Базар жағалаған бауырлар

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 1714

Сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі кезеңде елдің көбі жабайы базардың арқасында нан тауып, бала-шағасын асырап-бақты. Ол тұста қолма-қол ақша болмаса да айырбас жасауға мол мүмкіндік болған-ды. Күнкөріс үшін сан­ды­ғының түбінде сақтаулы жатқан құнды деген заттарын базарға шығарып, саудалап отырған әйелдер бейнесі бүгінде біртіндеп ұмытылып келе жатқаны сізге байқалмай ма? Саудагерлер азайып жатқан жоқ. Есесіне күн санап көбейіп келеді. Тек әйел затының орнын ер-азаматтар алмастырды. Әсіресе, жастар жағы көбейген үстіне көбеюде. Бұл – көпшілік үшін қуанарлық іс емес.

Өткен жолы базарға бас сұқ­қа­нымызда қызу жұмыс істеп жатқан өрім­дей жас қызды көзіміз шалып қал­ды. Шамамен жасы 21-де деп топ­шы­ладық өзіміз. Өткен-кеткен көпшілікті шақырып, арзан бағаға сауда жа­сай­тынын айтып, алыс-беріспен айналысып жат­ты. Біраз қарап тұрып, қасына ба­рып, сөзге тарттық. Өзі сондай пысық. «Тәте, мына киім сізге жарасып кететін сияқты. Киіп көріңізші. Тура сіздің раз­меріңіз», – деп қояды. Алмасыңа қой­май­ды тегі. Сонымен саудасы өтсін де­ген оймен өзімізге керектіні алып, ашық әңгімеге кірістік.

Самалдың (есімі өзгертілді) айт­уын­ша, колледжді қызыл дипломмен бітірген соң жұмыс таппай біраз уақыт жұмыссыздар қатарын көбейтіп жүр­ген­ге ұқсайды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандап қана қалған жас қыз енді мүлде дипломмен жұмыс істеуді ойламайтынын айтты. Оның себебі де жоқ емес. Ол ауыл, қа­ла мектептерінің табалдырығын тоз­дыр­ған. Бірақ нәтиже жоқ бол­ған­дық­тан, мейрамханаларда даяшы болған. Оның жасындағылар тәтті ұйқыда жат­қанда ол табанынан тозып, маң­дайын шым-шым тер басып, ауыр жол­мен ақша тапты. Негізі бір көр­ген­де бұл жұмыс соншалықты ауыр емес сияқ­ты. Бірақ мұның да өзіндік қиын­шылығы бар. Алайда ол қиналысты тойға келген қонақтарға көрсетуге болмайды. Шаршап тұрсаңыз да күліп тұруға міндеттісіз. Бұл – әрбір мей­рам­хана қожайынының талабы. Самал көп әрі ауыр жұмыс жасап, мардымсыз ақша алғанда әр заттың тіпті, бес тең­генің де оңай жолмен келмейтінін ерте түсінген. Біраз уақыттан соң сауда-саттықтың қыры мен сырын сұрас­ты­рып, жалға базардан орын алып, тәуекел етіп, жиған-тергенін біріктіріп, ала сөмкені толтырып, тауар алып ке­ле­ді. Міне, содан бері екі жыл өтіпті. «Ешкімге қол жайып отырған жоқпын, осыған да разымын», – деп қояды жымиып. – Базардағы саудагерлердің көбін танимын. Олардың басым көп­шілігі жастар. Мен қатарлы. Олар да түр­лі жұмыстың басы-қасында жүріп көр­ген. Соңында осы істен пайда ба­рына көз жеткізді. Кейде қатты шар­ша­ғанымда неге өз мамандығыммен жұ­мыс істемедім екен деп ойлап қоямын. Бірақ қазір жұмыс табу, оған орналасу қиынның қиыны. Қазір өз қо­лым өз аузыма жетті. Енді өзім ар­ман­даған мамандықты мақтан тұта ал­май­тын сияқтымын. Осы саудамен біржола ай­налысып кетемін. Қазіргі жоспарым да осы, – деп әңгімесін айтып тұрса да біраз саудасын сатып үлгерді. Негізі бұл қыздың табиғаты осы салаға жа­қын сияқты көрінді бір қарағанда. Жыл­дам-жылдам киімдерді көруші­лерге жарнамалап, бірін алып, екіншісін беріп, өз ісін қыздырып жатқан қар­ша­дай қызға қарап разы болдық. Әр сөзін өзіне тән әдебімен, білімімен асқан сабырлықпен жауап берген қыздың дәл осы арада емес, оқушыны білім нәрімен сусындатып, білім ордасында отырғанда ғой деп ойладық. Дегенмен, ісін бес саусағындай біліп, саудасын қыздырып жатқан жас қызға сәттілік тіледік те өз ісімізбен кете бердік. Бұл бір ғана саудагердің пікірі. Бірақ біз онымен шектеліп қалмадық. Енді әңгіменің өзегін ер-азаматтар жаққа бұрдық. Біразы бұл істі қыруар ақша шығарып бастаса, енді бірі реализатор яғни, жалданып істеп жатқанға ұқ­сай­ды. Былайша тепсе темір үзетін ер-аза­мат­тардың ала сөмкені олжа­ла­ған­да­ры көңілімізге қаяу түсірді. Елуді ең­сер­ген азаматтарға түсіністікпен қара­дық. Ал орда бұзар жасқа келген аза­маттарға бір сөз айтудың өзі артық се­кілді. Дайын дипломды іске асырмай, же­місін жемей шаң бастырғандарын түсінбегендіктен сол төңіректен әңгіме бастадық. Сол жағын сұрас­тыр­ға­ны­мызда: «Қазір қиын уақыт қой. Жо­ға­ры­да көкең болмаса, ойыңдағы шар­уаң да іске аспасы анық. Қысқасы, «кры­шаң» болмаса саусақ қимылдата ал­майсың», – деп төтесінен жауап қай­ыр­ды. Бүгінгі түсінік осыдан аса ал­май­тын болып тұр. Неге? Сонда қызметте жүргендердің бәрінің бір-бір көкесі жо­ға­рыда отыр деген сөз бе? Осы тү­сініктен арылатын уақыт келгелі қа­шан? Бірақ біздің түсінік әлі де сол төменгі сатыда қалып қойғаны көңілге қаяу түсіреді.

Психолог мамандардың айтуынша, мұндай адамдар өздеріне сенімсіз болып келеді. Қандай да бір іс бастауды ойласа міндетті түрде келесі адамның көмегіне зәру болып тұрады. Өздерінің жеке ұстанымдары, қағидалары бас­қа­лармен салыстырғанда төмен екенін де ға­лымдар анықтаған. Расында солай емес пе? Егер де білімің мен ақылың, қай­ратың мен күш-жігеріңіз жетсе, жа­у­апкершілікті бір кісідей сезініп тұр­саңыз, сіз де өзіңіз қалаған қызметке орналаса ала­сыз. Ол үшін белгілі біреуге қоңырау ша­лып, «ағалап, көкелеудің» ешқандай да қажеті жоқ. Тәуекелшіл еместігіміз осындайдан білінеді. Бір қарағанда «мін­детті түрде жоғарыда крышаңыз болуы керек» – дегеннің өзі тым таяз ой екенін түсінейік. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да дана Абай­дың сөзіне жүгініп көре­йік­ші. Қайран, біздің ділмарларымыз-ай?! Жа­ңа заман­ға, жаңа қоғамға ненің қа­жет екенін, неден жирену керектігін тәп­тіштеп айтып, ақ қағазға түсіріп бізге мол мұра етіп қалдырғандары үшін қан­ша алғыс айтсақ та аз. Сонымен асқан дана­лы­ғы­мен, білімімен жұртты аузына қаратқан Құнанбайдың Абайы не деп еді. Ол: «Сен­бе жұртқа, тұрса да қанша мақ­тап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақы­лың екі жақтап», – деген еді. Әр­бір жас осындай мағыналы сөзді өзі­нің өмірлік ұстанымы етсе ғой. Сонда қо­ғамда желдей ескен арзан пікірлер туын­дамас та еді. Амал қанша, біз үшін жа­зылған өсиетке өкінішке қарай еш­кім­нің де құлақ түргісі жоқ. Ал енді әң­гіменің ауа­нын базардағы көріністерге та­ғы бұ­ра­йық. Кез келген адам күніне бол­ма­са да аптасына бір рет базарға барары анық. Сол кезде жан-жағы­ңыз­ға қарап көрі­ңізші. Біз айтқан мы­сал­дарға айна-қатесіз тап боласыз. Тіпті, шұлық сатып отырған азаматтардың қатары да кө­бейіп кеткенін де көзі­ңіз­бен көресіз. Біз бұл мәселені бір жақты қа­рағанымыз да дұрыс болмас. «Есек­тің артын жусаң да мал тап», деген та­ғы бар. Осы тұстан қа­ра­ғанда қол қу­сы­рып, «алма піс, ауызға түс», – деп отыр­ғанша азын-аулық тиын-тебен тауып, еңбек­тен­гені жақсы. Ерінбей ең­бек етсеңіз, ті­лен­бей қар­ны­ңыз­дың тоятынын Абай ата­мыз әл­де­қа­шан айтып кеткен. Десе де, сол уақыт­тан бе­рі күні бүгінге дейін осы сөз­дің мәні мен мағынасын тереңнен түсіне алмай жүр­геніміз өкінішті-ақ. Бұл за­ман біреуді тоң­дырып, біреуді той­ды­рып се­кір­те­тінін де естен шы­ғар­ма­ғанымыз жөн. Оған келтірер мысал да шаш етектен. Соның біріне тоқталар болсақ, үлкен қалалардағы көпқабатты сауда үйле­рін­дегі таза әрі кең «бу­тик­терді» көбіне өз­ге ұлт өкілдері иемденіп ал­ған. Мә­селен, кішкентай күнімізде көпші­лі­гі­мізді «орыс келе жатыр», – деп қор­қы­та­тынын еске алсақ, бұл күнде үл­кен­дер­дің сол қылықтары үшін күлеміз. Міне, сол орыс тәтейлеріміздің басым көп­шілігі қою көлеңкенің ас­тын­да, көбіне далада емес сауда үйлерінде кә­сібін қыздырып отырғанын көреміз. Одан қала берді өзбек ағайындар ала­қандай жерді алып, жеміс-жидектің сан алуан түрін сатып, қиналмай-ақ ақ­ша­сын табуда. Осындайда: «неге біз­ді­кі­лер қақаған күннің аязына тоңып, ші­ліңгір шілденің аптап ыстығында да­лада тұруы керек», – деп намыстанып ке­­тетініміз рас. Егер сізде мұндай сезім бол­маса, бір сәт осы тұрғыда ойланып кө­ріңізші. Осындай жайлы орындар бас­қаға тигенде біздер яғни, қазақ әйелі көше жағалап, жабайы сауданың көркін қыздыруға атсалысады. Ішкі істер ор­га­нының қызметкерлерінен қашып-пұшып жүргендер де біздің апайлар. Ар­қа­сын­да асынған ала дорбасы, қолын­да томпиған сөмкесін ұстап, әр жер­ге ба­рып, тауарын өткізу мақ­са­тында жү­гіріп жүргендері үшін оларды кінә­лау­ға да болмас. Өйткені бала-шағаны өмірге алып келу, оларды қанаттыға қақ­тыр­май, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағу ата-ана мой­нын­дағы негізгі әрі жауапты міндет. Осы­н­дай тырбыңдаған еңбек­пен перзентін қанаттандырып жүрген кез келген әке-шеше: «Әйтеуір бала­ла­ры­мыз жақсы жер­де білім алса. Жас кез­дерінде оқы­са, білсе, көрсе дейміз. Біз көрген бей­нет­ті олар көрмесе екен», – деп қын­жы­лып, соңынан еріксіз күліп жүріп жұ­мыс­тарын одан ары жал­ғас­ты­ра­тын­дар­ды да жолықтырдық. Қайран, біздің ал­тыннан да жақұттан да қымбат асыл қазыналарымыз-ай?! «Баламның та­ба­ны­на кірген тікен менің маңдайыма кір­­сін», – дегенді жиі қайталаудан шар­ша­­май­тын, талмайтын ардақтылардың бар арманы – перзентінің адам болуы. Мі­не, сол үшін де олар жұмыстың ауы­ры мен жеңіліне, жақсысы мен жа­ма­нына қа­ра­майды. Орта жастан асып, ег­де тартып қал­ғандардың тіршілігі осы дейік. Қа­лай дегенмен де отбасын осы сау­да­ның арқасында асырап отыр. Ал бұл ті­рі­­шілікпен айналысып жүрген жастарды әсіресе, ер-азаматтарды кө­ріп оларды да сөзге тарттық. Деген­мен сау­­да­герлердің сөйлегені, қойған сұ­ра­ғыңа та­қылдап тұрып ана тілінде жауап бергеніне қарайсың да екі сөздің басын қоса алмай жүрген шенеуніктерге жа­ның ашиды. «Елім, жерім, ұлтым» деген бірауыз сөз жүректерінен шы­найы шығып жатқанын сезінгенде тіпті, ел­жіреп, кеудең қуанышқа толады.

Тақырыпқа орай

Мақсат:

– Саудамен айналысқаныма 10 жыл болды. Ата-анам оқуға түсірді. Жастықпен оқымай кеттік қой. Өкінемін қазір. Дипломсыз ешбір есіктен де сығалай алмайсыз. Отбасылы болдым, басыма бас қосылды, жаныма жан қосылды. Бала-шағаны асырап бағу керек. Содан ала сөмке арқалап Бішкек, Қытай асып кеттім. Киім-кешек алып келеміз де, үстіне азын-аулық ақша қосып, пайда табамыз. Қазіргі заманда ер, әйел, кәрі, жас болып бөлінудің қажеті жоқ. Кімнің қолынан не келеді, соны жасағаны дұрыс. Тіршіліктің қамымен зулап өтіп жатқан уақытта шек жоқ. Сондықтан тынбай еңбек ету керек. Саудаға шығарған ақшамызды қайтарып аламыз. Ұтпасақ, ұтылмаймыз.

 

Жібек:

– Саудамен айналысқан адам күнделікті ақшаға, ай сайынғы айналымға үйреніп қалады. Басында біраз қиын болды. Қазір үйреніп кеттім. Негізі, алған білімім жоғары. Заңгер мамандығын төрт жыл оқыдым. Тас лақтырсаң заңгердің басына тиетін заман болды ғой бүгін де. Жұмыс таптым, жалақысы аз. Қысқасы, басыма тартсам аяғыма, аяғыма тартсам басыма жетпедінің күйін кештім. Ақыр соңында болмаған соң, аяқкиім сатамын деп шештім де, ата-анамның жиып-терген азын-аулық ақшасын алып, ер-азаматтардың аяқкиімін сатуға кірістім. Бұл менің күнкөрісім. Менің шағын бизнесім. Осының ақшасымен жан бағып отырмын. Негізгі кәсібім осы.

 

Бақтияр:

– Талдықорғанға көшіп келгеніме 8 жыл болды. Туған жерім Шымкент қаласы. Мата сатамын. Керек дүние. Тұрақты клиенттерім де бар. Үнемі келіп тұрады, арзан бағаға беремін. Маталарды шым қаладан алып келемін. Ер-азамат болсын, әйел заты болсын бәрі де қолынан келіп тұрса, өз істерін істей берсін. Онда тұрған не бар деп ойлаймын. Алдағы уақытта отбасын құрсам да осы істі жалғастыра беремін. Диплом шаң басып үйдегі сандықтың түбінде жатыр. Мамандығым бойынша жұмыс таппаған соң осы істі бастадым. Қыры мен сырына әбден қанықтым. Әзірге күнкөрісім осы.

Түйін:

Заман дейміз, қоғам дейміз. Мұның бәрін қалыптастырып, өз арнасынан тасытпай жүйелеп отырған Жаратқанның құдіреті. Ал ол жердегі ауызбіршілік, даму, өсу, өркендеу дегеніңіз әрбір адамның қолында десек, қате пікір бола қоймас. Не айтқымыз келіп тұрғанын түсініп тұрған шығарсыз. Замандастар, қатарластар, бауырластар! Дәл бүгінгі таңда біз «Болашақ жастардыкі. Еліміздің ертеңі – жастар» деген сөзді жиі-жиі естіп жүрміз десек, өтірік емес. Газет-жорналды алсаңыз да, телеарнаға құлақ түрсеңіз де айтылып жатқан сөз төркіні осы. Демек, әрбір жас өзінің дегенін, арманын, мақсатын, жоспарын, әрине, егер де елге, жақындарына, өмір сүріп отырған ортасына зияны келмейтіндей болса жүз пайыз болмаса да тоқсан пайыз орындай алады. Тек қана «крышаң болмаса...» деген сөзден арылайықшы. Егер де санаңыз, біліміңіз, ақылыңыз сәл де болса өз ісіңіздің қыры мен сырына жетіңкіремей, түсіне алмасаңыз жоғарыда отырған ағаңыз дейік, тіпті, әкеңіз бен анаңыз болса да сіз ол орында ұзақ отыра алмайсыз. Өйткені бүгінгі күн, бүгінгі нарық заманы сізді ондай деңгейде, «көкесінің жиені екен ғой» деп қабылдай алмайды. Қысқасы, маңдай термен оқытқан ата-ананың үмітін ақтап, алған біліміңізді кейінгі ұрпаққа қалдыруды ойлап, өзгеге емес, өзіңізге сенсеңіз болғаны.

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА