Атап айтқанда, талқылауға түскен мәселелердің ішінде Талдықорған қаласындағы жер телімдерінің бағасын дұрыс қою алдыңғы орында тұрды. Шынында жер телімдерінің бағасын қою жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп, аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен облыстық Қоғамдық кеңестен қолдау тапқанымен мәслихат депутаттары тарапынан қойылған көптеген сауалға себеп болды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков пен қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершімбековтың айтуынша, облыс орталығындағы жеке кәсіпкерлікке арналған жер телімдері жаңа бағамен саудаға шығарылады. Қаланың орталығы мен «Қаратал» шағынауданындағы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген телімдер Еркін ауылы мен қала маңындағы елді мекендерге қарағанда қымбат бағаланады. Тек коммуникация жеткізілмеген екі аумақтың бағасы өзгеріссіз қалады.
Облыстық мәслихат депутаттарының пікіріне қарағанда, базалық бағаға қосылатын үстеме бір жарым есеге өсіп отыр. Осының өзі нарықтағы бағаға елеулі әсер етеді және жергілікті бюджет түсімдеріне қосымша үстемені қамтамасыз етеді. Ал, қала басшылығы бағаның көтерілуі инфрақұрылымды дамытуға жұмсалып жатқан шығынды жабуы тиістігін және құйылатын инвестиция қаланың келешектегі дамуына жұмсалатынын алға тартады.
Соған қарамастан халық қалаулылары мәслихаттың қарауына ұсынылған кез келген жоба алдын ала салалық комиссияларда қаралуы керегін ескертіп, сол арқылы болуы мүмкін қателіктің алдын алуға, өзара келісуге және тиімді шешім қабылдауға болатынын баса айтты. Ең бастысы – бұл тек бюджетті толтыру ғана емес, шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал етуі тиіс.
Мұндай көзқарасқа облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева бастаған көптеген депутат қолдау білдіріп отыр. Сессия отырысында төраға: «Біз экономикалық жағынан мақсатты екені дәлелденген бағаның өсуіне қарсы емеспіз. Бірақ мұндай әрбір қадам алдын ала ойластырылып, салалық комиссиялармен келісілуі және тұрғындарға түсіндірілуі керек. Өйткені азаматтар не үшін ақша төлегенін және қаржының қайда кетіп жатқанын білуі тиіс. Сонда ғана мұндай шешімдер әділетті қабылданып, қоғамда ешқандай сұрақ тудырмауы керек. Аймақтың заң шығарушы органы ретінде облыстық мәслихат барлық шараның ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл, әсіресе, бюджет пен қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерге тікелей қатысты» дегенді бірнеше рет қайталады.
Одан бөлек, сессия отырысында облыстық әкімдіктің жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандар мен олардың құқын қорғау жөніндегі комиссияның құрамы анықталып, басқа да мәселелер қаралды.
М. Әсетұлы