Елдар Исаев. «Жетісу» футбол клубының дәрігері.
Біздің анықтама. 1989 жылы 31 тамызда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылындағы орта мектептің түлегі. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тамамдаған. Қызмет жолын 2014 жылдан бастайды, ал «Жетісу» футбол клубында 2017 жылдан бері істейді.
– Елімізде ақсап тұрған саланың бірі – спорттағы медицина. Біз дәрігерлеріміздің білімін қалай арттырамыз, оларға қандай жағдай жасауымыз керек?
– Рас, бүгінгі таңда еліміздегі кенжелеп тұрған саланың бірі – спорт медицинасы. Бірақ даму үстіндегі жаңа бағыттың бірі. Енді қолға алып жатқаннан кейін, біраз уақытты талап етеді. Ал дәрігерлеріміздің біліктілігін арттыру жөніне келсек, жасыратыны жоқ Батыс елдері, Еуропа, Шығыс мемлекеттерінің медицинасы ғарыштық жылдамдықпен дамып кеткен және ол даму процесін тоқтатқан жоқ. Біздің олардан үйренеріміз көп. Бізге барудан гөрі, келіп үйреткендері тиімді сияқты. Мәселен, сіз Еуропадағы танымал топ клубты тану үшін арнайы саяхат жасаған күннің өзінде сізге жаттығу залын, жұмыс барысын, алаңды көрсетуі мүмкін, бірақ сізге ешқашан медициналық кабинетін және қандай дәрі-дәрмек, дәрумендер пайдаланатынын көрсетпейді. Бұл – құпия. Ал біліктілікті арттыруды біз еуропалық мамандардан үйренуіміз қажет. Мықты мамандар елімізге келіп, арнайы семинарлар санын көбейтсе, одан қолжетімді керек-жарақтар тізімін түгендеп отырсақ, дәл қазіргі сәтте соның өзі үлкен жеңіс. Спорт медицинасы тоқтап тұратын емес, күнделікті даму үстіндегі сала болғандықтан мамандар да өз білімін жетілдіріп, тәжірибесін арттырып отырады.– Алғашында «Жетісу» футбол клубының балалар одан кейінгі жасөспірім, жастар қатарында доп тепкен баланың таңдауы қалай медицинаға түсті?
– Шыны керек, өмірімді тек футболмен байланыстырған адаммын. Сенсеңіз 7 жасымнан 16 жасыма дейін доп тептім. Мақсатым – «Жетісу» футбол клубының негізгі құрамына өтіп, кәсіби футболшы болу еді. Алайда мектепті аяқтар тұста футбол мен оқудың біреуін таңдау керек болды және анам білім жолын жалғастыруымды қалады. Солай оқуға түстім, дәрігер атандым. Футболға хобби есебінде қарап, Талдықорғандағы әуесқой лигада ойнап жүргенімде 2017 жылы сол кездегі «Жетісу Б» командасының физикалық жаттығуына жауап беретін бапкер Рустам Усманов командаға дәрігер есебінде шақырды. Аладопқа арбалған адам үшін алаңның жанында жүрудің өзі ерекше ләззат сыйлайды. «Жетісу» футбол клубында ойнауды қалаған бала арман орындалды, тек дәрігер есебінде. Міне, бесінші жылдан асып барады негізгі команданың мүшесімін. Футбол арқылы дос таптым, жұмысым да соған байланысты болды.– Спорттағы медицинаның рөлі жоғары. Ойын барысында қандай тәуекелге жиі барасыздар және сіз барған тәуекел, ол қандай нәтиже берді?
– Жалпы көпшілігі футбол командасындағы дәрігердің қызметі ойын барысында жарақат алған спортшыны қарап, дәрі-дәрмегін беріп кететін адам есебінде көреді. Бұл дәрігердің командадағы тек 10 пайыз жұмысы ғана. Кәсіби клубта жұмыс істейтін дәрігер отадан басқасының бәрін жасайды. Сен терапевтсің, сен невропотологсың, сен ревматологсың, сен травматологсың, сен тіпті педиатрсың. Одан бөлек әр ойыншыға қанша мөлшерде қандай дәрумен берілетініне, олардың ас мәзіріне бәріне жауап бересің. Футбол қақтығыс жиі орын алатын, жарақаты да көп спорт түрі. Өзім ойыншының жағдайына қарай бапкерге ұсыныс айтамын. Ойын барысында жарақат алып қалса оның ары қарай жалғастыру не жалғастырмауын ескертемін.– Сіз көрген ауыр жарақат. Ол қалай емделді?
– Спортта жеңіл жарақат болмайды. Футболшылар үшін ауыры – алдыңғы буын сіңірінің үзілуі. Ота жасалады, қалыпқа келу мерзімі де ұзақ жүреді. Кемі алты ай. Одан кейін барып топпен жаттыға бастайды. Жарақатқа дұрыс ота жасалса тез бітеді және жазылғаннан кейін де мазаламайды. Ал дұрыс жасалмаған оталар үшін көптеген ойыншы мансабын аяқтап кетті.– Көптеген ойыншымен жұмыс істедіңіз. Қай ойыншының денсаулығы сізді таңғалдырды? Қай спортшымен, бапкермен жұмыс істеген ұнады, несімен?
– Ойыншылардың ешқайсысын бөліп-жарып қарай алмаймын. Олар бірінші кезекте кәсіби ойыншы және дәрігердің сөзін тыңдайды, сол бойынша жұмыс істейді. Өздеріне қарайды, денсаулықтарын күтеді. Бойдағы артық 1-2 келі салмақтың өзі жарақат әкелуі мүмкін. Ал бапкерлерге келетін болсақ, қызметін енді бастағанымен және тәжірибесі толысқан мамандармен де жұмыс істедім. Әрқайсысынан үйренгенім бар. Сондықтан да бөліп-жару қиын.– Осыдан бес жыл бұрын «Тобылдың» дәрігері командадағы ойыншылардың матч алдында тамақтан уланып қалғанына байланысты қызметінен кеткен болатын. Сіздер тамақты қалай қадағалайсыздар, ойыншылардың денсаулығын қаншалықты бақылауда ұстайсыздар?
– Иә, бірінші кезекте дәрігер жауапты. Түздегі ойындарда қонақ- үйлерге алдын-ала тізім жібереміз және алдымен өзіміз көреміз. Егер ас мәзірінде қандайда бір өзгеріс болса, бірінші кезекте дәрігерге ескертеді. Ал столда тұрған тамақтың тапсырыс бойынша орындалғанын және ондағы әр граммға дейін есептеп барып қана ойыншылардың тамақтануына рұқсат береміз.– Футбол клубының дәрігері алдымен нені ескеруі керек, оқырмандарымыз білсін, болашақта осы мамандықты таңдайтындар еске сақтасын. – Көбісі еркін жұмыс графигі, уақыт көп деп ойлауы мүмкін. Керісінше, бәріне дайын болу керексің. Таңертең келіп, кешке қайтып кететін емес, күндіз де, түнде де байланыстасың. Отбасыңмен серуендеуге уақыт таппай қаласың. Түнгі үште ойыншы хабарласуы мүмкін, оны базаға апарып тексеріп, жарақатына байланысты әрекет жасаймыз. Әуелі адалдық, одан кейін барлық іске дайын болу.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Серік ҚАНТАЙ