Ана – жүректің шуағы. Оның мейірімі мен аялы алақаны әр баланың жүрегінде мәңгі сақталады. Біздің анамыз – Мәмилә Әлімбаева жас шағынан еңбек етіп, есімі ел ішінде танылған жан. Бала кезінде анасынан айырылып, өмір-жолы қиындыққа толы болса да ескіше хат танып, кирилл алфавитін үйренді. Еңбегі арқылы көпке үлгі болған анамыз 1946 жылы «Еңбекшіқазақ» ұжымшарының қызылшашылар звеносын басқарды. Сол жылда бекітілген участоктан жоспардағы 160 центнер орнына әр гектардан 337 центнерден қант қызылшасын жинады. Сөйтіп ол СССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды. 1947 жылы мол өнім жинаған еңбегі бағаланып «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ал бұған дейін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
1950 жылы Республиканың Министрлер Советі жұмысты жақсы істегені үшін 5000 сом сыйлық беріп, ауыспалы Қызыл Туды тапсырды. Екі жылдан соң тағы сол Көксу ауылдық советінен ақшалай сыйлық алып, ауыспалы Қызыл Туға екінші рет қол жеткізді. Төрт жылдай Көксу ауылдық Советі атқару комитетінің төрайымы болып сайланды. Қай салада болмасын еңбекті жандандыра істеп, қоғам белсендісі атанды. Осы жылдарда әкеміз Рысжан Әлімбаевпен танысып, тұрмысқа шығады.
«Әке – өмірлік ақылшы, үйдің ұстыны» демекші, Қаратал ауданының Молотов ауылының тумасы әкеміз Рысжан Әлімбаев алғашқы еңбек жолын Талдықорған облысының Қарабұлақ ауданында бастады. Екінші бесжылдық, Жалғыз ағаш, Нұра, Биғаш, Талдыарық бастауыш мектептерінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Сол ауылдардағы балаларды оқыту үшін ескі үйлерді мектепке айналдырып, білім алушыларының алғашқы ұстазы атанды. 1930-1941 жылдар аралығында бастауыш мектептерінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ал 1938-1941 жылдар аралығында Алматы облысының Іле ауданындағы Жаңа дәуір, одан кейін Шелеккемер ауылдарындағы мектепте мұғалім болды.
1941-1945 жылдары Совет армиясының қатарында болып, елімізді неміс-фашист басқыншыларынан қорғады. Майдан шебінен оралғаннан кейін 1946 жылдан халық ағарту саласындағы жұмысын одан әрі жалғыстырады. Сол жылдан бастап «Еңбекшіқазақ» ұжымшарындағы Ленин атындағы орта мектептің мұғалімі болды. Бүкіл өмірін игілікті іске, жастарды тәрбиелеуге арнады.
Ол ешкімге жағынуды білмейтін, ойлаған ойын бетке тура жеткізе білетін жан еді. Қиналған жандарға ақыл-кеңесін айтып, елге сыйлы, дана қария атанды. Жылдар бойы мектепте директорлық қызмет атқарып, өз ортасында қадірі асқан маман атанды. Оның әрбір жасаған ізгілікті ісі көпке үлгі. Мектептің білім дәрежесін көтеруде, шәкірт тәрбиелеуде, мұғалім кадрларын даярлауда аянбай тер төгіп, қызмет етті. Жастарды ұстаздық мамандыққа баулуға барын салды. Оларды өз баласындай құшақ жая қарсы алып, үйге тұрғызып, отбасын құрған білікті мамандарды басқа елді мекенге жіберместен ұжымшар басқармасынан рұқсат алып, олардың үйлі болып, қоныстануына көмектесті. Әкемізден тәлім алып,тәжірибеден өткен тәлімгерлері еліміздің жоғары оқу орындары мен мектептерінің алдыңғы қатарлы ұстаздары болып қызмет атқаруда.
Мәмилә Әлімбаева, 1916 жылы Талдықорған облысы, Тау жалайыр ауылында туған. Еңбек жолын 1932 жылы «Еңбекшіқазақ» ұжымшарының егіс бригадасында бастап, 1942- 1946 жылға дейін қант қызылшасын өсірумен айналысты, ал 1946 жылдан бастап қызылшашылар звеносын басқарды. 1949-1952 жылдары еңбекшілер депутаттары Көксу ауылдық Советі атқару комитетінің төрайымы болды. 1953 жылдан ұжымшардағы клубтың меңгерушісі болып қызмет атқарды.
***
Рысжан Әлімбаев, 1912 жылы Талдықорған облысы, Қаратал ауданының Молотов ұжымшарында дүниеге келді. Ата-анасынан ерте айырылып, өмірдің тауқыметін көріп өсті. 1928-1930 жылдары Қапал педагогикалық училищесін, 1930-1931 жылдары Алматы қаласы маңындағы Түрген мұғалімдер дайындайтын училищесін бітіріп, алғашқы еңбек жолын бастады. Осы күннен бастап саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнады.
Қазақтың әйгілі кескіндеушісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев әкемнің қолымен салған тақырыптық көрнекілік суреттерін жоғары бағалаған. Осы көрнекіліктері 1974 жылы Москва қаласында өткен «Қазақстанның күндеріне» арналған Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қойылды. Сондай-ақ, әкеміз Алматы облыстық мұғалімдердің білімін көтеру институтында арнайы дәріс те берді. 1967-1968 оқу жылында арнайы эксперименттік сынып ашып, облыс, республика көлеміндегі 100 мұғалімге арнайы сабақ жүргізді. Үлкен залда ұйымдастырылған сабаққа қатысушылар: «Рысжан ағай қандай батыр болса оқушылары да батыр», – деп бәрі қол соғып таңғалып, тарасқан еді. Сол кезде дәріс алған Абдраш, Бейбіт, Рысқали, Нұрбек, Ғалия, Роза, Салтанат, Гауһар, Гүлнар, Зағира, Нұрсұлу, Күлпан, Рашид есімді шәкірттері ұстаз еңбегін ақтап, білікті маманға айналды. Ал 1968-1969 оқу жылында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевқа кіріп, Еңбекшіқазақ ауылында жаңа мектептің ашылуына ұйытқы болды. Қырық бес жылдық еңбек жолында өзінің шебер ұстаз екенін көрсетіп, дәлелдей білді. Балаларға ұқыпты, таза, тәртіпті болуды, бір-бірімен тату жүруді, өтірік айтпауды, ұрлықтан бойын ада ұстауды жүректеріне терең сіңіре білді. Жаңа мектептің ашылғанына қуанған ата-аналар шынайы алғыстарын білдірді.
Әкеміз тынымсыз еңбек етіп қана емес, 1942-1945 жылдары майдан даласында болып, Отан үшін отқа да түсті. Ол 105 дивизия құрамының 199 артиллериялық полкінде атқыштар командирі болды. Халқына сіңірген еңбегі мен ерлігі үшін бірқатар орден, медальмен марапатталды. Атап айтсам ерлігі «Халық ағарту ісінің үздігі», Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін», Варшаваны, Берлинді алғаны үшін медалімен, I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, Бас қолбасшы В. Сталиннің грамоталарымен аталып өтілді.
Анамыз Мәмилә екеуі жастайынан бейнет көріп өссе де адал еңбек пен маңдай терінің арқасында бақытты отбасын құрды. Перзенті ретінде ата-анама деген алғысым шексіз. Әкем мен анамның жақсылығын елі де еш уақытта ұмытпайды. Әрбір ісі халқының жүрегінде, замандастарының көңілінде қалықтап тұр. Олар адамдық пен адалдықтың жалауын тік ұстаған сый-құрметтің иегерлері бола білді. Елу жыл бойы отасқан ата-анамыздың артында ізін жалғастырған 27 немере, 60 шөбере, 33 шөпшек бар.
2009 жылы, 8 наурыз мерекесі қарсаңында сол кездегі облыс әкімі С. Үмбетовтің қабылдау рәсімінде арнайы сөз сөйлеп, 80 жылдық тарихы бар Еңбекшіқазақ мектебінің ғимараты ескіргенін, оның орнына жаңа мектеп салынса деген ұсыныс-тілегін айтқан болатын.
«Елу жылда – ел жаңа» деген. Ауылымыздағы өзім де білім алған Еңбекшіқазақ мектебі кезінде жолдасым Ұлы Отан соғысының ардагері «Халыққа білім беру ісінің үздігі» Рысжан Әлімбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевқа барып жүріп салғызып еді. Ол мектеп бастауыш мектеп болатын. Бұдан кейін сегізжылдық мектеп болып ашылды. Сол кездегі мектеп директорлары қосалқы мектеп салған еді. Енді сол қосалқы салынған ғимараттағы кластар тіреумен тұр. Балалар мен ұстаздарының өмірі қыл үстінде. Осы жайттарды ескере отырып, Еңбекшіқазақ ауылына жаңа мектеп салып беруге ықпал етуіңізді сұраймын», – деген еді анамыз.
Анамның бұл сөзін естіген облыс басшысы: «Әй, апа, ғасыр ана, мың жасаңыз! Мен сізді өзіне бірдеңе сұрай ма деп ойласам?!» дей келе: «Осылай қатардағы жауынгер болып жүре беріңіз! Ұсынысыңыз орындалады. Биыл ауылыңызға жаңа мектеп салынады», – деп бірден қанағаттанарлық шешім қабылдады.
Айтқандай-ақ, мектептің сметалық жобасы жасалып, сол жылы көктемде ауылымызда зәулім, жап-жарық жаңа мектеп бой көтеріп, 2009-2010 оқу жылының 1-ші қыркүйегінде балалар қабылданды.
«Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, ата-анамның ғұмырнамасын парақтаған сайы Алатаудай болып көрінеді. Өз заманынан оза шапқан олардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болары, тарихта өз бағасын алары сөзсіз.
Күлпан ӘЛІМБАЕВА,
қызы