Музей өткен күннің бейнесін бүгінге жеткізуші һәм кешегі мен қазіргінің арасын жалғаушы. Былай айтқанда, ұрпақтың жадын жаңғыртатын, бабалар ізінің өшпеуіне үн қосатын бұл қара шаңырақ қашан да қастерлі. Қазір осындай миссияны облыстық М. Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің Жаркент қаласындағы филиалы «Жауынгерлік Даңқ» музейі оңтайлы жүзеге асырып келеді. Мұндағы тарих тәспіршілері халықпен тығыз қатынас орнатқан. Сол арқылы ұлт жадында сақталуы тиіс деректерді жинақтап, қор көлемін ұлғайтып келеді.
Тағылым һәм тарих орталығына келушілер адамзат жылнамасындағы зұлматты жылдар қатарындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі деректермен сусындайды. Жер жүзіндегі 72 мемлекет қатысып, 60 миллионнан астам адамның өмірін қиған бұл зобалаңды әрбір адам ұмыт қалдырмау керек. Себебі, Кеңес өкіметінің құрамында болған елімізден қанша азамат қолға қару алып, бейбіт өмір, тыныштық заман үшін айқасты. Бір ғана Жаркент өңірінен сол алмағайып кезеңде 10 мыңнан астам боздақ майдан даласына аттаныпты. Соның жартысына жуығы ерлікпен қаза тапты. Жеңісті жақындатқан жаркенттік жауынгерлердің сегізі, Қ. Тышқанбаев, И. Каратаев, Х. Көбіков, С. Лутфуллин, П. Хмелев, Н. Иванов, А. Пащенко, П. Поросенковтар Кеңес Одағының Батыры атағын иемденді. Олар жайында деректер мен суреттері мұражай қабырғасынан орын тапқан. Сонымен қатар, тоталитарлық жүйенің тамырына балта шапқан 1986 жылдың қанды желтоқсанында елдік пен егемендік үшін айқасқан жаркенттік боздақтар Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановалардың ғұмырдерегі де сол қатардан табылады. Олар да бабалар ерлігін қайталап, ұлт үшін құрбан болған ер екенін ел есіне салып тұр.
Биыл музей ұжымы Жеңістің 80 жылдығына орай қызу дайындыққа кіріскен. Айтулы күнге орай «Бабалар ерлігі ұрпаққа ұран!» атты қаламыздағы №24261 әскери бөлім қызметкерлерімен мерекелік шара ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар осы шара барысында «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс!» айдарымен музей сөресіне арнайы көрме қойылады.
Мырзағали Нұрсейіт