Франция астанасы Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының нәтижесі тарих қойнауына кірді. Енді еске алып, нәтижелерді келесі Олимпиадаға дейін таразылап, кеткен қате, ұтқан тұсқа назар аудармақпыз. Токиодағы сәтсіздікпен салыстырғанда (2021 жылы тек 8 қола медаль алдық) Париж төрінде алған 7 жүлденің сапасы және сан жағы аз да болса мерейімізді өсірді (Парижде 1 алтын, 3 күміс,3 қола медаль алдық). Тұғыр төрінен көрінгендерді ел ыстық ықылас, зор қошеметпен қарсы алды. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ та медаль алғандарды Ақордаға арнайы шақырып, құрмет көрсету шарасын жоспарлаған.
СЫН КӨП АЙТЫЛДЫ
4 жыл сайын алтынды да, күмісті де, қоланы да алып келген боксшыларымыз кейінгі екі Олимпиада ойындарында төмен нәтиже көрсетті. Бұл тұрғыда жанкүйерлер ұлттық құрамаға боксшыларды іріктеу жүйесін де және жекпе-жекті бағалайтын төрешілердің бұра тартуын да көп сынға алып жатыр. Алдыңғы Олимпиадамен салыстырғанда жағдай жақсарғанымен жанкүйер қауымның көрсеткішке көңілі толмайтындығы байқалды. Күткені көп еді. Медальдар кестесінде 8 алтын алып (оның бесеуін бокстан алған) Өзбекстан құрамасымен нәтижені салыстыра келіп, спорттың даму деңгейін де өлшеп жатқандар жоқ емес.
Екінші Олимпиададан алтынсыз қайтып отырған боксшыларымыздың нәтижесіне бағытталған сынның да көп екендігі анық байқалды. Бокстан ерлер құрамасы тұңғыш рет барлық жеті салмаққа боксшы апарды дегеннің өзінде, оның алтауы жартылай финалға жетпей жеңілгені талқыны күшейте түсті. Алтынсыз қайтпаған боксшыларымыздың екінші рет төртжылдықтың басты додасынан бірінші сатыны беріп қоюы жанкүйердің де, бапкерлердің де көңілін жабырқатты. Финалда украиналық Александр Хижняктан жеңілген 24 жастағы Нұрбек Оралбайдың күмісі ерлерден жасақталған бокс құрамасының жалғыз жүлдесі. Париж Олимпиадасында қыз-қыз қайнап жатқан жарыстардың ортасында ақпарат таратқан «Азаттық» радиосының қазақтілді бөлімінің редакторы Руслан Меделбек «Медаль алған Нұрбек Оралбай тұғырдан түсе сала медалін шешіп, журналистерге сұхбат беруге ықылас танытпады, баспасөз мәслихатына да қатыспады. Ал қола жүлде иеленген Назым Қызайбай «алтын алуға келген едім» деп жылап жіберді», – дейді сол жердегі оқиғаны баяндап.
Махмұд Сабырхан (57 келі) Хосе Бротонстан (Испания), капитан Асланбек Шымбергенов (71 келі) Зейяд Ишаиштан (Иордания), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) Айюб Гадфадан алғашқы айналымда жеңілсе, екінші айналымда Сәкен Бибосынов (51 келі) өзбек Хасанбой Дусматовтан (екінші рет Олимпиада чемпионы болды). Рио Олимпиадасында 49 келіде, осы жолы 51 келіде ұтылса, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) ширек финалда грузин Лаша Гурулиден, Айбек Оралбай (92 келі) ширек финалда әзірбайжан Лорен Альфонсоға есе жіберді. Финалға дейін жеткен Нұрбек Оралбай бокстан ерлер арасында жалғыз жүлдеге ие болды. Токио Олимпиадасынан екі қоламен қайтқан (Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев) боксшыларымыз үшін осы жолы жалғыз күміс жыртыққа жамау болғандай.
– Парижде бокстан алтын медальсіз қалуымыз кездейсоқ деп ойламаймын. 2018 жылы Жакартадағы Азия ойындарында, 2020 жылы Токио олимпиадасында, 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында бокстан алтын медаль болмады. Төрт ірі жарыста алтын жүлдесіз қалуымыз кешенді мәселе барын көрсетеді. Бәлкім, бапкерлер құрамын өзгерту керек шығар, – дейді спорт журналисі Бек Төлеу.
Қазақстан бокс федерациясы инстаграмдағы ресми парақшасында бас бапкер Мырзағали Айтжанов бастаған жаттықтырушылар құрамындағы 11 адамның есімін көрсетіп, қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын. Алайда, аз уақыт ішінде ақпаратты өшіріп тастады. Жарияланып, артынша лезде өшірілген ақпараттың скриншоты әлеуметтік желілерді аралап кетті. Бірақ, жанкүйерлер дәл осындай нәтижеден кейін үлкен өзгерістің болатындығына сенеді.
– Түсінемін, біздің жекпе-жектерге жанкүйерлердің көңілі толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз. Жігіттердің барлығы ұтыламыз деп келмеді, барын салды. Дайындық жақсы болды. Бірақ, бір сәттілік жетпеді. Бұл тұрғыда біреу көмектеспеді, болмаса жақтаспады демейміз, барлық нәтижені өзімізден көреміз. Бұйырмады, – деді өз сөзінде Мырзағали Айтжанов.
Тағы еске сала кетейік, дзюдодан 60 келіде Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Күмісті спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов (тұғырлы ат жаттығуы) мен грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі), боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) иеленді. Қола медальді нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сәтпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), бокстан Назым Қызайбай (51 келі) алды. Қазақстан жалпы медальдар кестесінде Израиль (1 алтын, 5 күміс, 1 қола) мен Польшадан (1 алтын, 4 күміс, 5 қола) кейін 43-орын алды. Кесте басында АҚШ (40 алтын, 44 күміс, 42 қола – 126 медаль) пен Қытай (40 алтын, 27 күміс, 24 қола – 91 медаль) құрамасы тұр. Жабылу салтанатында Қазақстанның туын Батырхан Төлеуғали мен Эльжана Таниева алып жүрді.
ЖҮЛДЕГЕ БІР ҚАДАМ ҚАЛДЫ
Олимпиада жүлдесін алу – кез келген спортшының негізгі мақсаты. Сол мақсат жолында барын беріп, жанын салып, күш-жігері сарқылғанша сарп етеді. Олимпиада медаліне сынық сүйем қалғанда сүрініп, жүлдеден қағылған спортшыларымыз да осы жолы көп емес. Үздік бестіктің тізіміне кіріп, өзін көрсете білген құрамадағы атлеттерімізге тоқталсақ.
Дзюдодан 48 келіде татамиге шыққан Әбиба Әбужақынова жұбаныш белдесуде парагвайлық Габриэла Нараваэсті иппонмен жеңіп, қола медаль үшін болған кездесуде 18 жастағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2024) швед Тара Бабулфаттан ұтылды. Кездесуден кейін Әбиба: «Аяғымның ауырғанына қарамастан күресіп, бәріне шыдайтын едім. Алайда қарсыласымның жағымсыз күресі қитыққа да тиді, әдіс-айла жасауға да кедергі болды», – деген еді. Бұл тұрғыда дзюдо жанкүйері Анық Көкенайұлы: «Әбиба Олимпиада алдында қатысқан жарыстардан тұрақты медаль алды. Биылғы статистикасы ерекше, 5 ай ішінде 7 жарысқа қатысып, алтауында жүлде олжалады. Негізі ол жақсы емес. 5 айда 7 жарысқа қатысу деген сұмдық. Ғылыми тұрғыда алып қарасақ қате. Спорттық ғылымы бар елде 2 жыл ішінде дзюдошы 7 жарысқа қатысады. Сонда да Әбиба зорығып қалмай, мойымай Олимпиадаға да қатысты», – деген пікір айтты.
Құзға өрмелеу бойынша Қазақстан құрамасынан Олимпиада ойындарына қатысқан жалғыз спортшы Әмір Маймұратов іріктеуде 4,89 нәтиже көрсетіп, Олимп ойындарының рекордын жаңартты. Алайда бұл ұзаққа созылмады. Индонезиялық Веддрик Леонардо 4,79 секундта межені бағындырып, рекордты қайта жаңартты. Құзға өрмелеуден 14 финалда ирандық спортшы Реза Алипурмен (іріктеуде 5.26 уақытта көрсеткен) екеуара сайысқа түсіп, Әмір 6,14 уақытты көрсетті. Қарсыласы болса 5.57 нәтижесімен оңай асып кетті. Негізгі кезеңге өтіп тұрып өз шамасын артық бағалап қойған Әмір жарысты 5-орынмен аяқтады. Егер о бастағы қарқынын жоғалтпай, соңына дейін бір деммен жүлде үшін күрескенде Әмір де Олимпиаданың медалін алар еді.
Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының мүшесі Милад Карими еркін жаттығу бойынша финалдық сынға өтіп, медаль алуға мүмкіндігі бар спортшылардың санатына қосылған. Алайда еркін жаттығу бойынша филиппин Карлос Бло (15.000 ұпай) чемпион болып, израильдік Артем Долгопят (14.966 ұпай) күмісті, қоланы ұлыбританиялық Джэк Джармэйн (14.933 ұпай) алған болатын. Милад болса 14.500 ұпаймен жарысты аяқтап, медальға қол созым ғана қалды.
Жүлдегерлер қатарынан көрінуі мүмкін спортшылардың ішінде бестікті түйіндеген боксшыларымыз Сәкен Бибосынов (51 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Айбек Оралбайды (92 келі) қоссақ болады.
СЕРПІН КЕРЕК
Токио Олимпиадасымен салыстырмалы түрде жақсы нәтиже болғанымен оның алдындағы алты Олимпиададағы көрсеткішпен мүлде салыстыруға келмейді. Токиодан кейін көп істен қорытынды шығармағанымыз Парижде көрінді.
Париж Олимпиадасынан – хабар таратқан спорт журналисі Ерік Ілиясов нәтиже жұрт ойлағандай болмаса да спорттық гимнастика мен нысана көздеуден медаль болғанына баса назар аударды.
– Орталық Азия елдерінің бәрі жекпе-жек, күш салатын бокс, күрес түрлері, таэквондо, ауыр атлетика, дзюдодан жүлде алып жатыр. Бұл да жақсы. Бірақ Қазақстан спорттық гимнастикадан күміс, нысана көздеуден қола алғанын жетістік деп айтар едім. Жүлде алған спорт түрлерінде алуандылық бар, – дейді ол.
Қазақстан спорт тарихында қыздар күресі мен ауыр атлетикадан Олимпиадаға спортшы қатыспады. Ауыр атлетикадағы кейінгі жағдайлар көп әсер етіп кетті дегеннің өзінде, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан жас буынның Олимпиадаға қатысу межесін орындай алмауы ойландырады. Әлем чемпионаттарында жап-жақсы күресіп, ел алдында абыройға кенеліп жүрген қыздарымыз да Олимпиаданың іріктеу турнирлерінде сүрінді.
Қазақстаннан Париж Олимпиадасына 78 спортшы (теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева «денсаулығына байланысты» олимпиадаға қатыспады) барып, дзюдо, грек-рим күресі, спорттық гимнастика, нысана көздеу, бокстан жүлде алды. Олимпиада алдында спорт журналисі Шалқар Естен «спортшылардың дайындығына, спортқа бюджеттен ақша бөлініп жатқандықтан халықтың жүлде талап етуге хақысы бар» деген еді. Кей азаматтар бөлінген бюджетке қайта аудит жасалып, есебі сұралу керектігін де айтты.
Қазақстан 2023 жылы спортқа бюджеттен 300 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. 2021 жылдан бері елде Атырау облысы және Алматы қаласы спорт басқармасының шенеуніктері «ақша жымқырды» деген күдікке ілінді. Бұған қоса, биыл ақпанда спорт комитетін басқарған Самат Ерғалиев «спортқа бөлінген 218 миллион теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталды. Бұл іс бойынша тергеу әлі жүріп жатыр. Есепсіз қаржылардың сұрауы болу керек.
Жетісу облысындағы спортты дамыту үшін 2024 жылға 20,5 миллиард теңге бөлінген. Қарап тұрсаңыз, келешекте Олимпиадаға қатысатын ұлттық құраманың негізгі бөлігі Жетісу облысынан аттануы керек. Оған спорт кешендері де дайын. Осыған дейін Олимпиадалық стандартқа сай жүзу бассейні бой көтерсе, енді волейболдан еліміздегі тұңғыш база қолданысқа берілмек. Спорттық нысандары жеткілікті облыстан келесі Олимпиада ойындарына бесеу емес, оннан артық спортшы барып, жүлдемен оралуға тиісті. Ол үшін бүгіннен іске кірісіп, қолда бар мүмкіндікті толық пайдалану керек.
Серік ҚАНТАЙ