V Көшпенділер ойынының бастау алар сәті жақындап келеді. Дайындық қызу. Мемлекет басшысы арнайы жарыс өтетін жерді көріп, ұлттық құрамамыздың жарыстағы киім үлгісін тамашалады. Өз кезегінде абыроймен өткізу – басты мақсат. Ал спортшыларымыз сайыста жұрт күткен нәтижені ұсынып, айтып жүрер жеңістер сыйлайды деген ойдамыз. Осы міндет жолында олардың да қызу дайындық жүргізіп, әр күнді жоспарлы түрде өткізіп жатқандығы белгілі.
І. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КӨРДІ
Көшпенді халықтың негізгі спорттық ойындарынан жинақталып, олардың болмыс-бітім, дәстүрінен хабар беретін жарыстардың елімізде өтуі үлкен абырой. Осыған дейін Қырғызстан (2014, 2016, 2018) мен Түркияда (2022) өткен айтулы сынға жалпы сегіз мыңға жуық спортшы қатысты. Әр жарыс ауқымын кеңейтіп, жаһан жұртының қызуғшылығын арттырды. Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев: «Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер мен мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Алдын-ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға жүз мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақүйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін аббаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр», – деді өз есебінде.
Соңғы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан, көшпенділер ойындарын өткізуге бекітілген нысандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аралады. Алдымен «Астана аренада» болып, ашылу рәсімі өтетін жерді қарап шықты. Отыз мың көрермен еркін сиятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Қазір бұл жерде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтар толықтай жаңартылды. Одан кейін Президент Аккредиттеу орталығы орналасқан «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешешіне барып, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киімін көрді. Халықаралық шарада 1500 ерікті жұмыс істейді. Негізгі жарыстар «Астана аренада», «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасалған.
Астанадағы әр өзгеріс әлемнің көзалдында. Көшпенділер ойынына дайындалып жатқан елдің әр сәтін жіті бақылауда ұстап, әр сәтті жаңалықтардан жиі айтып, жазып жатыр. Әлемдік БАҚ өкілдерінен Көшпенділер ойыны жөнінде жиі байқап, олардың қызығушылығын аңғаруға болады. Мәселен, Үндістанның ANI (Asian News International) ақпарат агенттігі елімізде өтетін шараны «бірегей халықаралық спорттық шара» деп бағалап, кеңінен тоқталған. Материалдан қатысушылардың және алыс-жақыннан келетін туристердің саны әлдеқайда көп болады деп болжаған. Ал жоспар бойынша әлемнің 100-ге жуық елінен қатысушылар және спорттық жарыстар мен мәдени шараларды 100 мыңнан астам турист тамашалайды делінген. Одан бөлек еліміздегі туризмге ерекше тоқталған Түркияның «Anadolu» агенттігінде өткен жылы Қазақстанға 9,2 миллион туристің келгендігі айтылып, визасыз режимнен кейін бұл сан өсетіндігін атап өткен. Бұл тұрғыда «The Times of Central Asia» агенттігі «Қазақстан туризмді дамыту жолында бәрін істеп жатыр» деп өсу жолындағы өзгерістерді айтқан. Елордада өтетін Көшпенділер ойыны елімізге келетін туристер санын арттырып, мәдениетке, салт-дәстүрге деген құрметті еселей түспек.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басқарма мүшесі Осман Басер: «Көшпенділер ойндарында қатысушылар спорт арқылы бір-бірімен танысады. Біздің мақсат – мұраны келесі ұрпаққа сақтау. Бұл тұрғыда Қазақстан өз міндеттемелерін орындайтыны сөзсіз», – деді. Биылғы көшпенділер ойындарына Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан, Гамбия, Бруни, Эфиопия, Перу елінің спортшылары алғаш рет қатысады.
ІІ. ЖАРЫС АЛДЫНДАҒЫ ЖАТТЫҒУ
Сын сәт жақындай түскен сайын ат жетектеп, құс баптап жүргендердің де, кілемде алысып, тақта үстінде ой тартысын ұйымдастырғандардың да демі жиілеп, ел намысын абыроймен қорғауды ойлайды. Президент алдында Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндаған Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев: «Осы уақытқа дейін халықаралық және респбуликалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өтті. Сондай-ақ, спортшылар жеті халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысты», – деді.
– Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында көкпар және көкбөрі ойындары өтеді. Қазір спортшылардың дайындығы жақсы. Басты қарсылас есебінде Қырғызстан мен Өзбекстанды айтар едім. Біз көкпардағы жеңісімізге сенімді болсақ, көкбөріде мүмкіндігіміз тең. Біраз жылдан бері көкбөрі ойнаған жоқпыз. Десе де жеңіс үшін барымызды саламыз,– дейді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев. Көкпаршыларымыз Алматының іргесінде жарыс алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Оларға деген ел сенімі ерекше.
Ал Көшпенділер ойындарына дәстүрлі бәйгеден еліміздің атынан 40 тұлпар қатысады. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде 24 тұлпар таңдалды. Қалған жүйіріктер жарыс көреткіші арқылы жолдамаға ие болды. Айтулы бәсекеде құнан бәйге 11, аламан бәйге 25, топ бәйге 18 шақырымға созылады. Ал жорға жарыс 9 шақырым болады. Әлем көз тіккен байрақты бәсекеде ұшқыр бәйгенің үш, дәстүрлі бәйгенің төрт түрі болады.
Құсбегілік (саятшылық) федерациясының атқарушы директоры Базарбек Күнтуған: «Щучинск қаласында тамызда өткен оқу-жаттығу жинында тоғыз спортшы бүркіт, қаршыға және ителгі құстарымен жаттықты. Ал келесі оқу-жаттығу жиыны 27-ші тамыз бен 7-ші қыркүйек аралығында Астанада өтеді», – деді.
Садақ ату спорт түрі бойынша елімізге 35 мемлекеттен 200-ден аса спортшы келеді. Ойынға халықаралық стандартқа сай екі мыңнан аса оқ дайындалды. Бұл жөнінде дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметов айтты. Одан бөлек бас бапкер «Біздің садақ атушыларға Түркия, Қырғызстан, Моңғолияның мергендері бәсеке тудырары анық. Франция, Италия, Қытай, Тайланд, Ираннан келетін спортшылар да мықты. Жүлдеден үміттіміз», – деді.
Електен өткен ел спортшылары барынша кез келген спорт түрінен жақсы нәтиже көрсетіп, жерімізде өтіп жатқан айтулы сында барын салмақ.
Серік ҚАНТАЙ