Демеу Жадыраевқа
Алау болып жалындаса үміттер,
Парижде оны лапылдатты жігіттер.
Ел намысын алдаспандай суарды
Маңдайыңнан сорғалаған күміс тер.
Күмбір-күмбір Луара* боп тасыған,
Бұл Парижде Әміредей – асыл ән.
Күміс күлкің шұғыла боп шашылды,
Эйфельдейін мұнараның басынан.
Көк туымыз желбіресе жат елден,
Біз де аманбыз төтеншеден,қатерден.
Көркем Париж, сені жақсы көреміз
Нар ұлдарды төбесіне көтерген.
Бұлт-бұлт етіп бұла күшің тұлғаңда,
Жауырынын жаттың жерге ұрғанда
Қазақ елі аруақтанды аспандап,
Қуаныштан күміс тістеп тұрғанда.
Уа, ардағым, құтты болсын қадамың,
«Келер жолы» депсің үлкен бағамым!
Білегіңде қалың елдің күші бар,
Жүрегіңде жылылығы даланың.
Барша әлемді назарына қаратқан,
Жауқазынсың сен де көктеп жаңа атқан.
Ата-анаңнан сені тапқан айналдық,
Бапкеріңді бауырыңнан жаратқан.
Сенім күші серпіп тартар садағың,
Шыдамның да шерте білдің шанағын.
Демеу болып қалың елге жүре бер,
Ұландардың өрге сүйреп талабын.
Ерғазы Манапұлы
*Луара – Франциядағы үлкен өзен.