіліктің қат-қабатынан көрдім. Иә, білгенім замананың бүгінгі бейнесі. Адамдардың сан алуан мінезі. Жаратушымыздың пейілімен жұмыр жерге түскен пенделердің бірі ақкөңіл арайлы, екіншісі қан қақсатар талайды. Бірі шын жүрегімен жанашырлық танытады, енді бірі сырттай сыпайы болғанымен іштей арам оймен арытады.  Осындай пиғылдардың кесірі көпке тиеді. Қаншама жүрек азап тартып, қаншама жанарға мұң ұялады. Бүгінде алдыңа күліп тұрып, артыңнан сөз айтатын, көзіңе мақтап, өзгеге даттайтын екіжүзділердің еселенгені өкінішті-ақ.

Самат бүгін үйінде. Тір­ші­ліктің тауқыметі әбден тоз­дырып жіберген. Ол өзінің ойы. Әйтпесе киер киімі, ішер асы әрқашан алдынан табы­лады. Жұбайы Жанар да жол­дасының тапқанын екі балаға жеткізіп, артылғанын жинап та қояды. Жұрттың алды бол­маса, соңына түскендері кө­рін­бейді. Бірақ қымбат көлік мініп, зәулім үй тұрғызған дос­тарын қызғанатын Самат тез арада сол жағдайға же­ту­ді мақсат тұтады. Соны ойлап-ақ азаннан кешке то­зып отырады. Бүгін тағы көңі­лі суық, басы салбыраңқы. «Ба­рынша беріліп істесең қызметіңді көтеремін» деген бастығының сөзі орындал­ма­ғанына күйініп отырған түрі бар жігіттің.  Күйініп, кейіп, рен­жіп қана қойса жөн болар. Бастығын жерден алып жерге салып, ышқынып отыр. «Айт­қанын істемеген адам емес» – деп те айқайлап қояды. Ал­ғаш арба сүйреуші ретінде жұ­мысқа қабылданып, жауап­­ты адам лауазымына дейін көтерілгені де кө­кейі­нен шығып  кетті осы сәт. Бас­тығы сол айтқандай жа­ман болса жігіттің жағдайын жа­самас еді-ау. Самат ақ­шаның артынан еріп, қуысын бітеймін деп жүріп қанағатты жоғалтқанын жұбайы жақсы біледі. Бірақ оның қолынан келері сабырға шақырумен шектеледі. Жанында отырған досы Арман да бастығы жай­лы өтірік-шыны аралас әңгі­ме­лерді ақтарып салды. Екеуі жабылып біреуді жамандаған түн де өтті. Таң атысымен күрсінген келбетін суық суға  салып, жуынып-шайынып ал­ған жігіт жұмысқа беттеді. Қыз­метімен қоса, бас­ты­ғы­ның айтқанын да бұлжытпай орындап үлгеруде. «Аға осы күніміз сіздің арқаңыз, сіздей жақсы адамдар көп болса шіркін!» деп көлгірсіп те үл­ге­реді арасында. Бастығына ар­налған кешегі бо­қауыз­да­ры бір сәтте ұмытылғандай. Міне, бұл Саматтың бет­пер­десі еді. Кешегі көріністерін ішіне сақтап, сол арам пи­ғы­лын жасырып, бастығына жақ­­сы болып көрініп жағ­дайын жасамаққа көшкен. Әйелінің “Неге адамдарды алдайсың?” деген сұрағына, “Тоғайына қарай торғайы, заманына қарай адамы”, за­ман сондай, бұл өмір, бай­лық­­қа солай ғана қол жеткі­зе­сің деп жауап берген жігіт­тің беті де бүлк етпеген еді. Бүгін міне, сол арқылы бет­перде киіп, екіжүзді атан­ғанын өзі де сезбей қалды. Доспын деп қасынан қал­май­тын Арманның да Саматқа деген сырттай өкпесі бар еді. Саматтың тез көтеріліп, жұ­мыста абыройлы болғанын көре алмайтын. Кешегі әңгі­ме­ден соң соның есесін қай­тарар кез де келді. Досым деп бетперде киген жігіт, күні кеше болған келеңсіз әңгіме жайында бастығына барып жайып салды. Екі жігіттің бұн­дай перделі әрекеттерін бұ­рыннан байқаса да көр­ме­ген­дей болып, кешіріммен қа­ра­ған бастық бүгінгі бір-біріне жа­саған сатқындықтарына ашынып екеуін де жұмыстан қуып шықты. Бетперде киіп бақытқа жетем деп, былыққа батқан жігіттер бүгінде бір-біріне қарауға бет жоқ. Мүм­кін ұялатын болар, бірақ тір­шілік үшін біреудің сыртынан сөз сөйлейтіндер қысылудың не екенін білмейтін де болар. Заман сондай, заманына қа­рай адамы дейміз, сонда шы­найылықтың бейнесі қай­да? Заманды өзгертетін адам емес пе? Бәрі адамның қо­лында. Өзің қандай болсаң, ай­налаңдағы адамдар да сон­дай болады. Оған осы бір мысал дәлел болса керек.

Құйрығы – шаян, беті – адам

Байқамай сенбе құрбыға.

Жылмыңы сыртта, іші – арам

Кез келер қайда сорлыға,

деп Абай атамыз айтпақшы екі­жүзді адамдар тірлік үшін, бірлікті жа­санды қылып, өзге­лер­дің алдында өз бас пай­да­сын ойлап, қулық-сұмдық­тың небір сиқырын мең­гер­ген. Иә бұл жандар өздері үшін өзгелер өлім құшса да көңілі жа­сы­майтын жағымсыз қасиеттерге ие. Олар өтірік көлгірсіп өз бойын­дағы жаман қасиеттерді бүр­ке­ме­леп, өзін өнегелі, көр­генді етіп көр­сеткісі келеді. Тек қана бас пай­дасын ойлап, өз­ге­лерге  жалған мақтаумен  жа­ғынып, өсек тасып жамандап, елді  шағыстырып, соңынан ұрыстырып жүреді. Екі аяқты екіжүзділердің ең сорлы қа­сиеті өз ісін тындырып алғаннан кейін, бұрынғы таныстары мен қызметтестерін танымай кетуі. Сіздер де осындай пенделерге тап болған боларсыздар. Иә таңғалатын түгі жоқ олардың бет-пердесін танып, олардан аулақ жүру кім-кімге де үлкен олжа екені белгілі.

Орамды ойларым неге пен­делердің көбі екіжүзді болып кетті дегенге алып келді. Иә бетперде кигендер хақында көп ойландым. Мүмкін бесікте жат­қанында қалыптасатын мі­нез шығар дедім?! Бірақ олай болуы мүмкін емес. Қай ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелейді. Ақ сүтімен адалдықты берген ана мен, кең пейілімен адамдықты үй­рет­кен әкенің кінәсі болуы мүм­кін емес. Ендеше не? Екі­жүзділік жүре келетін мінез бо­лар бәлкім. Ойларым осын­да келіп тоқтады. Расымен адамның ортасы, тіршіліктегі қызыл-жасылға  деген  қызы­ғу­шылық өзгертсе керек. Ор­таң дұрыс, тәрбиең түзу бол­маса, өтірік айтып, өсек тасу түк те қиын емес. Содан ба­рып екіжүзділік басталады. Бірақ адамның қай-қайсысы болмасын өзінің бетперде кигенін байқамайтын болса керек. Білсе ұялып, қысылып, қисық әрекетін қояр ма еді? Бүгінгі қоғамның да сыз­дауы­ғы сол. Солқылдағанда есіңді шығарады. Жағымсыз мінез­дің бойымызда болмағаны абзал еді.

Ауылдан аңғалдық пен адал­дықтан өзгені көрмеген мен үлкен қалаға келіп жұрт ал­дында жақсы болып көрін­гісі келетін сұм ниеттілерді бай­қап, ба­сым­ды шай­қа­ға­ным әлі есімде. Жо­ғарғы оқу орнына түсіп сту­дент атандық, сол кезде үлкен қа­ла­дан бет­перде киіп бірін-бірі ал­даған айлакерлерді жиі кездес­тір­­дім десем жалған емес. Міне, со­дан бері қанша уақыт өтсе де өз басын ойлап, өзгенің жасын шығаратындардың әр жерде бар екеніне көзім жетті. Кө­зіммен көрген келеңсіз кө­рі­ністер де жетерлік. Туыс­та­рын, достарын алдап «мен мынадай мықты жерде жұмыс істеймін» деп, небір керемет кө­лікті жалға алып, досының се­німіне кіріп, кейіннен қыруар ақшаны қа­рызға алып қашып кеткендері де кездесті. Туыс­та­рына да дәл осылай жан­ашыр­лық танытып, біршама көмек көрсетіп, соңы­нан сергелдеңге тастап тас­жүрек болып кет­кен­дер де қан­шама? Қазіргінің ма­хаббаты да бетпердеге жа­сы­рылған. Жігіт­ке қымбат көлігі үшін қызығып, қызға қылығы үшін қызығып, бы­лыққа батып жатқандар не­ше? Қызды қайт­кен күнде де құрығыма түсірем дегендер бар жағдайын жа­сы­рып, жалған өмірмен жоқ бай­лығын барға балап, жүрегіне жол тауып жа­тыр. Бірнеше жыл сөйлесіп жүріп, бақытты бола­мыз деп серттесіп, бірінің сөзін бірі тыңдап, мейірімді, кең­пейіл, ақкөңіл болып көріне­тін­дер де үйленген соң мүлдем басқа болып шыққаны да бүгін­гінің шындығы. Бетперденің ең жа­маны достықта көрініс тап­қаны. Тай құлындай тебісіп, ба­ла шақ­тан бірге өскендер де ақ­шаға келгенде өз басын күйт­теп ке­те­тіні де өкінішті. Сол ар­қылы сырттай дос, іштей жау бо­лып екіжүзділік көрсетеді. Сол сәт­те «”Итіңнің дос болғаны жақсы ғой, ал досыңның ит бол­ғаны қандай жаман», – деген аталы сөз ауызға оралады.

Бүгінде белең алған бұл кө­рі­ніс бұрында қандай еді? Пен­де­нің адамдық қасиеттерін сый­лаған  бабаларымыз  ке­зін­де екіжүзділерді елге сый­ғыз­баған екен. Кім болса да, қан­дай билік иесі болса да құр­мет­тен алыс еткен. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп те тауып айтқан. Досым деп шатасып, жақыным деп адасып жүргендер сол жақынының на­ғыз келбетін танығанда жігері құм болып жатады. Жан-жағы­мызды қоршаған адамда­ры­мыз­ды тануда шатаспас үшін айтып өткен қайран бабалар сөзі-ай, дейсің кейде... Екіжүз­ділерге екі дүниеде де орын та­былмасын шариғат та тү­сін­ді­реді. «Мұнафих» яғни бет­пер­де­лілер бұл өмірден біреуді алдап-арбап орын тапқанымен, мәң­гілік өмірде тозақтың ең түбіне түседі екен.    Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Екіжүзділіктің белгісі үшеу: сөйлесе – жалған сөй­лей­ді, уәде берсе – орындамайды, аманат етілсе – қиянат етеді», – деген.

Жалған сөзбен ел ішіне іріткі салатын екіжүзділер мен жа­ғым­паздар көбейсе жағдайы­мыз не болмақ. Ойланарлық жайт. Сол үшін тәлім-тәрбиені кү­шейтіп, осындай жаман мі­нез­дердің жеткізетін надан­ды­ғын түсіндіруіміз керек-ақ. Со­дан тәлім алған ұрпақ пара­сат­ты болып өссе, ел болашағы да жарқын болары сөзсіз.

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады,

Таза, мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

 

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.

Асанқайғы.

Әйнектің екі жағы болады. Соның бір жағын жуып, екінші жағын жумасаң, әйнек толықтай кір болып көрінеді. Сол сияқ­ты адамның бүкіл болмысын түзеу үшін, бойына жақ­сы­лықты тұрақтандыру керек. Адамның әйнек секілді ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті сұлу болса, мінсіз болары сөзсіз. Әр­қай­сымыз осылай өткеннен сабақ алып, бетперде кигеннің бәрі былыққа ұрынатынын біліп, бабалар даналығына  сүйеніп өмір сүрсек, ғұмырымыз баянды, өміріміз бақытты болары анық.

Құралбек Сәбитов