Жастар спорт сарайы маңында заманауи үлгідегі шағын футбол алаңы ашылды.
Балаларға арналған алаңды «Halyk Bank» жүз жылдық мерейтойына орай «100 игі іс» акциясы аясында қаржыландырып, спорт сүйер қауымға тарту етті.
Шараға қала әкімі Ернат Бәзіл арнайы қатысып, жомарт азаматтарға алғыс айтты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «100 қайырымдылық іс» бағдарламасы жақсы нәтиже көрсетуде. «Halyk Bank» мерейтойының қарсаңында банк атынан осындай заманауи үлгідегі спорт алаңының балалардың игілігіне берілгеніне қуаныштымыз. Халық банкі басшылығына шын жүректен алғысымды білдіремін. Ал спорт сүйер қауымға тек жетістік тілеймін, – деді қала әкімі.
«Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ольга Владимировна, Жетісу футбол клубының бас бапкері Қайрат Жұмабекұлы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі ниеттерін білдірді. «Горец» ансамблінің бишілері де шараның шырайын келтіріп, өнер көрсетті.
Шара соңында «Жетісу құрылыс-техникалық колледжі» және «Талдықорған сервис және технология» колледжінің футбол командалары арасында жолдастық кездесу өтті. I орынға 200 000 теңге, ал II орынға 100 000 теңге көлемінде сертификат пен кубок табысталып, жас спортшыларға доп сыйға таратылды.
Гүлнұр БАЙМҰХАН,
ЖУ студенті