Өз ғұмырында екі рет Ұйғыр аудандық комитетінің бірінші хатшысы болған Кинтал Исламовты еске алу мақсатында шағын футболдан өткізілетін турнир биыл да жалғасын тапты. Осымен төртінші мәрте өтіп отырған жарыс биыл Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Турнирге Алматы қаласынан, Алматы және Жетісу облысынан барлығы 8 команда қатысты.
Биылғы турнирға Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов арнайы келіп қатысты. Бұл жылғы турнирдің ерекшелігі де осы болды. Шараның ашылуында сөз алғандар Кинтал Бақиұлы туралы жүрекжарды сөздерін айтып, оның азаматтығы мен адамгершілігін, еңбекқорлығы мен табандылығын әңгіме етті. Кинтал Исламовтың аудан тізгінін алған жылдардағы жетістіктер тікелей Исламов атымен байланысты екенін де айтып өтті. Мінбеде сөз алған аудан әкімінің аппарат басшысы Ержан Айдархановта, ҚР гимнастика федерациясының вице-президенті Махмут Ескендіровте Кинтал Исламовтың өмірінің бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін жеткізді. Ержан Мұратұлы Қарадаладан шыққан ел азаматтарын жіпке тізді. Олардың еңбектерінің ерен екенін айтты.
Сондай-ақ шараға Ұлы Отан соғысының ардагері Алим Кебиров, социалистік еңбек ері Рахилям Сейитова, жеңіл атлетикадан Қазақ КСР-нің және Орталық Азияның чемпионы Армия Ушуровта болды. Мұнан кейін Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбановқа көлік мінгізді. Аудандық Ұйғыр этномәдениет орталығының төрағасы Арлен Османов та аудан тұрғындарының лебізін жеткізіп, Нариманның әкесі әрі жаттықтырушысы Хасанжан Курбановқа тұлпар мінгізіп, иығына шапан жапты. Бұдан кейін де сөз алған атқамінер азаматтар ел намысын Париж төрінде қорғап, Қазақстанның көк туын көкте желбіреткен ұлға алғыстарын да арқалатты, сыйлықтарын да табыс етіп жатты. 5 жасында спорт залға барып, әкесінің баласына деген зор сенімі мен бойына дарытқан рухы арқасында осындай үлкен жетістікке жеткен Нариман Курбанов аудан тұрғындарына рахметін айтты. Елімізде спорттың дамуына әр азамат өзінше үлес қосып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге атсалысуға шақырды.
Бір күнге созылған турнир нәтижесі бойынша бірінші орынға Еңбекшіқазақ ауданынан келген «Байсейіт» командасы, екінші орынды Ұйғыр ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы иеленді. Ал үшінші орынға «Жаркент» командасы табан тіреді. Жүлдеге жеткен командарлар мақтау қағаздарымен және сыйлықпен марапатталды.
«Жетісу-Ақпарат»