Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин әлемнің ең төзімді және соққыға шыдамды боксшыларының бірі ретінде танылды. Бұл туралы беделді америкалық BoxingScene басылымы хабарлады.
Рейтингте Головкиннің есімі Мухаммед Али, Флойд Мэйвезер, Хулио Сезар Чавес сынды аңызға айналған спортшылармен қатар аталды. Басылым 50 ең мықты, соққыға төзімді және ешқашан берілмеген боксшының тізімін жариялады. Геннадий Головкин де сол элиталық тізімде.
BoxingScene Головкиннің кәсіби мансабында бірде-бір рет нокдаунға түспегенін, тіпті сирек жағдайда ғана шайқалып қалғанын ерекше атап өтті. Ең есте қалған сәттердің бірі – Дэниел Гилмен жекпе-жекте GGG қарсыласынан тура соққы алған соң бірден өзі оны нокаутқа жіберген эпизод. Бұл көрініс бүгінде бокстың классикасына айналған.
Головкиннің соңғы кәсіби жекпе-жегі 2022 жылдың қыркүйегінде өтті. Ол Сауль «Канело» Альвареспен болған шешуші үшінші кездесуде ұпай санымен жеңіліп қалған болатын. Алайда бұл жеңіліс оның спорттағы беделіне көлеңке түсірмеді – ол орта салмақтағы ең қаһарлы әрі темірдей төзімді боксшы ретінде тарихта қалды.
GGG – өзінің керемет төзімділігімен, қатал стилімен және аса ауыр соққыларымен танымал. Оның кәсіби рекорды: 42 жеңіс (оның ішінде 37 нокаутпен), 2 ғана жеңіліс – бұл оның элиталық деңгейдегі боксшы екенін айқын көрсетеді.
Қазіргі уақытта Геннадий Головкин спорттан қол үзген жоқ. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті және Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) Олимпиада комиссиясының төрағасы қызметін атқарып отыр.