Елбасының Жарлығына сай қоғамдық кеңес алдында орталық атқарушы органдар басшыларының 2016 жылға есеп беру кестесі бойынша ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев есеп берді. Астана төрінде онлайн режимінде өткен министрдің баяндамасын облыс әкімдігінің үлкен жиынжайында өңіріміздегі мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, ғылыми-өндірістік бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және экология саласының мамандары тыңдады. Ауқымды шарада екі мәселе қаралды. Алдымен Энергетика министрлігіне қарасты комитеттердің өткен жылы атқарған жұмыстары мен биылғы алты айда қол жеткізген табыстары жайлы баяндама оқыған министр келесі кезекте БАҚ өкілдері мен облыс тұрғындарынан түскен сұрақтарға жауап берді.
Өз баяндамасында ол министрлік жұмысының негізгі бағыттары, энергетика саласын дамытудың басты тетіктері, жеткен жетістіктер мен орын алған келеңсіздіктер, алдағы жоспарларға, соның ішінде экология мәселелеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, аталмыш министрлік қашанда жоспарға сай қызмет жасап, ойдағыдай нәтижелерге жеткен. Өткен жылы басталған экономикалық дағдарыстың салдары қанша ауқымды болса да министрлік жұмысты бағытын жүйелі жоспарлап, көптеген өндіріс орнын сақтап қалған.
Өткен жылы мұнай бағасы үш есеге төмендеді. Осы тұста елімізде үш үлкен жоба бойынша жұмыстар жоспарланды. Сол қатарда «Теңізшевройл» компаниясы мен «Қарашығанақ» кен орнын кеңейту жұмысы қолға алынса, биылғы жылы «Қашаған» жобасын іске қосу қарастырылған. Бұл еліміздің мұнай өндіру саласында 26 мың жұмыс орнын ашып, 40 миллиард доллардан астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Қара алтыннан өзге де министрліктің құзырындағы ел экономикасын өркендетіп отырған газ, электр энергиясын жетілдіру, атом электр стансысын салу жоспары, уран өнеркәсібін дамыту, тағы да басқа маңызды салалар жетерлік. Министр бұл орайда атқарылып жатқан жұмыс ретімен де жан-жақты таныстырып өтті. Әсіресе, жасыл экономиканы дамытуды, жалпы халық тұтынатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін маңыздылығы мен экологиялық ортаны қорғау мәселесін тілге тиек етті. Қанат Бозымбаев алдағы уақытта бензин өнеркәсібін модернизациялау жұмыстарының қауырт жүріп жатқанына айрықша тоқталды. Осы арқылы елімізде екі түрлі Еуропалық өлшемге сай бензин өндіріліп, жанармай нарығы толық қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, бүгінгі таңда елді мекендерді газбен қамту мәселесі республикалық және жергілікті бюджет есебінен шешіліп келе жатыр.
Министрдің айтуынша, өткен жылы елді газдандыру 43 пайызға жетіпті. Бұл төмен көрсеткіш болмаса да ойдағыдай жетістік те емес. Ал 2016 – 2018 жылдары Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қосанай облыстарындағы 66 елді мекен газбен қамтылады деп күтілуде. Осы жылдар аясында қосымша 14 елді мекенге газ құбыры тартылатын көрінеді. «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша «Бейнеу – Шымкент» газ құбыры салынды және қолданысқа берілді. Бұл жоба оңтүстік өңірлерінің газға тәуелділігін шешкенімен табиғи газдың қызығын көре алмай жатқан жерлер де баршылық. Олар алдағы күннің еншісінде.
Бір айта кетерлігі, алдағы уақытта Елбасының тапсырмасымен электр энергиясын тасымалдайтын кәсіпорындарды ірілендіру жұмысы қолға алынады. Бұл Президенттің Астана экономикалық форумында, «Париж келісімі» аясында жасыл экономиканы дамыту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі «Жол картасын» әзірлеу туралы тапсырмасы аясында қолға алынады.
Баяндамадан кейін министр Қанат Бозымбаев «24.КЗ» теларнасы мен «Қазақстанская правда» газетінің тілшілерінен, Ақтау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындарынан түскен әртүрлі мазмұндағы сұраққа жауап берді. Сол қатарда І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті техникалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Жайлаубай Әлімбеков қалдықтарды көлемі, құрамы, түріне байланысты сұрыптап, «Рұқсат етілген қоқыс орны» деген ұғым енгізу қажеттілігін айтып өтті. Оның сұрағына министр: «Бұл ұсыныс тек қана экономикалық емес, санитарлық-эпидемиолоиялық, техникалық және басқа да талаптар мен өлшемдерге сай келетіндіктен министрліктің жанынан құрылған кеңес отырысында қарап, қорытынды шығару керек», – деп жауап берді.
Осындай әлеуметтің әлеуетін дамытатын маңызды мәселелер көтерілген басқосу жоғары деңгейде өтіп, өз мәресіне жетті.
Қажет Андас