Талқылауға түсіп, көптен бері айтылып келе жатқан мәселе – легионерлерге мемлекет тарапынан қаржы бөлмеу. Іс заң жүзінде күшіне еніп, мемлекет тыйым салмақ. Бұл жөнінде Сенат кулуарында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.
Вице-министр «Заңда легионерлерді мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландыруға тыйым салу енгізілді. Яғни, заң күшіне енген соң легионерлерге мемлекет қаржысы жұмсалмайды. Клубтар бұл жағдайға бейімделіп, қаржыландырудың жаңа – демеушілік не жеке қолдау көзін табу керек», – деді.
Одан бөлек, Серік Жарасбаевтың айтуынша, футболдан ел чемпионатында 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 325 футболшы ойнаса, соның 149-ы Қазақстан азаматы емес, яғни шетелдік ойыншылар лиганың 45-50 пайызын құраған.
– Қазір жүрген легионерлердің келісімшарттағы мерзімі аяқталғанға дейін ол күшінде болады. Одан кейін мемлекет қаржы бөлмейді. Біз бұл мәселені 2024 жылдың ортасынан бері талқылап келе жатқандықтан клубтар 2025 жылдан бастап легионерлермен мемлекеттік бюджет арқылы келісімшарт жасамауы керектігін жақсы білді, – деді өз сөзінде вице-министр.
Парламентте ашық айтылып, қаржысы мәлім болған «Астана» футбол және баскетбол клубы, «Барыс» хоккей клубы және «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының келесі жүрісі қалай болмақ? Аталған спорт клубтары «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен қаржыланып келеді.
Антикордың мәліметі бойынша, 2013-2023 жылдар аралығында елорда клубтарын қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» АҚ 138 миллиард теңге бөлген («Астана» ФК – 50,1 миллиард теңге; «Барыс» ХК – 48,8 миллиард теңге, «Astana Qazaqstan Team» – 3165 миллиард теңге, «Астана» БК – 8 миллиард теңге»). Алайда аталған командалар чемпионатта айтарлықтай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Мәселен, «Астана» баскетбол клубы (қазір 6 легионер бар) ВТБ лигасында 39 ойынның 37-сінде жеңілсе, «Барыс» хоккей клубы (9 легионер бар) ҚХЛ-дың тұрақты маусымында соңғы орынға сырғыса, «Астана» футбол командасы (11 легионер бар) Конференция лигасының плей-офф кезеңіне шыға алмады. Бұл клубтарды неге айтамыз? Мемлекет қолдауына ие болған еліміздегі басты командалар.
Туризм және спорт вице-министрінің айтуынша, бұл клубтардың кейбірі мемлекеттік бюджеттен тыс көздерден де қаржы алып отыр. Атап айтсақ, қаражат спорт пен туризмді қолдаудың бірыңғай операторы арқылы бағытталған. Бұл қорға лотерея, букмекерлік кеңсе мен ойын бизнесінен келетін салық түседі. Ал «Самұрық-Қазына» сияқты квазимемлекеттік секторға тыйым салынған жағдайда, бұл көздердің де болашағы бұлыңғыр.
Заң күшіне енсе клубтарда екі-ақ жол бар. Ол – легионерлермен қош айтысу және оларды сақтау үшін қаржы көзін іздеу.
Өзімізге оралайық. Ойыншылардың статистикасын түзіп, олардың әр қадамын жіті бақылап отыратын «teams.by» сайты «Жетісу» клубында (2023 жылға дейін) 30 елдің футболшысы ойнағанын көрсетті. Ең көбі – Ресей (43), Украина (26), Сербия (21), Беларусь (12). Ал Алжир, Албания, Кипр, Палестина, Франция, Чехия, Эстониядан тек 1 ойыншы ғана ойнаған. Ең қызық ақпарат – «Жетісу» жалпы Қазақстан Премьер-лигасында 800 ойын өткізіп, 245 кездесуді жеңіп, 172 матчта тең түсіп, 383 ойында жеңілген (823 гол салып, 1147 доп жіберген). Биылғы маусымда екі ойында екі ұпай алған (І тур, «Қызылжар» – «Жетісу» 1:1; ІІ тур «Жетісу» — «Ұлытау» 0:0) талдықорғандықтардың жалпы құнын әйгілі «transfermarkt» сайты 2,23 миллион еуро деп көрсеткен. Ең қымбат ойыншысы ресейлік қорғаушы Сослан Такулов (300 мың еуро). «Жетісу» футбол клубына да жергілікті биліктің қолдауы бар. Бюджеттен тыс кәсіпкерлердің де демеуін көруге болады. Жергілікті ойыншылар азайып, сырттан келген, әр маусым сайын клуб ауыстыратындарға толған «Жетісудың» да келесі қадамы қызық.
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Соңғы жылдарда елімізде спорт саласын дамытуға баса мән беріліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгін қаралған заң – спорт саласын басқаруды жетілдіру бағытында іске асырылып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Заңда спорт саласына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ережелер қамтылды» деді.
Келесі қадам – спорт түрлерін айқындау. Мәселен, дәл қазір елімізде 184 спорт түрі бюджеттен қаржыландырылады (Ресейде 31, Германияда 15, Өзбекстанда 17 спорт түрін дамытуға көңіл бөлінеді). Бізде тізімдегі спорт түрі көп бола тұра халықаралық жарыстар мен олимпиададағы нәтижеміз төмендеп кетті. Депутаттар осыған дейін де бұл жайтты сынға алған. Енді заң аясында тиімсіз спорт түрлерін қаржыландыру тоқталып, 2027 жылға қарай шамамен 60-70 спорт түрі ғана қалады.
Серік ҚАНТАЙ