«Жетісу» футбол клубы биылғы ел чемпионатын ерекше құлшыныспен бастады. Әзірге 10 турдан кейін (9 кездесу) 4 жеңіс, 2 тең ойын, 3 жеңіліспен (8 гол салып, 9 гол жіберді) жалпы 14 ұпай жинап, 5-орында тұр. Шымкентте «Ордабасымен» болған кейінгі ойында 1:3 есебімен жеңілді. Талдықорғандықтар сапынан жалғыз голды салған – Данияр Үсенов. Бұл Үсеновтың биылғы чемпионаттағы екінші голы.
«Қайрат Нұрдәулетов тізгінді ұстағалы чемпионаттағылар қаймығатын болды. Әр команда санасады. Кез келген командамен соңына дейін тайталасады. Барлық ойынын алып қараңыз». Бұл пікірді «Ақтөбенің» ойыншысы Рамазан Оразов Талдықорғанда болған ойыннан кейін айтып еді (6 тур — «Жетісу» — «Ақтөбе» — 2:1). Рас, былтыр премьер-лигадан шеттеп қалайын деп тұрған «Мақатааралды» маусымның соңына қарай жаттықтырып, кестенің ортасына дейін көтерді. Ал биылғы чемпионатта ерекше құрам, өзгеше тактикамен көп көзіне түсіп жүр. Белгілі спорт журналисі Бек Төлеу өзінің «BEK Sports» телеграм парақшасында «Жетісу» мен «Қызыл-Жар» (9 тур) арасындағы кездесудің алдында «Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды деген рас екен. Қайрат Нұрдәулетов «Жетісу» сапында өзіміздің жігіттерді көптеп ойнатып жатыр» деген пікірді жазды. Рас, «Жетісу» сапында әр ойын сайын негізгі құрамда кемі 6 қазақ ойыншысы шығады. Жергілікті жетісулықтарға да мүмкіндік мол. Капитан Серікжан Мұжықов және оның інілері Асхат Балтабеков, Рауан Орынбасар, Равиль Атыханов жиі алаңға шығып жүр. Олардан бөлек Мейрамбек Қалмырза, Дамир Үсенов, Нұрлан Дайыров, Ескендір Қыбырай, Дінмұхамед Қараман, Әділхан Добай және Абылайхан Жұмабек те «Жетісу» үшін барын салып келеді. Жетісулықтар сағына сарыла күтіп жүрген ойыншының бірі болса, ол – Нұрбол Нұрберген. Талдықорғандық бүгінде жарақатынан жазылып, жеке жаттығуды бастап кетті. «Алаңға оралатын күнді асыға күтіп жүрмін. Команданың ішіндегі атмосфера керемет. Бапкердің де көргені мол, ізденісі керемет және оны үйретуге асығатындығы ұнайды»,- дейді Нұрбол.
«Жетісу» маусым басталғалы 8 гол салды. Серікжан Мұжықов пен Дамир Үсенов екі голдан салса, Асхат Балтабеков, Антон Шрамченко, Әділхан Добай, Максим Чиканчи де өз есептеріне бір голдан жазды. Ал өз қақпасына гол өткізу бойынша «Атырау» (5 гол), «Ақтөбе» мен «Ордабасы» (6 гол), «Астанадан» (7 гол) кейінгі орында тұр («Жетісу», «Елім-ай», «Қайрат», «Тобыл», «Қызыл-Жар» 9 голдан жіберген). Тәртіп бұзу тұрғысынан да «Жетісу» алдыңғы қатарда. Осыған дейін өткізген 9 ойында 22 ескерту қағазын алып, 2 ойыншы бір кездесуде алаңнан қуылды (9 тур – «Жетісу» — «Қызыл-Жар» — 0:0 / Виктор Брага мен Цотне Мосиашвили қызыл қағаз алды). Бес ойында «Жетісу» ойыншылары матчтың үздігі болды. Серікжан Мұжықов (3-тур – «Атырау» — «Жетісу» — 0:1 / 5-тур – «Жетісу» — «Шахтер» — 1:0) пен қақпашы Арсен Сикуаев (4-тур – «Қайрат» — «Жетісу» — 0:0 / 9-тур «Жетісу» — «Қызыл-Жар» — 0:0) екі рет кездесуден кейін үздік деп танылса Асхат Балтабеков (6 тур – «Жетісу» — «Ақтөбе» -2:1) пен Дамир Үсенов (8 тур – «Тұран» — «Жетісу» — 2:3) те өз қанжығаларын майлады. Жеке шеберліктері де толысып, командаға болысып жүргендер ұлттық құрамадан да шақырту алды. Мәселен, маусымда Қазақстан ұлттық құрамасы Армения және Әзербайжан құрамаларымен жолдастық кездесу өткізеді, соған «Жетісу» ойыншысы Әділхан Добай шақырылды. Өкінішке қарай, 22 жастағы қорғаушы «Ордабасымен» болған ойында алған жарақатына байланысты ұлттық құрамадағы дебюттік кездесуін өткізе алмайды. Одан бөлек Қазақстан жастар құрамасына қақпашы Санжар Ернияз бен қорғаушы Мейрамбек Қалмырза қосылды. Осыған дейін «Жетісу» сапынан бір-екі ойыншы ғана шақыртылып келген, былтыр мүлдем тыс қалған еді. Биыл қайта түлеп жатыр.
«Жетісу» келесі ойынын 15 маусымда Талдықорғандағы Орталық алаңда «Жеңіске» (Астана) қарсы өткізеді. Жанкүйерлердің де күтері көп. «Былтырғымен салыстырғанда құрам мықты. Әр ойыннан тек жеңіс күтеміз. Оған біздің команданың шамасы келеді» дейді жанкүйер Алмас Мырзахметов.
Серік ҚАНТАЙ