Қазақстанда 1 маусым – Балаларды қорғау күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беру ұсынысы қаралуда. Мәжіліс депутаты Кенжегүл Сейтжанның бастамасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми жауап беріп, бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Министрліктің айтуынша, 1 маусымды мемлекеттік мереке ретінде бекіту ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік береді, сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.
«Аталған мереке ата-аналар мен балаларға бірге уақыт өткізуге, мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл балада отбасының жанында болу арқылы жағымды психоэмоционалдық күй мен қауіпсіздік сезімін қалыптастырады. Осыны және елімізде отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатын ескере отырып, 1 маусымды Балаларды қорғау күні ретінде мемлекеттік мереке етіп бекітуге болады деп санаймыз», – делінген министрліктің ресми жауабында.
Сонымен қатар, депутат Кенжегүл Сейтжан демалыс күндерін ауыстыру кестесін екі жыл бұрын бекітіп отыруды ұсынған. Оның пікірінше, бұл бизнеске ұзақмерзімді жоспар құруға және азаматтарға демалысты алдын ала ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, 2025 жылы 2027 жылдың соңына дейінгі кестені бекітуге болар еді.
Алайда бұл бастама министрлік тарапынан қолдау таппады.
«Демалыс күндерін ауыстыру алдағы күнтізбелік жылға алдын ала жүзеге асырылады. Бұл ретте жұмыс және мереке күндерінің сәйкестігі, сондай-ақ елдегі экономикалық, саяси немесе санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар ескеріледі. Осыған байланысты, демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстырудың қолданыстағы тәртібі ең оңтайлы деп санаймыз», – делінген министр Светлана Жақыпованың қолы қойылған ресми хатта.
Айта кетейік, Қазақстанда 1 маусым Балаларды қорғау күні ретінде кеңінен аталып өтіледі. Алайда әзірге бұл күнге ресми мереке немесе демалыс мәртебесі берілген жоқ. Енді министрліктің оң қорытындысынан кейін бұл бастама үкімет тарапынан қаралып, заңнамалық түрде бекітілуі мүмкін.