Мемлекеттік теңгерімде 987 қатты пайдалы қазба, 355 көмірсутек, 3 666 кең таралған пайдалы қазба кен орны, шамамен 4 540 жерасты су кен орны есепте тұр. Жыл сайын мемлекеттік бюджет есебінен 1:200 000 масштабта жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша өңірлік жұмыс орындалады.
2026 жылдың соңына қарай 2,2 млн шаршы шақырым аумақта геологиялық-геофизикалық зерттеу жүргізу жоспары бар. Бүгінде мұндай зерттеу көлемі 1255,6 мың шаршы шақырымды құрайды.
«Жаңа көмірсутек кен орындарын ашуға мүмкіндік бар. Геологтер шартты отынның болжамды ресурсы шамамен 76 млрд тонна болатын 15 шөгінді бассейнді бөліп отыр. Бүгінде мұнай-газ өндірудің барлық көлемі игерілген 5 бассейнге тиесілі. Ең ірісі – Каспий маңы. Онда ресурстық базаның шамамен 80%-ы бар», дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров.
Болашағы бар, бірақ аз зерттелген 5 шөгінді бассейн – Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу және Ертіс маңы. Бұлардағы іске аспаған көмірсутек әлеуеті өте үлкен. Сондықтан экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын зерттеу тәсілдері мұқият қайта қаралып жатыр.
Биыл қаңтарда Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Барлауға немесе өндіруге өтінім беруден бастап аукционға және лицензияны беруге дейінгі үздіксіз үдеріс цифрлық форматта жүзеге асады. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірованың айтуынша, қазір бірыңғай платформа арқылы геология мен жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет электрондық түрде қолжетімді. Платформаға жазылу бонусын тіке төлеуге мүмкіндік беретін «электрондық әмиян» қызметі де бар. Интерактивті картаның арқасында инфрақұрылымнан бастап геологиялық-геофизикалық есептерге дейін сұралған аумақ бойынша толық ақпарат алуға болады.
«Қатты пайдалы қазбаларға берілген лицензия мен келісімшарт міндетінің орындалуын бақылау үдерісі цифрландырылды. Бұрын бақылау 3 000 лицензия мен келісімшарт бойынша қолмен жүргізілетін. Жер қойнауын пайдаланудың жыл сайынғы есептері автоматтандырылды, бұл қағазбастылықты жояды. Бірыңғай геологиялық қызметті геологиялық ақпаратпен толтыру үшін «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ 56 мыңнан астам ашық қосалқы геологиялық есепті цифрландырып, жариялады. Платформаны іске қосу үшін халықаралық тәжірибе зерделенді, бизнес-үдерістер реинжинирингтен өтті. Жүйе архитектурасы мен енгізу тәсілі қайта қаралды. Финляндия, Канада, Ұлыбритания және Біріккен Араб Әмірлігіндегі ұқсас геопорталдар тәжірибесі негізге алынды», дейді вице-министр.
Қазірге дейін 506 өтініш цифрлық форматта өңделген. Қаңтарда платформа арқылы қатты пайдалы қазба қоры бар 21 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізілді. Оған 50-ден астам компания қатысты. Қол қойылатын бонустың жалпы сомасы 20 млрд 69 млн теңге болды. Осылайша, цифрлық қызметтерді іске қосу геология мен жер қойнауын пайдалануда мемлекет пен ниетті субъектінің өзара іс-қимылын жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етудегі маңызды белеске айналды.
Дереккөз: egemen.kz
Фото: gov.kz