«Жетісу» футбол клубы Талдықорғандағы орталық алаңда ел чемпионатының 22-тур аясында «Елімай» (Семей) командасымен ойнап, жеңіске жетті. Бұл талдықорғандықтардың чемпионаттағы он екі ойыннан кейінгі (лига кубогындағы ойынмен он үш) жеңісі. Осы аралықта Пермьер-лигада 7 ойын тең ойнап, 5 кездесуде жеңілген болатын. Чемпионаттың екінші бөлігі басталғалы «Жетісу» турнирлік кестеде құлдилап, маусым басын сәтті бастаған ұжымның биылғы чемпионат түгесілер тұста «тәлтіректеуін» жанкүйерлер де түсінбеген. Жеңісті ойынды ұмытып, голсыз матчтар да көбейген еді. «Елімаймен» болған ойындағы жеңіс – үмітті қайта жағып , үздік ондықтың тізіміндегі орнын нықтай түсті.
«ЖЕТІСУДЫҢ» ЖЕТІСТІГІ
Жалпы турнирлік кестеде 9-шы орында келе жатқан «Жетісудың» биылғы жетістігі қандай? (20 ойын, 5 жеңіс, 8 тең, 7 жеңіліс, 16 гол салып, 23 гол жіберіп 23 ұпай жинады). Төрт командадан жоғары тұрған («Қызыл-Жар» (Петропавл) – 19 ұпай, «Тұран» (Түркістан) – 19 ұпай, «Жеңіс» (Астана) – 14 ұпай, «Шахтер» (Қарағанды) – 9 ұпай) ұжымның да өз жетістігі бар. Иә, ол Премьер-лигадан шығып қалу қорқынышы жоқ, өз орнын сақтап қойды. Команданың вице-капитаны, қорғаушы Асхат Балтабековтің, бүгінде «Қайсарда» (Қызылорда) ойнап жүрген жетісулық Айбар Жақсылықовтың Ұлттық құраманың кейінгі ойындарына тұрақты шақырту алуын негізгі жетістікке баласақ болады. УЕФА Ұлттар лигасы бастау алғанда (2018 жыл) «Д» лигасында ойнаған Қазақстан құрамасы одан кейін екі маусымды «С» лигасында өткізіп, былтыр «В» лигасына жолдама алған. Жыл сайын көрсеткішін жоғарылатып келе жатқан ойыншыларымызды осы жолы Еуропаның таңдаулы құрамалары күтіп тұр. Қазақстан құрамасы Алматыдағы Орталық алаңда Норвегиямен тең ойнап (0:0), сырт алаңда Словениядан 0:3 жеңілген еді. Енді Австриямен (10 қазан) Словенияға (13 қазан) қарсы ойындар күтіп тұр. Асхат та, «Жетісудың» түлегі Айбар да тізімде бар.
Қазақстан құрамасының қатарына шақырту алған 30 жастағы қорғаушы Асхат Балтабеков «КАМАЗ» командасының (Ресейдің Бірінші лигасында ойнайды) 25 жастағы ойыншысы ақтаулық Талғат Кусяповтың жарақатына байланысты қатарға қосылған еді, тұрақты тізімге ілініп келеді. «Жетісу» футбол клубының әр жастағы сатысынан өткен сол қапталдағы қорғаушы биылғы маусымда Премьер-лиганың 20 ойынына қатысып, 2 гол салып, 3 пас берді. Әйгілі transfermarkt сайты Асхаттың футбол әлеміндегі бағасын 225 мың еуро деп көрсеткен (бұл карьерасындағы жоғары баға). Жыл сайын жалынды ойынымен көзге түсіп жүрген ойыншының Ұлттық құрамаға шақырту алуы заңдылық. Баспасөз мәслихатында құрама бапкері Станислав Саламұлы да Асхатты «жаңа есім, жақсы ойын көрсетуі тиіс. Ұлттық құрамаға тегін адам шақырылмайды» деген пікір білдірген еді.
Турнирлік кестені сырттан бақылап, ойын барысын көрмегендер болса «Жетісудың» басты жетістігі осы ма?» деп мысқылға салып, келеке етуі де мүмкін. Алайда, әр ойын сайын барын беріп, жанын салып ойнап жатқан команданы көргенде жеңілісіне қарамай жақсы көресің. Өйткені, команда бапкері Қайрат Нұрдәулетов басқа клубтардың бапкерімен салыстырғанда алаңға негізгі құрамда жеті қазақ баласын ойланбай шығарып, жергілікті ойыншыларға да көңіл бөледі. Мәселен, кейінгі өткен «Елімаймен» ойында (екі-ақ қазақстандық ойыншы болды Аслан Дарабаевпен Дмитрий Шомко) «Жетісу» сапында негізгі құрамда Серікжан Мұжықов, Рауан Орынбасар, Асхат Балтабеков («Жетісудың» өз шәкірттері), Мейрамбек Қалмырза, Абылайхан Жұмабек, Дінмұхамед Қараман, Егор Ткаченко шықты. Әр ойыншыға мүмкіндік бере білетін және сол бір сәтте өзін көрсетіп, барын салған ойыншыға жол ашып беретін Қайрат Нұрдәулетов «Жетісудың» биылғы басты жетістігі. Мүмкіндік болғанда келер маусымға да алдын ала келісім-шарт жасасып, жастардың жолын ашу жолындағы еңбегіне сүйсініп қана қарап отыра бергің келеді.
КЕЗДЕЙСОҚ ЕМЕС
Премьер-лиганың 22-тур аясында «Жетісу» «Елімайды» жеңіп, жанкүйерлерді қуантты. Ойынның 21-минутында талдықорғандықтардың ұйымдастырған шабуылдарының бірінде айып алаңының ішінде Данил Пенчиковтың қолына тиіп, төреші пенальтиді нұсқаған. Капитан Серікжан Мұжықов мүлт кеткен жоқ. Ойын барысы екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіп отырды. Кездесудің 84- минутында грузин Темур Чогадзенің тепкен добына «Елімай» қақпашысы Максим Коваль (Украина) еш кедергі жасай алмады. Семейліктердің есеп ашатын мүмкіндігі болды. Матчтың 60 минутында «Жетісу» ойыншысы Мейрамбек Қалмырза Никита Корзунға (Беларусь) қарсы ойын ережесін бұзып, төреші Григорий Московченко (Павлодар) пенальти белгілеген. Алайда «Елімай» ойыншысы Шина (Бразилия) тепкен доп, қақпа бағанынан қайтты, қақпашы Арсен Сиукаев та бағытын дәл тапты. «Жетісудың» сол ойындағы қаһарманы қақпашы Арсен Сиукаев Аслан Дарабаевтың жойқын соққысын, Давид Майкомның басымен бағыттаған тоғыздыққа бара жатқан добын қайтарды. Алаң жиегінен қарап отырған бізге гол болатын барлық сәтті өз пайдасына шешкен қақпашының жанкештілігіне сүйсіндік. Ойын аяқталғанда Арсен «Ең қиын ойында жеңіске жету – ерекше сезім сыйлайды. Барша қолдап келген жанкүйерлерге алғысым шексіз. Ал Премьер-лиганың биылғы соңғы ойындарына барымызды саламыз, жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз», – деді. Арсен «Жетісу» сапында Премьер-лиганың бесінші ойынында «үздік ойыншы» деп танылып, қызыл статуэтканы алды. Қызығы, биылғы ел чемпионатында «Елімаймен» болған екі ойында да «үздік ойыншы» болып отыр. Маусым айының аяғында Семейде өткен ойында екі команда 1:1 есебімен тең түскен. «Жетісу» сапынан сол кезде бұрыштамадан бірден гол салған Асхат Балтабеков пен Иван Свиридов көзге түскен. Одан кейін екі команда Алматыда жолдастық кезедсу өткізіп, ол ойында тең аяқталды. Биылғы маусымда чемпиондыққа үмітті «Елімай» «Жетісуды» жеңе алған жоқ. Матчтан кейін команда бапкері Қайрат Нұрдәулетов «Бүгінгі ойын барша жанүкерге ұнады деп ойлаймын. Біздің ойынға деген тактикамыз ойыншылардың, қарсыластарымыздың деңгейіне орай құрылды. Қорғаныста сауатты ойнап, қарсы шабуылда нәтиже шығару болды. Бүгінгі жеңісімізді Талдықорғанның қала статусын алғанына 80 жыл толуына арнаймыз», – деді. Енді «Жетісу» Премьер-лиганың биылғы соңғы ойындарын «Жеңіске» (Астана), «Қайратқа» (Алматы), «Атырауға», «Астанаға» қарсы өткізеді.