Әр Олимпиададан боксшыларымыз жүлдемен оралып, ел ықыласына бөленіп, қуанышты еселейтін. Кейінгі жылдары осы бір спорт түрінде тұрақсыздық, нәтиженің төмендеуі жиі байқалып, сын сәтте шынайы көрсеткіш көрініп қалып жатыр. Оған команданы іріктеу жұмыстарын да, төрешілердің бағалауын да сынайтындар бар. Ал Париж Олимпиадасындағы барлық жеті салмаққа барған жігіттерімізден финалға жеке жортып жеткен тек жалғыз боксшымыз қалды.
Нұрбек Оралбай. Ол 2023 жылы Ташкентте өткен Әлем чемпионатында 80 келіде топ жарды. Оның алдында Амманда өткен (2022 жыл) Азия ойындарында қола медаль алған еді. Париждегі шаршы алаңда бет қаратпай, жолыққанын жұдырығымен төпеп жатқан Нұрбектің бет алысы жақсы. «Алтын жолда, күміс қолда». Финалға дейінгі сын да оңайға түскен жоқ. Бұл жөнінде бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың журналистерге берген сұхбатында: «Олимпиада ойындарында оңай қарсылас деген атымен жоқ. Барлығы да өте қауіпті. Нұрбекпен жартылай финалда жұдырықтасқан доминикандық боксшы да оңай емес. Ол қандасымыз Тоқтарбек Таңатқаннан бастап, мықты боксшыларды қатардан шығарды. Нұрбек өз кезегінде тапсырманы мүлтіксіз орындады. Оған алға бармай, қарсыласты күтіп алып, қажетті кезде соққы жұмсау керектігін айттық. Төрешілердің үш раундта да 3:2 есебін бергені туралы ештеңе айта алмаймын. Біз жеңісті бергеніне қуанып жатырмыз. Алда финал!», – деді.
Нұрбек Оралбай алғашқы кездесуінде (1/8 финал) аустралиялық Каллум Питерсті (3:2), одан кейін ширек финалда әзірбайжан Мурад Аллахвердиевті (5:0) айқын ұтты. Жартылай финалда жолыққан доминикандық Кристиан Пиналестен (3:2) айласын асырып, шешуші сынға жолдама алды. Ал финалдағы қарсыласы 29 жастағы әлем чемпионы (2017), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2020 жылғы Токио Олимпиадасы 2020 – финалында бразилиялық Эбер Консейсаодан нокаутпен жеңілді) украиналық Александр Хижняк.
Жартылай финалдағы жеңісінен кейін Нұрбек Оралбай: «Ағайларым бұл жекпе-жекке жақсы тактика қойып берді. Соны толық орындадым. Енді мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда финал, барымызды саламыз. Маған қолдау көрсетіп жатқан барша қазақ еліне, жанкүйерлерге алғысым шексіз», – деді.
Биылғы Олимпиада ойындарында бокстан жалғыз финалға шыққан – Нұрбек Оралбай. Токио Олимпиадасында финалға боксшыларымыздың ешқайсысы шыға алмағанымен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) пен Сәкен Бибосынов (52 келі) қола медаль алған болатын. Ал финалда жеңіске жеткен кейінгі боксшымыз Данияр Елеусінов (Рио Олимпиадасы 2016 жыл – 69 келі). Ол кезде Даниярдан бөлек, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Василий Левит (91 келі) биылғы финалға шыққан еді. Ал қыздар боксында да Олимпиадаға барған үш қыздан тек біреу қалды. Ол – Назым Қызайбай. Оның жартылай финалдағы қарсыласы – У Ю (Қытай).
Серік ҚАНТАЙ