Әдетте Олимпиада, Әлем чемпионатында жетісулық ауыр атлеттердің жолына ел болып үмітпен қарайтынбыз және олар сенімді ақтау үшін барын салатын, жүлдемен оралатын. Ауыр атлетикамыздағы кейінгі жағдайлар көп әсер еткені сондай, Париж Олимпиадасына дәл осы спорт түрінен атлеттеріміз қатыспады. Ал оның алдындағы Токиодан еліміз алған сегіз қоланың екеуін жетісулық ауыр атлеттер (Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло) сыйлағаны есімізде. Олардың ізінен ерген жетісулық ауыр атлеттердің бір шоғыры енді көрініп, ел алдында абыроймен өнер көрсетіп жүр. Жақында Бахрейн астанасы Манамада ересектер арасында Әлем чемпионаты, ал Дохада (Катар) жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Нәтиже қандай, сіз бен біз күткендегідей болды ма?
Ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 9 күміс, 12 қола (барлығы 33 медаль – екі сынға және жалпы есеп бойынша жеке берілетін кіші медальдарды есептегенде) алып, жалпы кестеде бірінші орынға шықты. Одан кейін Өзбекстан (10 алтын, 7 күміс, 2 қола – 19 медаль), Вьетнам (9 алтын, 16 күміс, 9 қола – 34 медаль), Үндістан (7 алтын, 8 күміс, 6 қола – 21 медаль) мемлекеттерінің спортшылары орналасты. Ал жасөспірімдеріміз 8 алтын, 4 күміс, 9 қо-ла, барлығы 21 медаль алып жарысты 4-орынмен аяқтады. Жалпы кестеде бірінші Вьетнам (11 алтын, 5 күміс, 2 қола – 18 медаль), екінші Тайланд (10 алтын, 1 күміс, 8 қола – 19 медаль), үшінші Түрікменстан (9 алтын, 3 күміс, 4 қола – 16 медаль) болды. Айта кету керек, құрылықтық додаға Қытай және Солтүстік Корея қатыспады.
Жастар арасында 73 келіде сынға түскен жетісулық ауыр атлет Ақжол Құрманбек қоссайыс қорытындысы бойынша 316 келіні көтеріп (серпе көтеруде 141 келіні және жұлқи көтеруде 175 келі), чемпион болды. Ескере кету керек, Ақжол серпе көтеруде және жалпы нәтиже бойынша әлем рекордын жаңартты. Екінші орынды өзбек Бобурмирзо Екубов (300 келі – 136+164), үшінші орынды Түрікменстан спортшысы Дидарбек Жұмабаев (298 – 127+171) алды. Жастар санатында темір көтеруге 67 келіде шыққан тағы бір жетісулық Әлихан Әскербай жалпы 284 келіні (серпе көтеруден 133, жұлқа көтеруден 151 келі) көтеріп, жеңімпаз атанды. Одан кейін ирандық Мехраб Давасари (283 – 123+160), вьетнамдық А. Тунг (282 – 127+155) орналасты. Жарыстан кейін 17 жастағы сарқандық чемпион Ақжол Құрманбек: – «Серпе, жұлқа және қоссайысқа жеке-жеке медаль беріледі. Үш алтынды алғым келді. Жұлқи көтеруде түрікмен спортшысы 171 келіні көтергенде бапкерлерім алдыма таңдау қойды. «Жұлқи көтеруден алтын алып, рекорд қоясың, болмаса қалған екі алтынмен қайтамыз» деді. Мен жеңіс үшін тәуекел жасадым және ол қадамым сәтті болды. Алғашқы бапкерім Нұрболат Жаманқыз, ал қазіргі жаттықтырушым – Сергей Седов. Азия чемпионатының алдында екі жарым ай оқу-жаттығу жиыны өтті, одан кейін екі апта Дохада дайындалдық. Ендігі мақсат келер жылы 20 жасқа дейінгілер арасында Перуде болатын әлем чемпионатында алтынмен қайтып, 2028 жылы Лос-Анджелесте болатын Олимпиада ойындарына да қатысқым келеді», – дейді.
Оқырман үшін тағы бір ақпарат. Келер жылы ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты елімізде өтеді. Бұл жөнінде Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев Халықаралық және Азия федерацияларының басшылығымен кездесу өткізіп, 2025 жылы чемпионатты Қазақстанда өткізу турасында шешім қабылдады.
Ал Бахрейн астанасы Манамада өткен ересектер арасындағы Әлем чемпионатына қатысып, 67 келіде темір көтерген ақсулық Сайрамкез Ақмолданың әр әрекетіне үмітпен қарадық. Өкінішке қарай жұлқа көтеруде 130 келіні бағындырып, екі мүмкіндігінде 135 келіні көтере алмады. Ал серпе көтеруде 175 келіге тапсырыс беріп, екі мәрте көтере алмағаннан кейін, үшіншісіне талпыныс жасамады. 2019 жылы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 16 жасында жеңіске жеткен Сайрамкез, жыл басында (ақпан айында) Ташкентте (Өзбекстан) Азия чемпионатында 67 келіде жұлқа көтеруде 126 келіні, серпе көтергенде 166 келіні көтеріп (қос жаттығу қорытындысы – 292 келі) екінші орын алып еді. Сол кезде бірінші болған солтүстік кореялық Ри Вон Чжу осы жолғы Әлем чемпионатында да алдына адам шығармады. Оның Манамадағы нәтижесі – 336 келі (146+190). Жалпы Қазақстан әлем чемпионатын 2 алтын (96 келі, Нұрғиса Әділетұлы – 174+214 – 388 келі; 102 келі, Артем Антропов – 170+230 – 400 келі), 1 күміс (81 келі, Алексей Чуркин – 164+204- 368 келі) алды.
Келер жарыстардан ауыр атлеттерден де жүлде күтіп, бәз баяғыдай әр көтергеніне бір ысып, бір суып отырармыз. Жалындаған жастар Азияның үздігі болса, алдағы уақытта ересектер қатарында да жақсы нәтиже көрсететініне үмітпен қараймыз.
Серік ҚАНТАЙ