Грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраев (77 келі) финалдық кездесуде Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2023, Белград), Азия чемпионы (2024, Бішкек) жапон Нао Кусакадан жеңілді. Лайықты күресті. 2021 жылы Токио олимпиадасында алғашқы айналымда жапон Сехэй Яюикудан жеңіліп, 9-орынмен аяқтаған Демеу араға төрт жыл салып 35 жасында Олимпиаданың финалына шықты.
Жадыраев алғашқы кездесуінде колумбиялық Алексис Муностанды таза ұтып, ширек финалда Олимпиаданың күміс жүлдегері (2020), екі дүркін әлем чемпионы (2022, 2023) қырғыз Ақжол Махмұдовты 3:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда әзербайжан Санан Сүлеймановтан айласын асырды.
Қазақ баласы грек-рим күресінен 16 жылдан кейін жүлде алып отыр (Нұрбақыт Теңізбаев 2008 жылы Бейжіңде медаль алды). Ал қазақ баласы финалға 36 жылдан кейін шықты. Дәулет Тұрлықанов 1988 жылы Сеул олимпиадасында 74 келіде финалға шығып, Ким Ен Намнан (Оңтүстік Корея) жеңілген болатын.
Егемендік алғаннан кейін грек-рим күресінен финалға шыққан Юрий Мельниченко (Атланта 1996 — 57 келі, алтын), Георгий Цурцумия (Афины 2004 — 120 келі, күміс), Таймұраз Тигиевтен (Бейжің 2008 – 97 келі; 2016 жылы допингке байланысты медалін алды) кейінгі балуан, тұңғыш қазақ!