Өмірде де, спортта да жөн сілтер ұстазы, бағыт көрсетер бапкері болып жүрген әкесінің үмітін әлем алдында ақтап, мерейін өсірген қазақстандық спортшының жетістігі ел тарихына енді. Төртжылдықтың басты додасында үздіктер тізіміне енген гимнасттың нәтижесі – айтулы оқиға.
Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасында тұтқалы ат жаттығуында күміс жүлде алды (15, 433 ұпай жинады). Бұл – Қазақстанның гимнастикадан жалпы Олимп ойындарында алған тұңғыш жүлдесі. Ал ирландиялық Рис Маккленаган (15, 533) дәл осы сында жеңімпаз атанды. Қола медальға америкалық Стефан Недорошик (15,300 ұпай) ие болды. Жеңімпаздар тұғырына көтерілген Нариманның мойнына медаль тағылғанда шетте тұрған әкесі әрі жеке бапкері Хусанжан Құрбановтың қос қолын жоғары көтеріп, езуі екі құлағына жеткенше баладай секіріп қуанып, риза болған бейнесі лезде әлеуметтік желіге тарап кетті. Артынша қаумалаған тілшілерге сұхбат берген Нариман: «Спортта үлкен жетістікке жететініме сенбей, әкеме менен ештеңе шықпайтынын жиі айтатындар болды. Биылғы Олимпиаданың медалі таныстырылып, алғаш көпшілікке жария болған сәтте мен суретін сақтап алып, әр жарыс алдында соған қарап жататынмын. Міне, мақсатыма жеттім. Еліміз бұл жүлдені қалай қабылдап, халықтың қалай қуанып жатқанын біліп тұрмын. Мен үшін еліміздің қуанышын көру – үлкен бақыт. Тарихи жүлдені сыйлағаныма қуаныштымын», – деді.
Нариманның бұл күмісі бес күн бойы қоржыны бір алтын, екі қоламен ғана тоқтап тұрған еліміздің мерейін өсіріп тастады. Жалпы жүлдегерлер кестесінде де бірнеше елді «аттап» өтуге мүмкіндік берді. Жүлдеге жол ашқан медаль. Алдағы уақытта қазақ гимнастшылары талай тартыста топ жарып, өз өнерлерін ойдағыдай көрсететіндігіне сенімдіміз. Оған себеп те бар, көрсетер, айтып жүрер үлгіміз де дайын. Париж Олимпиадасындағы гимнасттың алған күмісі көпшіліктің көкірегіне үміт отын жағып кетті.
– Снарядқа келдім де комбинация басталар алдында басқа ештеңе ойламай, тек жаттығуды соңына дейін орындадым. Бәрін қалай сәтті орындап шыққанымды өзім де түсінбей тұрмын. Ұзақ жыл бойы жасап жүрген комбинацияны автоматты түрде орындап шықтым. Осыған дейін бағдарлама соңында жиі құлайтынмын. Бұл менің техникалық немесе тактикалық тұрғыда кемшілігім емес. Психологиялық тұрғыда беріліп қоятынмын. Бүгін бар тәжірибемді жинап, ең маңызды жарыста білгенімді толық орындадым, – дейді жарыстан кейін қуанышы қойнына сыймай, ағынан жарылған Нариман.
Нариман Құрбанов спорттық мансабында айтарлықтай жетістікке жеткен гимнаст. Ол 2022 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында қола, Сингапур (2023 жыл) және Ташкентте (2024 жыл) Азия чемпионатында топ жарса, бүкіләлемдік студенттер ойындарында (Конья, 2021 жыл) күміс алды.
Париж Олимпиадасында Қазақстанда әзірге бір алтын (Елдос Сметов – дзюдо, 60 келі), бір күміс және екі қола медаль (Ғұсман Қырғызбаев – дзюдо, 66 келі; Ислам Сәтпаев пен Александра Ле нысана көздеуден) бар.
Серік ҚАНТАЙ